Мемлекетіміздің қарқынды дамуы мен әлемге танылуына ықпал ететін салалардың бірі – туризм. Отандық туризмнің жандануына соңғы жылдары үкіметтік деңгейде көңіл бөліне бастады. Себебі, Қазақстанның көрікті жерлері мен тұмса табиғатын тамашалауға келгендер ел экономикасына миллиардтаған қаржы әкеледі. Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек. Шындығында өзгелер қызығатын жерлер елімізде көптеп саналады. Солардың қатарына Алматы облысындағы Райымбек ауданының аумағындағы табиғат ғажайыптары жатады. Бірнеше жылдан бері өзіне осы кереметтерді біріктіріп отырған «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағына кірген көлдердің қазіргі жай-күйіне саябақ директоры Әміржан Малыбеков алаңдаушылық білдіріп отыр.
Мемлекетіміздің қарқынды дамуы мен әлемге танылуына ықпал ететін салалардың бірі – туризм. Отандық туризмнің жандануына соңғы жылдары үкіметтік деңгейде көңіл бөліне бастады. Себебі, Қазақстанның көрікті жерлері мен тұмса табиғатын тамашалауға келгендер ел экономикасына миллиардтаған қаржы әкеледі. Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек. Шындығында өзгелер қызығатын жерлер елімізде көптеп саналады. Солардың қатарына Алматы облысындағы Райымбек ауданының аумағындағы табиғат ғажайыптары жатады. Бірнеше жылдан бері өзіне осы кереметтерді біріктіріп отырған «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағына кірген көлдердің қазіргі жай-күйіне саябақ директоры Әміржан Малыбеков алаңдаушылық білдіріп отыр.
– Саябақтың қазіргі жай-күйі қалай? Қорық аумағын қоруға қызметкерлеріңіз жете ме?
– «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы Үкіметтің қаулысымен 2007 жылғы 7 ақпанда құрылған болатын, міне, алты жылдың жүзі болыпты. Біздің мекемеде барлығы 150 адам жұмыс істейді. Орманды қорғау, қалпына келтіру, молайту, табиғи-тарихи дүниелерін болашақ ұрпаққа сақтау секілді жұмыстарды осы қызметкерлер атқарады. Сонымен қатар, бір кездері молынан кездесетін, қазір мүлде азайып бара жатқан жабайы жан-жануарларды қорғау, сақтау жұмыстары бойынша көп шаруалар істеліп жатыр. Себебі, біздің қорықтың аумағында Қызыл кітапқа енген арқар, қар барысы, сілеусін, ұлар секілді аң мен құстар тіршілік етеді. Мысалы, кезінде зерттеуші-ғалымдар жоққа шығарған қар барысының саны қазір 12-13-ке жетіп отыр. Сол сияқты еліміздің Қызыл кітабына енгізілген арқардың басы 50-ге жетіп қалды десем өтірік айтқандық емес.
«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының негізгі міндеті – орманды қорғау, өрттен сақтау, ондағы жан-жануарлар мен жәндіктердің тіршілігін зерттеу. Одан кейін ғана еліміздегі туризмнің дамуына үлес қосу негізгі міндеттердің біріне жатады. Осы міндеттердің қатарына табиғи өзгерістерді бақылау, ғылыми-зерттеулер жүргізу секілді аса маңызды істер бар. Біздің мекеменің ғылым және мониторинг бөлімінде 4-5 адам жұмыс істейді, олар қорық аумағындағы жан-жануарлар мен жәндіктердің тіршілігін тексеріп, ғылыми ортаға қажетті деректерін анықтап отырады. Феналогиялық алаңдарда арнайы бөлінген орындар бар, сол жерде қорық аумағындағы барлық өсімдіктерді, олардың қандай жағдайда өсетінін зерттеп, еліміздің ғылымы үшін таптырмас жұмыстар жүргізеді. Мемлекеттік саябақ болғандықтан Үкімет тарапынан берілген осындай маңызды тапсырмаларды атқару біздің мекемеге жүктелген. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының құрылғанына 5 жыл толуына орай біздің мамандар бес тақырып бойынша ғылыми жоба қорғап, аса маңызды ғылыми мақалалар жазып шықты. Тақырыптардың әрқайсысы кітап болып басылды. Атап айтқанда, қорық аумағындағы омыртқасыз жәндіктер, суырлар, жануарлардың саны жөніндегі еңбектер отандық ғылымға қосқан үлес болып отыр.
