Біз ауылда өстік. Қаладағы көп ағайын ренжімесін, ауылда өскен бала қаладағы қатар-құрбыларынан гөрі нанның қадірін көбірек біледі. Себебі, ол нанның қандай жолмен келетінін көріп өседі. Ауылдағы ең жалқау баланың өзі түк жұмыс істемеді дегенде тауықтарға жем шашады ғой.
Біз ауылда өстік. Қаладағы көп ағайын ренжімесін, ауылда өскен бала қаладағы қатар-құрбыларынан гөрі нанның қадірін көбірек біледі. Себебі, ол нанның қандай жолмен келетінін көріп өседі. Ауылдағы ең жалқау баланың өзі түк жұмыс істемеді дегенде тауықтарға жем шашады ғой.
Ауыл демекші, біздің ауылдың топырағы таланттар үшін өте құнарлы топырақ. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да «мен Отырар ауданындағы Шәмші ауылынанмын» десеңіз болды, «е-е, ондай ауылды білеміз» дейді. Тым болмағанда естіген болып шығады. Ауылдың бүкіл Қазақстанға танымал болатын себебі – бұл ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың кіші Отаны. Ал, Шәмшіні білмейтін қазақ бар ма?!
Ұлы жолдардан қиыстау, сонау бір түкпірде жатқан осынау кіп-кішкентай ғана ауылдан қазақтың Қалдаяқовынан бөлек екі академик, бірнеше ғылым кандидаты мен докторы шығыпты. Тарихшылар қазақтан шыққан тұңғыш генерал Абдолла Жармұхамедовтің де кіндік қаны осы топырақта тамғанын айтады. Ауыл түлектері бүгінгі таңда да еліміздің түкпір-түкпірінде инженер, мұғалім, дәрігер, бизнесмен, журналист, т.б. болып жемісті еңбек етіп жүр.
Бұл ауылдың, дұрысы ауыл тұрғындарының бір ерекшелігі, өледі, тіріледі, баласына міндетті түрде жоғары білім алып береді. Атам заманнан солай. Тақиясын жамап отыр деген ең кедей үйдің өзі болмағанда бір баласын институтқа, университетке түсіреді. Баласын жоғары оқу орнына түсіре алмау дегеніңіз намыстың үлкені. Түсіріп тұрғанда баласы оқымай кетсе – бұл екі есе намыс. Бұрындары ондай әке-шешенің құр сүлдері ғана жүретін. Баласы Алматыдағы оқуынан шығып қалып сүмірейіп ауылға келіп тұрса... Құдай мұндай қорлықты ешкімнің басына бермесін! Мұндай үй қызы күйеуден қайтып келген үй сияқты ұяттан өртеніп тұратын. Қазір ғой...
Ауылда Әбіл дейтін ағамыз болды. Әлі де бар. Марқұм Демеу атамыздың жалғыз ұлы. Өмір бойы кеңшарда жүргізуші болып жұмыс істеп, бүгінде зейнеткерлікке шықты. Кәдімгі жүк көлігін жүргізетін. Соны бүкіл ауыл «жұрт шопырлықты үш ай оқыса, біздің Әбіл бес жыл оқыған. Институтын тауысқан. Машиналарың сынып қалса, оталмай қалса себебін содан сұраңдар. Бес жыл оқыған адамның білмеуі мүмкін емес», деп қағытатын. Ондай қалжыңдарға Әбіл ағам жауап қайтармайды, өзіне тән жылы жымиыспен езуін тартады да қояды. Жауап қайтармайтыны...
Кешегі жетпісінші жылдары марқұм Демеу атамыз да жалғыз ұлды қатарынан кем қылмай Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіреді ғой. Алайда, ағамның оқуға құлқы бола қоймапты. Оның үстіне Алматыға бара Қазақ педагогикалық институтында оқып жүрген Райхан жеңгемізді жолықтырады. Ауылдағы момын шалдың жалғыз ұлы туды-бітті алматылық қызға құлап түседі. Сабақ жайына қалады. Сабаққа келмеген студентке кім баға қояды?! СХИ-дің бүкіл қасқабас профессорлары «Демеуов қайда?» деп жүргеніне Әбіл ағам пысқырмайды да. Институтты алаңсыз тастайды.
