• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2013

Бар сырын бүккен Беғазы

410 рет
көрсетілді

– Атыңды айтып мақтанайын,

Алтын бесік Ақтоғайым – деп әйгілі әнде шырқалатындай, Сарыарқаның сағымды дала төсінде керілген керім өзен Тоқырауын бойын­­дағы бұл аймақтың қашанда тамсанып-таңыр­қауға шек болдырмайтын сүйкімділігі айтылса тіл жеткізгісіз әңгіме болар еді. Өлкенің ең биік шыңы Ақсораңмен иықтасқан Қызыларай таулары баурайын бойлаған табиғаттың таңғажайып жаратылысы тарихтың тылсым құпияларын ішке бүккен құбылыстарымен тұтасып сиқырлы бір әлемге тірей берер-ді.

– Атыңды айтып мақтанайын,

Алтын бесік Ақтоғайым – деп әйгілі әнде шырқалатындай, Сарыарқаның сағымды дала төсінде керілген керім өзен Тоқырауын бойын­­дағы бұл аймақтың қашанда тамсанып-таңыр­қауға шек болдырмайтын сүйкімділігі айтылса тіл жеткізгісіз әңгіме болар еді. Өлкенің ең биік шыңы Ақсораңмен иықтасқан Қызыларай таулары баурайын бойлаған табиғаттың таңғажайып жаратылысы тарихтың тылсым құпияларын ішке бүккен құбылыстарымен тұтасып сиқырлы бір әлемге тірей берер-ді.

Талай заман сілемдері ізі сайраған жартастар мен құздарды өрлеп кетсең сырымды біл, аш дегендей дүние шыға келіп, кеудесі толы таңбалы суреттер, тас мүсіндер, көне қорғандар, күл сіңген кеніштер өткен өмір кілтін ұмсына түскендей тартады.

Бұлардың арасында ең белгілісі, ықылым дәуір ескерткіштерінің тұңғиық тұнығы Желтау­дың орны бір бөлек. Қазақ археология ғылымының атасы Әлкей Марғұланның алғаш­қы зерттеулері осы жерге арналуының өзі тегін болмаса керек. 1947 жылы бұған дейін жергі­лікті жұртқа аңыз арқылы ғана жеткен Беғазы «Қазақстан» қорымын тауып, қазба жұмыстарын бастап, ғылыми сипаттамасын жазып, қазақ даласын­дағы көне мәдениеттің белгісін әлемге таныту­шы ғұлама ғалым ғұмыр бойы тарихи құндылығы мен маңыздылығын айғақтап өткені аян. Іргесіндегі аттас тау етегіндегі қорымдағы кесенелер өз заманындағы, яғни /б.з.д. 2 мыңжыл­­­­дықтың соңы/ алып құрылыстардың бірі болғандығын қазірде де қабырғаларына қалай жет­кізіліп, қабірдің қол күшімен қалайша қоршал­ғаны қайран қалдыратын салмағы тоннадан асатын алып тастар паш етерліктей. Және таудан қопарылып алына салынған тұрпайы тас емес, жан-жағы әбден өңделіп, жалтыратылған ірі әрі қалың гранитті плиталар екені әлі байқала­ды. Биіктігі 2 метрге жуық тігінен дәлме-дәл қо­йылған қалпында жазық далада осы күнде де алыстан бірден көзге түсіп тұр. Ежелгі сәулет өнері­нің осынау көрнекті ескерткіші танытыла білсе, археологиялық жаңа ашуларға, әсіресе, ынтық шетелдік саяхатшыларды қызықтырары талассыз.

 Қола дәуірі ескерткіштері саналатын кесенелерден табылған алуан түрлі пішіндер мен өрнекті қыш ыдыстар, керамикалық заттар, мүйізден жасалған қару-жарақ, әшекей бұйым­дар, жерлеу ғұрпының қалдықтары, жануар­лар сүйектері Ақтоғай аудандық мұража­йы­ның сирек жәдігерлері ретінде назар аудартады.

 Алайда, осындай асыл мұраны сақтау, аялап ұстау жайы өкінішке қарай, көңіл қынжылтады. Кезінде Әлкей Хақанұлы «Орталық Қазақстанның бай да құнды ескерткіштерін жоспарлы түрде кең түрде зерттеудің маңыздылығы сол, жаңа құрылыстарды салу және ірі кеңшарларды құру жұмыстарының басталуына байланысты ауданның теңдесі жоқ көптеген ескерткіштері толығымен жойылып кету қаупінде тұрды» деп жазғанындай құлатылып, қиратылып, құрылысқа пайдаланған қорғандардың сауынан да қауіп бұлты сейіле қоймапты.