Ұлттық саябақтың негізгі міндетінің бірі отандық туризмді дамыту екені белгілі. Мекеменің төлқұжатына бекітілген үш туристік бағытымыз бар. Қазір осы үш бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның алғашқысы Қайыңды көліне апарады. Саты ауылынан Қайыңды көліне дейінгі 23 шақырымдық аралықты автокөлікпен, атпен, велосипедпен, тіпті, жаяу да баруға болады. Екінші маршрут Саты өзенін бойлап барғанда алдыңнан шығатын Әлиманның ақ тасы деген жерге апарады. Бұл бағыттың бойында мөлдіреген тау көлі болмағанымен әдемі табиғат аясындағы керемет демалыс орындары бар. Үшінші бағыт – Көлсай көлдері. Бас-аяғы үш көлді қамтып жатқан бұл бағыт бойынша бірінші көлге автокөлікпен жетуге болады, қалған екі көлге жаяу не салт атпен жалғызаяқ соқпақты жағалап бара аласыз. Міне, осы үш бағыт тұрақты жұмыс істеп тұр. Былтыр 13 мың адам келіп, тұмса табиғаттың сұлулығын тамсана тамашалап кетті. Биыл өткен жылғыға қарағанда келушілердің саны аз. Өйткені, Көлсайға қарай келетін автокөлік жолы нашар.
– Саябақтың аумағы қанша жерді алып жатыр?
– Жалаңаш аймағынан басталып, Талғар шыңына дейінгі аралықты Тянь-Шань тауының жалымен қосып, қамтиды. Таудың ар жағы қырғыздардікі, бер жағы Қазақстандікі. Айырқалпақты ағайындардың аумағы жатық келеді, бері қарай түсуге оңай. Біз жақтан қырғызға қарай асу қиындау, себебі, тік, құлама жартасты болып келетін асудың жолын білмеген адам ұшып өледі. Қазір Үкіметтен ұлттық саябақтың аумағын кеңейту керектігін сұрап отырмыз. Өйткені, соңғы кездері біздің жақтағы аң-құстың қырғызға қарай, Жалаңаш ауылының маңындағы Кеген орман шаруашылығының аумағына, Еңбекшіқазақ ауданының жеріне де өтіп кететінін анықтадық. Сондықтан Еңбекшіқазақ ауданына тиесілі Табанқарағайды, Талғар ауданына тиесілі жерлерді, Жалаңаш аймағындағы Екіаша жайлауына дейінгі Орта Меркі, Шет Меркі, Шоңтас жерлерін ұлттық саябақтың құрамына қосуды бастама ретінде ұсынудамыз. Жан-жануарлардың қыстың суығында күнгейлеп кететінін ескерсек, мен айтқан жерлердің бәріне аңдар ауады. Шындығында сол жердің бәрі аңдардың мыңдаған жылдар бойы үйренген жайылымы. Сол себепті, осыншама аумақты ұлттық саябақтың меншігіне кіргізуді сұрап отырмыз.
Шыны керек, орман шаруашылықтары көбіне орман қоры бар жерлерді ғана қориды. Мемлекеттік маңызы бар аймақтарды қори алмайды. Тауешкі, таутеке, бұғы, марал секілді аңдар көбіне осындай шалғай, ат аяғы жете бермейтін тау шыңдарын мекендейді. Осыны жақсы білетін аңшылар сол жерлерді ториды, жайлауға шыққан малшылардың өзі жабайы аң-құсқа тыным бермейді. Сондықтан ондай жерлер ұлттық саябақтың меншігіне кірер болса, аң-құсымыз да қорғалады, туризм де дами түседі. Тау жағалай орналасқан Жалаңаш, Тоғызбұлақ, Жайдақбұлақ, Кеңсу ауылдарының бәрі де отандық туризмнің дамуына елеулі үлес қосатын аймақтар. Солтүстік-Батыста Табанқарағай өңіріне жақын Алғабас, Жіңішке ауылдары бар. Қазіргі Қазақстан Республикасының негізгі саясаты орманды көбейтіп, ауылдарды абаттандыру, шөлейт жерлерді көгалдандыру. Мысалы, Астананың маңы, сонау Көкшетауға дейін «Жасыл аймақ» бағдарламасымен көгалдандырылып жатыр. Елімізде орман-тоғай аз, соның көбейе түсуіне ықпал етуіміз керек. Ол үшін табиғат қорғауда мүмкіндігі қалыптасып қалған «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағын ұлғайтқан дұрыс.
