Қытай Жаңа жылын тойлау биыл ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерді бұза отырып өткізілетін болады, деп хабарлайды Egemen.kz
Қытайдың өзінде отшашулар мен жаппай мерекелік шаралар алынып тасталды, қалааралық саяхаттарға тыйым салынады, елге келген азаматтар екі апталық карантиннен өтуі шарты енгізілді.
Ал Жапония вакцинация науқанына әзірленіп жатыр.
«Вакцинацияны келесі аптаның ортасында бастаймыз», деді елдің Премьер-министрі Есихидэ Суга.
Жапондықтар Pfizer вакцинасын қолданбақ. Алдымен медицина қызметкерлері, содан кейін, шамамен сәуір айында егде жастағы адамдарға егі жоспарланған.
Бұдан бөлек, Сербия жыл соңына дейін ресейлік «Sputnik V» вакцинасының өндірісін жолға қоюы мүмкін. Сербия билігі жаңа кәсіпорын салу мен жабдық сатып алуға қажетті қаражатты бөлуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Елде препараттың орама өндірісі екі-үш айдан кейін басталады деп күтілуде, содан кейін толық өндірістік цикл іске қосылмақ.
Сонымен қатар Германия мутацияланған коронавирустың өз аумағына енуіне жол бермеу үшін Чехиямен және Австриямен шекаралық бақылауды күшейтті. Чехияда қазір британдық штамм, ал Австрияның Тирол федералды штатында оңтүстік африка штаммының өршуі тіркелген.
Португалияда оқшаулану режимі 1 наурызға дейін жалғасады. Билік мұндай шешімді пандемия басталғалы тіркелген елдегі індеттің жылдам өршуіне байланысты қабылдады. Қаңтардың ортасынан бастап мектептер мен көптеген кәсіпорындар жабылған, ал жұмыс істей алатындардың барлығына қашықтықтан жұмыс істеу енгізілді.
Ал Венгрия билігі КВИ-ден жазылған адамдарға, сондай-ақ коронавирусқа қарсы вакцина қабылдаған адамдарға арнайы сертификаттар енгізбекші. Екі құжатта ақысыз рәсімделінеді, бірақ олардың қандай құқықтар беретіні әзірге белгісіз.