 Алдымен айтқанда, қорым қоршалмаған. Ашық даладағы ескерткіштер ортасына маңындағы ауылдың малдары кіріп, ішін былғап-таптап, тас плиталарға сүйкеніп-сүзгілеп ғасырлар бойы тұрған кейбірін құлатып тастап жүрулеріне еш кедергі жоқ.

Өлке шежіресімен таныс емес сырт адам кесенелерді тас үйіндісіндей көруі мүмкін. Көзге көрнекті етіп анықтамалық жазба тақтайшасын орнату ойластырылмаса солай болмаса оларға не кінә. Осында үзбей археологиялық экспедицияларды бастап келіп, аптап ыстықтарда айлап зерттеу жұмыстарынан айнымайтын, Беғазы – Дәндібай мәдениетін ғылымға енгізген атақты академик Әлкей Марғұлан атамыз еңбегі туралы келіп-кетушіге арналып орнатылған деректемелік белгі бар шығар деген үмітіміз де үзіліп қалды. Барын бағалап, қадірлеп, қасиеттеп жататын елдер өкілдері мынадай сирек көне ескерткіштің елеусіз тұруын көрсе, не демек. Бізге айтылғандай, сырғытпа сылтаулар олардың түйсігіне түрпідей тиері хақ-ау.

Бұл жердің арғы тарихын былай қойғанда, бергісі де ғажап. Қазақтың данасы Әлихан Бөкейханов дүниеге келген мекен. Аталары Қасым төре салдырып, айналасындағы ауылдардың қай баласын да алаламай, оқуға тартқан мектепке сонша неге өшіккендері түсініксіз, аласапыран шақтың шолақ белсенділері тып-типыл етіпті. Бірақ аты өшпеген. Орнындағы ауыл Ақшкөл атауын сақтап қалған.

Әлекең елге келіп, тау ішін аралаған кезінде дема­луға тізе бүгетін Аюшатқалы сайындағы тұғыртас та көзге ыстық көрінетін орын. Алдын­дағы көкшағыл тегіс тастарға қашалып салын­ған таутекелердің, бұғылардың, аң аулаушы адамдардың таңба суреттеріне қарап, туған топырағының терең тарихына жетік жан ойға талай батқан шығар. Анау етектегі Беғазы ескерт­кіш­тері, осы жақтағы алғашқы мектеп ізі, халқы­мыздың асыл ұлының кіндік қаны тамған жер, еріксіз көз тіктірер көне таңбалар шіркін, қадірі қасиеттелуін, сыры жайылуын күтетіндей-ақ.

Бір тәуірі, жаңа қызметіндегі қат-қабат істерден бас ала алмаса да аудан әкімі Ниқан­бай Омарханов аймақпен танысуды Беғазыдан бас­тап, соғып тұратын болыпты. Мұның алдында Қарқаралының еңсесін көтеріп, жұрт аузынан жақсы істері арқылы түспейтін азаматтың бұл түйіткілді шешуге ынтызар ықыласы аңғарылады. Ортасына белгілі, бір істі бастаса тындырмай тастамайтын дағдысы мәселенің қисынын таптыратын секілді. Тамашалаушыларға ыңғайлы жағдай жасалған ашық аспан астындағы мұражай, оқушыларға танымдық-тәрбиелік орталық, архео­логтар арылмайтын орын, жанындағы Әлихан Бөкейханов ауылы этнографиялық ауыл болса, Әлкей Марғұлан мүсіні тұрса, туристер ағылса, табиғат, оған қоса тарихтық қорыққа айналса дейді. Алыс аудан басына қыруар шаруа. Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктері осындай-осындай іс-шараларды іліп әкетіп, көмектесіп-қолдап, жандантып, жаңғыртса тіпті жарасты, пәрменді болары даусыз. Әзірге бүгінгі ұрпақтарына өкпелідей сырын бүгуші ежелгі беғазылықтар бір аунап қалар ма еді.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы,

Ақтоғай ауданы.

Соңғы жаңалықтар