– Үкіметтің селекторлық отырысында Қайыңды көлінің жайы арнайы сөз болды. Әрине, «жыламайтын балаға емшек берілмейді» деген сөзді еске алсақ, сіздерден ұсыныс болмаса Үкімет тарапынан көмек берілмесі белгілі. Осы жағынан қандай байланыстар бар?
– Бұдан екі жыл бұрын Мәжіліске арнайы хат жолдағанбыз. Депутат Тұрарбек Асановқа Қайыңды көлінің жай-күйін, Көлсайға барар жолдың жағдайын айтып, мәселе етіп көтеруін өтінгенбіз. Себебі, Қайыңды көлі қотарылар болса Бартоғай су қоймасын қиратып өтеді, оның ар жағында елді мекендер жиі орналасқан. Одан бері де Алғабас, Саты ауылдары жатыр. Құдай бетін ары қылсын, жолдар мен көпірлерді шайып кетеді. Соның бәрінен сақтану үшін плотина салу керектігін хатымызда айтқанбыз. Сол тұстағы Үкімет басшысынан жауап келді, онда Көлсайға барар жол 2014-2015 жылдарға салынатыны айтылған. Алайда, әлі күнге дейін жабайы жол сол күйінде жатыр. «Қайыңды көлін дамыту жобасы 2014 жылдың бюджетіне кіргізілді» делінген Премьер-Министрдің жауап хатында. Ол жөнінде де ешқандай жұмыс көріп отырған жоқпыз. Жобалық-сметалық құжаттары жасалмаған, тіпті, келіп іс жүргізіп жатқандарды көрген емеспіз. Меніңше, уақыты жетті, енді көпке созбай қолға алу керек-ақ. Үкіметке айтылудай айтылды.
Биылғы көктемде Алакөлден, Бартоғай су қоймасының мамандарынан құралған сараптау комиссиясы келіп, Қайыңдыдағы қауіпті жағдайды растап кетті. Алайда, олардың қолынан тек көл суының асып кету қаупі барлығын тіркеу ғана келеді. Бір өкініштісі, сол деректерді ары қарай жылжытып, мемлекеттік деңгейде дамытатын жұмыстар көргеніміз жоқ. Қазір бізден облыс: «Плотинаға қанша сома керек?» – деп сұрап отыр. Шыны керек, оны есептеп, шығынын анықтайтын білікті мамандар болмай тұр. Арнайы мекемелер айналысатын шаруаны атқару қолымыздан келмейді. Бұл жалғыз «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи саябағы ғана атқаратын іс емес. Қайыңдыға тоспа орнатуға мемлекеттік деңгейде көңіл аударылмаса оңай шаруа болмайын деп тұр.
– Өзен жағасына демалуға шыққан көпшілік от жаққаннан, ішкен-жегенінен қалған қалдықты сол күйі тастап кететіні жасырын емес. Табиғатты аялау деген ұғым қазір жоғалып бара жатқандай. Осы жағын халыққа түсіндіру жұмыстары сіздердің міндеттеріңізге кіре ме?
– «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағында туристер көптеп келетін жерлер – Көлсай көлдері мен Қайыңды. Басқа бағыттар бойынша Саты сайының бойына шығушылар бар. Бірақ өрт қауіпсіздігіне байланысты ол тарапқа адамдарды сирек жібереміз. Ал Көлсай мен Қайыңдыны көруге көбіне Қазақстанның азаматтары келеді. Шетелдіктер болса әр жылы әрқалай, кей жылы 1,5 мың адамға жетсе, кейбір жылдары 180-200 адам ғана болып қалады. Алыстан ат арытып, шет мемлекеттен шекара асып келушілер тәртіпті жақсы біледі. Тіпті, жаққан сіріңкесінің өзін қайта салып әкетеді деуге болады. Осының өзінен-ақ табиғатты қорғауға деген құлшыныс шетелдіктерде басым екенін білеміз. Жергілікті азаматтарға келсек, кейде тіпті айтуға ұяласың, ішкен бөтелкесін лақтырып, жегенін шашып кетеді. Кейде біздің инспекторлар барып: «Мынауың не?» – десе төбелес шығарады. Бұл ащы да болса шындық.
– Жаңа сөзіңіздің басында қар барысының саны өсіп келеді деп қалдыңыз. Сол барыс пен арқар секілді тек таудың суында ғана тіршілік ететін ханбалықты (форель) қорғау қалай жүзеге асуда? Әлде ол сіздерге қарамай ма?
