Жол қауіпсіздігі – бұл елдің ірі шаһарындағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл туралы қала тұрғындарының алдында есеп беру кездесуінде Алматы қаласының ПД басшысы Қанат Таймерденов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Полиция департаменті қалада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуда. Бұл бағыт ерекше бақылауға алынған. 2020 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 25,9% -ға азайды. Жәбірленушілермен болған жол-көлік оқиғаларының саны 27,7% -ға, оның ішінде балалармен байланысты 2,4 есеге азайды», деді Қанат Таймерденов.
Бұдан соң ол әкімдік жол қозғалысын басқаруды жетілдіру мен жол қауіпсіздігін арттырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткендігін хабарлады.
«Шаһардағы апаттарды азайту мақсатында “Vision Zero Almaty” жобасы мен Кешенді жоспар аясында 2021 жылы 70 реттелетін және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерін, сондай-ақ, 40 бағдаршам нысандарын салу жоспарланған. Сонымен қатар үш мыңнан астам жол белгілері орнатылып, ауыстырылады. Іске асырылып жатқан шаралар апаттардың деңгейін 15-20% төмендетуге және экологиялық жағдайды 10% дейін жақсартуға мүмкіндік береді», деп қорытындылады ол.