• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Желтоқсан, 2013

Қойыртпақ

492 рет
көрсетілді

«Өмірде адамдар осылай сөйлейді», деген уәжбен әр кейіпкер өзінің

білген тілінде шүлдірлейтін фильмдер түсіріле бастады

Айтайын деп отырған мәселеміз екі нәрсе. Бірі – тіл де, ал екіншісі – қазақша фильмдер туралы.

Белгілі түрколог ғалым Рахманқұл Бердібаев өзінің ана тілін білмейтін, білгісі де келмейтін, өз тарихын менсінбей өзгенің тарихын қызыға оқитын, білімді, жоғары лауа­зымды адамдарды көзқамандар деп атады. Сауатты, көзі ашық, бірақ өзінің тілі мен салт-дәстүрінен жұрдай мұндай жандар саналы түрде өз ұлтының мүддесіне қайшы әрекеттерге бара береді.

Алайда, тек өз тілі мен ділінен ада адамдарды ұлт үшін зиянды элемент деп біржақты кесіп айту тағы дұрыс емес. Ал жалпы «көзқаман» атауы орыс отарында болған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі халықтардың барлы­ғына ортақ құбылыс болып санал­ғаны белгілі.

«Өмірде адамдар осылай сөйлейді», деген уәжбен әр кейіпкер өзінің

білген тілінде шүлдірлейтін фильмдер түсіріле бастады

Айтайын деп отырған мәселеміз екі нәрсе. Бірі – тіл де, ал екіншісі – қазақша фильмдер туралы.

Белгілі түрколог ғалым Рахманқұл Бердібаев өзінің ана тілін білмейтін, білгісі де келмейтін, өз тарихын менсінбей өзгенің тарихын қызыға оқитын, білімді, жоғары лауа­зымды адамдарды көзқамандар деп атады. Сауатты, көзі ашық, бірақ өзінің тілі мен салт-дәстүрінен жұрдай мұндай жандар саналы түрде өз ұлтының мүддесіне қайшы әрекеттерге бара береді.

Алайда, тек өз тілі мен ділінен ада адамдарды ұлт үшін зиянды элемент деп біржақты кесіп айту тағы дұрыс емес. Ал жалпы «көзқаман» атауы орыс отарында болған бұрынғы кеңестік кеңістіктегі халықтардың барлы­ғына ортақ құбылыс болып санал­ғаны белгілі. Және оны бес-он жылда шешіле салатын шаруа десек, асығыстыққа көпе-көрінеу жол берген боламыз. Себебі, отарлау озбырлығы бір күнде, бір жылда орныға салмағаны мәлім. Ұлт қырандарын қынадай қырып, орысқа айналуға оп-оңай дайын тұрғандарды қолдап-қолпаштаған өктем саясат өкшесінің астында қазақтың тілі ғана емес, рухы, намысы жаншылып қалғаны қандай қасірет еді. Өйткені, өзінің ана тіліне мұрнын шүйіріп, менсінбей қарайтын қазақтар пайда болды. Ұлт мәселесіне байланысты сыңаржақ пікірлерді алға тартып, орыс тілді қазақ, орыс тіл­ді қырғыз, орыс тілді татар, т.т. осы сияқты қоғамды бір-бірі­мен жақындатудың орнына алшақ­тататын бөлінулер құлаққа сіңе бас­тады. Бір қарағанда, мұнда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Бірақ бұл бірлі-жарым жағдаймен шектелмей, жұрттың санасына қалыптасқан термин, атау ретінде қабылдана бастаса аяғы не болары белгісіз. Қазақ тілінің, тіпті, кей жерлерде жай мекемелердің есігінен сығалауға шамасы келмей қалғаны неткен сұмдық кезең еді. Мұндай келеңсіздікпен күрес Тәуелсіздік орнағаннан кейін қызу қолға алына бастады. Мысалы, Президент Жолдауындағы «Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақ тіліне айрықша көңіл бөлінуі бұл ба­ғыттағы іске кең серпін беруде. Тәуелсіздік алғаннан бер­­мен қарай қазақтың саны 11 мил­лионға жетіп, 65 пайыздан асыпты. «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді», деді Елбасы. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігін ескертіп, ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиістігін атап өтті. «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көте­рілгенде, біз елімізді Қазақ Мем­лекеті деп атайтын боламыз», деген сөз айналып келгенде ел мен халықтың тағдыры келешек­те ана тілімен тікелей байланыста екендігін алақандағыдай айқын көрсетіп тұрған жоқ па? Тіл – адамның жаны, кескін-келбеті десек, яғни қазақтың жаны – қазақ тілінде, орыстың жан дүниесі – орыс, ал өзбектің рухы тек өзбек тілінде айқын көрініс таппақ. Тіл туралы қағиданың тұмары А.Бай­тұрсынов «Біз сияқ­ты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы мүмкін» деп қауіп етсе, Х.Досмұхамедов: «Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате» деген екен. Әрине, мұндағы мақсат өзге тілден бас тарту, қазақ тіліне басқа тілдерді қарсы қою емес. Алайда, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін алуы мемлекетті мемлекет ететін басты фактордың бірі деп санағанымызбен, рухани құндылықтардағы тіл мәселесі күн тәртібіндегі өткір мәселеге айналып отыр. Қазақ тілінің шұра­йын танытатын көркем шығармалардың өзі орыс тілін қоспаса басы ауыратын болды. Кейіпкерлер диалогтары ұзақ-сонар кейде орысша өріліп кетіп жатады. Қазақша атау­ларды орыс сөздерімен дәйектеп, түсіндіру әдеті жиі байқалады. Қазақ тілі мен орыс тілі туыс­тас, түбі бір тіл ме еді? Орысша түсін­бейтін қазақ не істеуі керек сонда?