– Бізге қарайды. «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи саябағына қарасты Қайыңды көлінде форель өспейді. Себебі, балықтың өсіп-өнуіне қажетті жағдай жоқ. Көлсайдың бірінші және екінші көлінде ханбалықтың өсуіне қажетті қор баршылық. 2011-2012 жылдары Орман және аңшылық комитетінің тапсырмасымен бізге ихтиологтар келіп, арнайы зерттеу жұмыстарын, мониторинг жүргізді. Олар бәрін тексерді, балықтардың тіршілігін анықтады. Сөйтіп: «Бірінші көлде балықтың тамағына қажетті қор жетерлік. Олардың көбеюіне де жағдай бар. Екінші көлдегі қор одан да көбірек. Өйткені, екінші көлдің ауқымы үлкен. Сол себепті бірінші көлден жарты тонна, екінші көлден бір тонна балық аулауға болады», – деген шешім шығарып, қос көлден балық ұстауға арнайы рұқсат берді. Сондықтан да біздің Көлсай балық аулауға жататын бассейн-сулардың қатарына қосылды. Биылдан бастап балық аулауға рұқсат беріп отырмыз.
Ғылыми тілде форель деп аталатын ханбалық негізінен ең таза, суық суда өмір сүреді. Лай немесе жылы суда тіршілік ете алмайды. Көлсай көлінің суы әдетте 5 градусқа дейін төмендейді. Ханбалықтың қылтанағы болмайды, өте таза балық. Осыған байланысты оны аулаймын деушілерге рұқсат беріп отырмыз. Онда да тек қана қармақпен аулануы тиіс. Браконьерлік тәсілге жататын тормен сүзу, электр қуатымен соқтыру секілді заңсыз қадамдарға жол берілмейді.
– «Көлсай көлдері» көршілес Қырғызстанмен іргелес жатыр. Турасын айтқанда, шекараның шетіндегі маңызды аймақ. Оны қорғауға, күзетуге қажетті күштеріңіз бар ма? Себебі, еліміздің шекарашыларын көзге ілмейтін браконьерлердің барлығы жасырын емес.
– Бізге шекарашылардың берер көмегі орасан. Үлкен қолдау көрсетіп отыр. Іргелес қырғыз ағайындардың біздің аймаққа сұраусыз өтіп кететін аңшылары өте көп. Одан бөлек, малшылардың көзін ала бере тұяқты түлікті айдап кететін ұрылары да жетеді. Ондайлар біз жаққа өтерде топ болып, қару-жарақпен жасанып келеді. Жолынан кездескен аңды атып алады, мейлі ол құс болсын, тырнақты жыртқыш болсын қарамайды. 2007 жылы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи саябағы құрылғалы бері талай қырғыз азаматтары қылмыс үстінде ұсталды. Жауапқа тартылды, екі ел арасын дүрліктіргендерге айып тағылып, лайықты жазасын алды. Биылдың өзінде Көлсайдың үшінші көлінен 4 қырғыз аңшысы қолға түсті. Оларды біздің инспекторлар шекарашылардың көмегімен құрықтады. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жасыратыны жоқ, саябақ құрылмай тұрғанда таудан асып түсетін браконьерлер аңды рұқсатсыз атып, сүрпі етін сылып алып, оны асықпай құрғатып, ыстап, қақтап, дайындап әкететін жағдайлар көп болған. Тіпті, жетекке алған атқа дайындаған етін артып әкететін. Бұл ашық басыну еді. Ұлттық парк құрылғалы бері ондай бассыздықтар тоқтады. Шекарашылардың оған қосқан үлесі баршылық. Сондықтан Қазақстанның шекарашыларына айтар ризашылығымыз ерекше. Өйткені, шекараны жағалай 100 километрден астам аумақты алып жатқан ұлттық саябақты қоруға инспекторлардың шамасы келе қоймайды. Осыншама қашықтықты қамтыған шекараның бойында 16 жерде биік асу бар. Солардың бәрінен де шекара бұзушылар бері қарай оңай өтіп кетеді. Әсіресе, жаз айларында қырғыз аңшылары еліміздің аумағына келуге құштар. Себебі, аңы мен құсы көп жер кімді де болса қызықтырады. Еліміз тәуелсіздігін алып, Қазақстан қарқынмен дами бастағалы бері браконьерлердің аяғы тыйылды. Бұл жағынан ел мен жердің амандығы үшін күні-түні кірпік қақпай отырған шекара қызметіне рахмет айтамыз.
Әңгімелескен
Мәди АЛЖАНБАЙ,
журналист.
Алматы облысы,
Райымбек ауданы.