Институттың ректор, декандарынан қорықпаған қайран Әбіл ағам бірақ Демеу атамыздан қорқады. Жалғыз әкесінен емес, ауылдың бүкіл шалдарынан аяғын тартады. Олар мұның оқудан шығып кеткенін білсе оңдырмайды ғой. Сосын «иә, оқып жүрмін» деп өтірік айтуға мәжбүр болады. Алматыда оқитын ауылдың өзге балалары жазғы демалысқа келгенде солармен ілесе келіп, қайтқанда бірге қайтады. Шал зейнетақы алған сайын жалғыз ұлға ақша салады да тұрады. «Главпочта. Довостребование» деген мекен-жайға.
Бұл өтірік тура бес жылға созылады. Енді әрі қарай созудың түк те реті жоқ еді.
Бесінші курс тәмамдалар тұста Әбіл ағам бір-екі күнге ауылға келеді. Келеді де «әке, үйленемін» дейді. Демеу атамыздың да Құдайдан тілеп отырғаны сол емес пе, көзінен аққан жас тарам-тарам боп сақалын жуып «жалғызым, жанқалтам, сүйенішім, ақылыңнан айналдым сол» деп еңкілдейді. Осы сәтті жақсы пайдаланған Әбіл ағам «көке, бірақ, диплом болмайтын болды, институттың басшылары бермейміз деп жатыр», дейді. Жалғыз ұлдың үйленемін дегеніне есі шығып қуанып отырған кемпір-шал екеуі екі жақтан «депломы құрысын, келін әкелсең жетеді», депті.
Міне, Әбіл ағам мен Райхан жеңешемнің махаббатының тарихы осындай!
Турасын айтайық, ауылдағы ең әдемі келіншек Райхан жеңешем еді. Жетінші сыныпта оқитын бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Қазақшаға шорқақ. Сабақта қатал, тіпті, өте қатал. Ал, үйде бір ауыз орысша білмейтін бізге деген мейірімін көзімен жеткізеді.
Обалы нешік, Райхан жеңешем «қаланың қызы екенмін» деген жоқ. Ауыл әйелдері қандай жұмыс істесе, соның бәрін Райхан жеңешем де істеді. Атамыз да, апамыз да ана дүниеге «шырағым, ырзамыз», деп кетті.
Бүгінде Әбіл ағамыздың өзі де ата, Райхан жеңгеміздің өзі де әже. Шүкір, Құдайдың берген екі ұл, екі қызының бәрінен немере сүйіп отыр. Жеңешем қазір бұрынғыдай орысша білмейді. Он жерден орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса да сабақтан тыс уақытта алақандай ауылда кіммен орысша сөйлесе береді?! Орысшаны ұмытқан. Есесіне Райхан жеңешеміздің қолынан шыққан тігін бұйымдары көздің жауын алады. Фабриканың тауарларынан бір де кем емес. Ауыл болған соң келін түспей, қыз ұзатылмай тұрмайды. Қызға көрпе-төсек апару керек, қоржын жасау керек. Аз үй ағайын мұндайда Райхан жеңешеме барады.
Әбіл ағамыз кәдімгідей шаруа болып шықты. Малдың баққанға бітетіні рас екен, қалада тұратын ұл мен келін де, қыз бен күйеу бала да ет сатып жемейді. Әбіл ағам ұл-қыздарына етін еттей, ол аз десеңіз, ірімшігі мен ежегесін, тортасы мен сары майын ай аралатып салып отырады.
Береке дарып, құт қонған шаңыраққа қызықпай қарау мүмкін емес. Отбасын құрам, отан болам дегендерге дайын үлгі. Алдыңдағы ағаларыңның басқан ізінің өзінің түзу шыққаны қандай ғанибет!
Абай БАЛАЖАН,
«SKIFNEWS.KZ» онлайн-газетінің бас редакторы.