• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 12 Ақпан, 2021

Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

321 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай шаралар, ең алдымен, қоғамның соттарға деген сенімін нығайту үшін жасалып отыр. Сонымен қатар соттар мен сот рәсімдері қазіргі заман талабына сай болуға және азаматтарымыздың, бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауға тиіс.

Президент мемлекеттің індетке қарамастан, сот жүйесін жаңғыртуды жалғастыра беретінін атап өтті. Енді осы жаңа нормалардың нақты жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, сот қызметіндегі бюрократияны түбегейлі жою қажет.

– Жоғарғы сот төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген жағымсыз ақпарат тарайды. Осы орайда Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен сот тәжірибесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет. Сондай-ақ ІТ қызметтерінің талдау жасау мүмкіндігін пайдаланған жөн. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға барлық реформаның негізі адам игілігіне бағытталатынын ескертті. Сондықтан сот рәсімдері бәріне түсінікті болуға тиіс. Адам игілігіне бағытталған бұл әдіс биылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін әкімшілік әділет жүйесінің діңгегі болуы керек. Нәтижесінде мемлекеттік аппараттың азаматтармен жұмыс істеу жүйесі түбегейлі өзгереді. Бұл ретте маңызды реформаның табысты болуы соттардың кәсібилігіне тікелей байланысты.

– Былтырғы Жолдауымда соттарды жаңадан іріктеу үдерісін ашық етуге тапсырма бердім. Азаматтарымыз кімнің және сіңірген қандай еңбегі үшін сот болатынын білуге құқылы. Бұл мәселені кешіктірмей шешу керек. Соттарды біліктілігі жоғары кадрлармен жедел қамтамасыз ету – Жоғары сот кеңесінің маңызды міндеті. Сонымен қатар Жоғарғы сот кадрлардың тұрақтамау себебіне жан-жақты талдау жүргізуі қажет. Судья мамандығына мықты заңгерлер тартылуға тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды. Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды.

– Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлердің өзара ықпалдастығына қатысты мәселені де қозғады.

– Кәсіпкерлерге орасан зор шығын келтірген мемлекеттік аппарат пен басқа да тұлғалардың ісі ауыр қылмыспен теңестірілуі керек деп санаймын. Бұл мәселені шұғыл түрде заңнамалық тұрғыдан рәсімдеу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің жиында сөйлеген сөзіне түсіндірме берді.

– Сіздер айтқандай, бизнестің мүддесін қорғауға және ілгерілетуге қатысты "кедергілер арқылы жүгіру" дейтін лабиринт бар сияқты. Мәселені іс жүзінде де, заңнамалық бастамалар тұрғысынан да шешу керек. Бұған қатысты тиісті тапсырма беремін. Ал арбитражға, сарапшылар қауымдастығын тартуға байланысты нақты мәселелерге келер болсақ, бұл ұсыныстарға жете мән беру қажет деп ойлаймын. Мәселені тиісті мемлекеттік органдар мен Үкімет қарастырып болғаннан кейін, шұғыл түрде нақты шешімдер қабылдаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент соттың құзыреттілігін аумақпен шектемеу қағидатын енгізуге қатысты Жоғарғы соттың ұсынысы туралы ойымен бөлісті. Бұл жердегі ойдың мәні мынада, егер қаралып жатқан іс көп болса, онда соттың аумақтық орналасуына қарамастан оны арнайы IT бағдарлама арқылы жүргізуге болады. Яғни, талапкер мен жауапкер бір аймақта, ал соттың басқа аумақта болуына мүмкіндік бар. Бірақ бұл үшін тараптардың келісімі болуы керек.

– Бұл ұсыныс сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралға айналып, бүкіл еліміздегі соттардың жүктемесін біркелкі бөлуге ықпал ететіні анық. Идея аяқ астынан пайда болған жоқ. Пандемия кезінде соттардың істерді қашықтан қарауы белгілі бір дәрежеде оның артықшылығын көрсетті. Бұл сот ісін қарау барысында уақыт пен ресурстарды айтарлықтай үнемдеу деген сөз. Жалпы соттарды аумақпен шектемеу туралы ұсыныс өте өзекті мәселе. Бірақ оны жан-жақты зерттеу қажет. Барлық мәліметті есептеп, ықтимал қатерді ескеру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соттар заманауи технологиялардың барлық жетістіктерін пайдалануға міндетті. Бұл орайда консервативті тәсілдерге орын жоқ. Сонымен бірге заман талабына сай технологиялық шешімдерді белсенді түрде енгізе отырып, уақыт ағымынан қалмау қажет.

– Ұсынылып отырған IT-қызметтер біріктірілген білім базасын құруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұл арқылы сот өз әріптестерінің осыған ұқсас істер бойынша шығарған шешімдерін көре алады. Бұл соттың қате актілерді қабылдауына жол бермейді. Процеске қатысушылар ІТ-технологиялардың артықшылығын сезінуі қажет. Оларға өз ісінің ықтимал нәтижесі туралы білу маңызды. Ол үшін барлық мүдделі тараптарға сот жүйесінің ІТ-қызметтері қолжетімді болуы керек. Дегенмен ақпараттың құпиялылығына қойылатын талаптар сақталуы тиіс. Бұл, шын мәнінде, күрделі міндет. Мұны терең зерделеп барып, ақылмен шешу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект элементтерінен тұратын сот жүйесінің жаңа ақпараттық қызметін егжей-тегжейлі зерттеп барып әзірлеуді тапсырды. Оған енгізілетін көптеген сот актілері негізінде ол істің ықтимал нәтижесін болжай алады. Бірақ дұрыс қабылданбаған шешімдердің кесірінен қателік туындау қаупі де бар.

– Шын мәнінде, сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, бұл азаматтарымыздың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Сондықтан сот жүйесін жаңғырту ісі жалғасын табады. Алдағы кезеңде реформаға қатысты маңызды міндеттерді шешуіміз керек. Бүкіл қоғам сот саласынан түбегейлі әрі жағымды өзгерістер күтіп отыр. Осы сенімді ақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар кеңесте Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов сөз сөйледі.

Жиын алдында Президентке Жоғарғы соттың өз жұмысында пайдалана бастаған ақпараттық жүйелері мен көрсететін жаңа қызметтері таныстырылды.