Жұрттың санасында «полицей жазалайды, айыппұл салады» дегендей түсінік қалыптасып қалғаны рас. Сондықтан да әнеугүні әлеуметтік желіде қарияның сөмкесін көтеріп бара жатқан полицейдің фотосы жұрттың жылы пікіріне ие болған.
Шынында да, үлкенге ізет көрсетіп жүрген жаяу патрульдегі погонды кім екен деп, Өскемен қалалық полиция бөлімінен сұрастырғанбыз. Жалпы қалада жаяу патрульде 34 қызметкер, 6 учаскелік полиция бекеті бар екен. Сақшылар өздеріне бекітілген әкімшілік аумақта тәртіпті қадағалайды, қылмыстың алдын алады. Сонымен қатар 102 арнасына түскен шақыртулар бойынша да қызмет көрсетеді. Демек, тәртіпсіздік, ұрлық, атыс-шабыс орын алған жағдайда, алып-ұшып алдымен жететін де патрульдік полицейлер.
Солардың бірі – қарияға қолғабыс етемін деп, көпшіліктің көзіне түскен Санат Әміренов. Өскеменнің тайғақ көшесінде ақ жаулықты ананы қолтығынан демеп, тұрғындардың жанарына жылы ұшыраған полицейдің пікірінше, бұл – кез келген адамның парызы. Солай ғой, бірақ біздің қоғамда погондылардың көшеде көмек көрсетуі көзге ерекше жылы көрінеді. Әрине, азаматтарға қауіп төнсе, тәртіпсіздік орын алса, құқық қорғау қызметкерлеріне жүгіну әдеттегі жағдай. Ал Санаттай қолғабыс етіп, алғыс арқалағандар санаулы десем, өтірік емес.
– Біздің қарамағымыздағы әкімшілік аумақ – тоғыз жолдың торабында. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан көлік көп. Әлеуметтік желіде тарап кеткен сурет есімде. Ол күні жұмысқа таңертең келдік. Күн аяз. Қарасам, жол жиегінде ауыр сөмке көтерген апа тұр екен. Сөмкесін алып, жолдың арғы шетіне өткізіп жібердім. Бойында тәрбиесі бар кез келген азамат үлкенге ізет көрсетеді, – дейді патрульдік полицей Санат Әміренов.
Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының тумасы Санат Әміренов – қазақы мәдениетті, салт-сананы бойына сіңіріп өскен азамат. Волейболдағы жаттықтырушысы да тәртіп әркімнің өзінен басталатындығын айтып отырады.
Әлбетте, формадағы қызметкер – мемлекеттің айнасы іспетті. Сондықтан да ортақ тәртіпке бағынып, қызметке адал болып, жан-жағына жақсылығымен танылса, құқық қорғау саласының сенімін ақтағаны, абыройын асқақтатқаны.
Соңғы жылдары полицейлердің ел арасынан табылып, көмек көрсетулері жақсы үрдіске айналған. Жуырда қар қалың түскен күні Өскеменнің полицейлері қызметтік формасын жұмыс киіміне ауыстырып, «Негізгі орта мектеп-интернаты» мекемесінің ауласын қардан тазалады.
– Қаланы қар басқан күні біздің қызметкерлер қолға күрек алып, мектеп ауласының қарын күреді. Сенбілік көңілді өтті. Ең бастысы, қоғамға пайдамыз тиіп жатқанына қуандық, – дейді облыстық Полиция департаментінің жеке қимылдайтын арнайы жасақ командирі Айдар Нұрмұхамбетов.
Ойламаған жерден ауласы айнадай болған мектеп директоры Анар Жетібаева да оқушылар мен мұғалімдер атынан тәртіп сақшыларына алғыс білдірді.
– Интернат аумағында балаларды қойып, ересектердің жүруі мүмкін болмай қалды. Қуанышымызға орай, полиция қызметкерлері көмекке келді. Әйтпегенде, балалар ойын алаңына жақындай алмаушы еді, – дейді мектеп директоры.
Мұндай жақсылық жасау жариялана бермегенімен, аудандарда да дәстүрге айналған. Ауылдық жерлердегі полицейлер жұмыстан бос уақыттарында жалғызбастыларға, қарттарға көмек көрсетіп тұрады.
Шығыс Қазақстан облысы