• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Ақпан, 2021

Тайсон мен Холифилд үшінші рет жұдырықтасуы мүмкін

73 рет
көрсетілді

Аттары аңызға айналған кезіндегі кәсіпқой бокстың хас шеберлері – Майк Тайсон мен Эвандер Холифилд биылғы жылдың жаз немесе күз айларында қайта жұдырықтасуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айтулы қос азаматының екеуі де спорттық мансаптарын әлдеқашан аяқтаған. Соған қарамастан жанкүйерлер қос саңлақтың жекпе-жегін тағатсыздана күтуде. Әрине, оған таңдануға болмайды. Себебі, олар өз дәуірінің теңдессіз тұлғалары еді.

Мәселен, 54 жастағы Майк Тайсонның есімі аса ауыр салмақтағы ең жас әлем чемпионы ретінде тарихта қалды. Бұл атаққа ол небары 20 жасында қол жеткізді. 1985-2005 жылдар аралығында АҚШ-тың алыбы 58 кездесу өткізіп, 50 рет жеңіске жетті. 44 қарсыласын есінен тандырды. Алты рет ұтылып, тағы екі бәсекенің нәтижесі есепке алынбады.

Ал 58 жастағы Эвандер Холифилд 1984-2011 жылдар аралығында атой салды. 57 рет рингке көтерілген ол 44 мәрте үстемдік танытты. 29 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. 10 мәрте ұтылып, екі рет тең түсті. Тағы бір бәсекенің нәтижесі тіркелген жоқ.

Айтулы қос мықтының жолы 1996 және 1997 жылдары екі мәрте қиысты. Алғашқысында Холифилд айқын жеңіске қол жеткізсе, екіншісінде қарсыласының құлағын тістегені үшін Тайсон жарыстан шеттетілді. Егер үшінші мәрте жұдырықтасатын болса, онда олар 200 миллион фунт стерлинг көлемінде сыйақы алады.