Қалам ұстаған қауымға құрмет қашанда жоғары. Соның бір көрінісі кеше елордада ENRC (Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы) мен қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» газеті осымен төртінші рет өткізіп отырған дәстүрлі республикалық «Алтын қалам» шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланып, онда өнеркәсіп тақырыбына жазатын үздік журналистер марапатталды.
Қалам ұстаған қауымға құрмет қашанда жоғары. Соның бір көрінісі кеше елордада ENRC (Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы) мен қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» газеті осымен төртінші рет өткізіп отырған дәстүрлі республикалық «Алтын қалам» шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланып, онда өнеркәсіп тақырыбына жазатын үздік журналистер марапатталды.
Аталмыш шараға Парламент депутаттары Жабал Ерғалиев пен Алдан Смайыл, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, «ENRC Kazakhstan» АҚ коммуникациялар бойынша вице-президенті Надежда Шашкова және «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ вице-президенті Жұмабек Хамзин қатысты.
«Біздің компания қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарымен жыл сайын әріптестікті жалғастыра бермек. «Алтын қалам» байқауы бұл әріптестікті ары қарай дамытып, журналистер шеберлігін шыңдайды деп сенеміз. Біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік тілді қолдау мен дамыту саласындағы саясатына өз үлесімізді қосатындығымызды мақтан тұтамыз», – деді ENRC Kazakhstan коммуникациялар бойынша вице-президенті Надежда Шашкова. Сондай-ақ, ол жылдан-жылға қанатын қатайтып келе жатқан байқауда екі мәрте қатарынан лауреат атанған журналистер де бар екенін және жылдан-жылға конкурсқа келетін материалдардың саны ғана емес, сапасы да арта түскендігін назардан тыс қалдырмады.
«Жақында Елбасы тәуелсіз Қазақстанның жеті қазынасын атап-атап берді. Соның төртінші қазынасы – индустриялық-инновациялық экономика. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында академик Кенжеғали Сағадиевтің осы төртінші қазына туралы мақаласы шықты. Осы мақала шыққан күні біз төртінші рет «Алтын қалам» конкурсының қорытындысын шығарып отырмыз. Аталған идеяны барлық тұрғыдан қолдағаны үшін ENRC Kazakhstan компаниясына разылығымызды білдіреміз. Бұл конкурс арқылы қазақ журналистикасында өндіріс тақырыбы, өнеркәсіптің проблемалары бұрынғыдан әлдеқайда білікті, сауатты, терең, кәсіби тұрғыдан жазыла бастады деп ойлаймын. Алдағы уақытта да игі әріптестігіміз жалғаса береді деп сенгіміз келеді», деді лауреаттарды марапаттау алдында сөз алған «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов.
Биылғы жылы байқауға «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Ақтөбе» «Мұнайлы астана», «Оңтүстік Қазақстан», «Орталық Қазақстан», «Солтүстік Қазақстан», «Сарыарқа самалы», «Ақсу жолы» сынды республикалық және өңірлік газеттердің, сонымен бірге «Қазақстан-Қарағанды», «Ирбис» телеарналарының 20 журналисі қатысып, 6 журналист байқау лауреаттары атанды.
Сонымен, байқау қорытындысы бойынша бірінші орын дипломы мен 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа әріптесіміз, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Айқын Несіпбай ие болды. Ол Қарағанды облысындағы Шұбаркөл кенішіндегі өндірістік жетістіктер жайындағы мақалалары үшін марапатталып отыр. Ал екінші орын – екеу. Ол орындар Ақтөбе облысындағы «Казхром» компаниясының жұмысы туралы тұрақты жазып жүретін «Ақтөбе» газетінің меншікті тілшісі Аманқос Орынғалиев пен еліміздегі түсті металлургияның дамуы жайында «Алтынтау» компаниясының зауыттары туралы мақалалары үшін «Айқын» газетінің Астана қаласындағы меншікті тілшісі Қанат Махамбетке берілді. Жүлдегерлер 400 мың теңге сыйлықты еншіледі.
Үшінші орынның үш жүлдесі 300 мың теңгелік ақшалай сыйлықтармен қоса Павлодар облысындағы өндірістік кәсіпорындардың экологиялық бастамалары туралы бағдарламалары үшін «Ирбис» телеарнасының журналисі Зүлфира Мағзұмоваға, теміржол логистикасы жетістіктері хақында «Егемен Қазақстан», «Алаш айнасы» сынды республикалық басылымдарда қалам тербеген журналист Ескендір Ертайға және Қарағанды облысындағы «Борусан-Макина» компаниясына тиесілі тау-кен өндірісінде пайдаланатын көліктерді қайта қалпына келтіру цехының жұмысы жөніндегі телебағдарламасы үшін «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының редакторы Әли Тойжігітовке тапсырылды.
Қаламын жанына серік еткен тілші жұртының шабытына шабыт қосатын «Алтын қалам» конкурсы жалғасын табады. Оған қазақ тілді республикалық, өңірлік және ведомстволық БАҚ-тардың өнеркәсіп тақырыбына жазатын журналистері қатыса алады.
Рәсім соңында «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов ENRC Kazakhstan компаниясына «Етжеңді «Егемен Қазақстан» – 2012» кітабын шағаруға да демеушілік жасағаны үшін алғыс айтты. Ол кітап кеше конкурс жүлдегерлеріне тарту ретінде берілді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.