• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Ақпан, 2021

Түркістанда «Мұздама, жылы жүрегім» атты әдеби-сазды кеш өтті

453 рет
көрсетілді

Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұздама, жылы жүрегім» атты әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақиық ақынның туған күніне орай өткен шарада жастар Мұқағали жырынан шашу шашып, лирикалық әндерін тарту етті. Бұдан бөлек ақынның өлеңдерін жатқа білетін, облыстың атын республика көлемінде танытып жүрген жас ақындар Мұқағалиға арналған арнау өлеңдерін оқыды. Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Талғат Қарынбаевтың режиссерлігімен сахналанған қойылым көпшілік көңілінен шықты. Мұқағалидың жастық шағы, сүйген жары Лашынға деген ынтызар сезімі, қызы Майгүлдің қазасыәкелген орны толмас өкінішін актерлер жоғары деңгейде жеткізе алды. Туынды «Мен өлемін қырықтың бесеуінде» деп ақынның өзі айтқандай, өмірінің соңғы кезеңдерімен қорытындыланды.

Кешке қатысқан композитор, ғалым, журналист Бекжігіт Сердәлі, айтыскер ақын, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев ұйымдастырушылар мен қатысушыларға айрықша алғысын білдірді. "Мұқағали ақынның шығармашылығы қазіргі қазақ қоғамында, әсіресе, кейінгі буын жастардың арасында үлкен танымалдылыққа ие. Соның айқын дәлелі-бүгінгі әдеби кеш. Осындай мәнді, мағыналы кештер арқылы ақын шығармашылығының одан әрі насихатталып, өміршең боларына кәміл сенемін", деген Дәурен Сариев ақынның тойы жалғасын табатындығын жеткізді.