• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Ақпан, 2021

Манарбек сазы әуелеп

266 рет
көрсетілді

Алматыда қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі Манарбек Ержановтың туғанына 120 жыл толуына арналған ән мен күй фестивалі өтті. Шығармалары ұлт мұрасына айналған талант иесінің рухын аспандатқан әсем кеште республикаға белгілі сахна саңлақтары өнер көрсетті.

Елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты санаулы адам ғана қатысқан музыка мерекесінде Манарбек Ержановтың халық жүрегінен айрықша орын алған іргелі шығармалары орындалды. Есесіне аққу сазды аялаған тыңдарман қауым фестивальды әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде тамашалады. Әйгілі Әміре Қашаубаевтан тәлім алған талант иесі тіршілігінде 150-ден астам ән мен күйді дүниеге әкелген. Оның «Жетісу», «Астанада», «Батыр жорығы», «Күсенбай», «Өрнек», «Шалқар көл», «Аққу көлі» секілді күйлері, хорға арнап жазылған «Партизан жорығы», «28 гвардияшы-панфиловшылар», «Жастар тойы», «Жастар әні», «Бейбітшілік маршы» атты шығармалары, сондай-ақ «Паровоз», «Амангелді», «Бақыт жыры», «Қуанамын», «Қойшының әні», «Әнші Бір­жанға», «Сайра, бұлбұл», «Шеге­нің термесі» сынды әндері тыңдарманға етене таныс.

– Манарбек Ержановты өнер әлеміне қанаттандырып, көкі­регіне әсем саз ұялатқан ұстазы – әнші әрі күйші Күсенбай. Ал әншілік шеберлігін ұштауда Шашу­бай Қошқарбайұлы мен Әміре Қашаубаевтың орны ерек. Ол бозбала шағында-ақ Біржан сал, Ақан сері, Естай, Шашубай әндерін айтып, түрлі айтыстарға қатысып, ел аузына ілікті. 1928 жылы Қазақ драма театрына қабылданып, алғаш­қы актерлерінің бірі болды, осы театр­да қойылған спектакльдерде ойнап, сан қырлы бейнелер­ді сомдады. Әсіресе, «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Абай», «Бір­жан-Сара» операларында шебер­лі­гі­мен дүйім жұртты тәнті етті. Мәскеу төрінде ән шырқап, қазақ өне­рін талайға мойындатты. Өнер­ден жол іздеген жастары­мыз оның шығармашылық әлемі­нен қуат алып келеді. Бүгінгі фес­тивальдың мақсаты – Манарбек шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау, – дейді Муль­ти­медиалық дәстүрлі музыка орта­лығының жетекшісі Роза Қаженова.

 

АЛМАТЫ