Ал енді бүгінгі әңгіменің негізгі арқауы – киноның тілі қан­дай де­ген сұраққа оралайық. Тілді қа­шанға дейін ойыншыққа айналдыра беруге болады? Ерлан Нұр­мұхамбетовтің «Аңшы бала» фильмін көрдік. Ойы, идеясы тартымды. Балаларға арналған отандық фильмдерге зәруміз. Осы реттен алғанда, бұл туынды балалар үшін үлкен олжа деп айтуға болады. «Менің атым Қожа» фильміне жету қайда, бірақ қызығып бір көруге тұратын фильм. Ақ атанға мініп аңшы баланы кәсіпке баулитын қария бейнесі тұшымды. Әйтсе де, әжеп­тәуір көркем дүниені тіл­дің ала-құлалығы бүлдіреді. Сө­зіміз құрғақ болмас үшін мы­сал келтірейік. Аңшы бала мен кішкентай қыз баланың ара­сын­дағы әңгіменің сиқы мынадай: «Менің мамам мен папам жаз бойы поляда жұмыс істейді», «Биноклің жақсы ғой», «Қамбар, сен зоопаркке бардың ба?», «Аңдар клеткада тұрғаны қызық емес, далада ғана қызық», «Мен күреске және драмкружокқа барамын», «Қазір репетиция болып жатыр».

Қамбар – қала баласы. Сон­дықтан оның өз сөзіне ара-тұра орысша араластырып сөйлеуі заң­ды деп уәж айтатындар болуы мүм­кін. Әрине, фильмдегі бас­ты идея қалалық жасөспірімнің қа­зақ тіліне шорқақтығы туралы болса, мұндай тәуекелге бару сон­шалық өрескелдік туғыза қой­мас еді. Алайда, мұндағы оқи­ға мүлде басқа. Сондықтан бұл арадағы «бинокль», «зоопарк», «по­ля», т.б. сөздерді ешнәр­се­мен бүркемелей алмайсыз. Өмір бойы қазақша ойлап және осы тілде сөйлеп дағдыланған адам мұндай фильмдерді біраз көре бастағаннан кейін намыстанып өшіріп тастайды. Өйткені, тіл сауат­сыздығы, тіл кемшілігі қа­зақ­ша фильмдерге жиіркеніш се­зімін туғызатын ең басты келең­сіздік. Соңғы кездері орысша ара­ластырып сөйлеу экрандық туын­дылардағы қалыпты жағдайға айналып барады. Бұл ретте жартылай қазақша, жартылай орысша сөйлейтін «Ғашық жүрек немесе жұлдызды коктейль» фильмін, шынын айту керек, жұрт Мейрамбек Бесбаев, Мөлдір Әуелбекова, Ай­гүл Иманбаева сияқты эстрада саңлақтарының өнерін көру үшін тамашалауы мүмкін. «Сіз кімсіз Ка, мырзаны?» театр және кино саң­лағы Асанәлі Әшімов үшін тама­шалағанымыз сияқты, кейде фильмді халықтың бір сүйікті актеріне деген құрметпен көретіні өтірік емес. «Бір қызымнан бір қызым һәм сорақы» демекші, соң­ғы уақытта өңірлерде, облыс орта­лықтарында жекеменшік киностудиялар пайда бола бастады. Солардың бірі – «Ақ желкен» киностудиясы «Студенттік кез» атты фильм түсіріпті. Көркемдік деңгей деген нәрсені былай қойғанда, тілі мүлде сын көтермейді. Сол сияқ­ты, «Қағаз ұшақ», «Бір тамшы жас» фильмдерінде де: «О, брат, бауырым», «Давай, брат», «а-ну-ка построимся, қыздар», «Я сколько раз говорю, где деньги. Будут деньги – будет операция», «Привет», «Братан, не проблема соншама», «Обязательно маңдайға жазылып қойды ма», «Жаптық теманы», «Ертең продукт алып үлгеру ке­рек», деген тәрізді тізе беруге ұят былдыр-шатпақ сөздер өріп жүр. Киносы жаңадан ғана тәй-тәй басқан қазақ үшін мүмкін мұндай алғашқы сәтсіздіктерге көз жұма қараған дұрыс шығар. Солай болғанмен мұндай шүлдірлек фильм­дердің өсіп келе жатқан өске­лең ұрпаққа, жай қарапайым халыққа қандай тәрбиелік мәні бола­тынын назардан тыс қалдыру тағы жарамайды.

Қазіргі жастар көп сөзді, қызық тіркестерді кинодан үйренеді. Бар­лық нәрсе кинодан жұғады. Демек, киноның тілі өте тез жатталады, санаға тез сіңеді. Қоғамға қатты әсер етеді. Мысалы, «Жара­лы сезім» фильмін көп адам тамашалапты. Ғаламторда бұл тура­лы біраз пікірлер жүр. Соның ішінде Көз атты көрермен: «...Кө­зі қараңғы оқымаған-тоқымаған жігіттер қалай білдей бір фирманы басқарады. Жастарға оларды неге үлгі етіп көрсетеді? Режиссерлерді түсіне алмадым. Тәрбиелік мәні қайда? Кезінде арзанқол газеттер сатылған Шымқалада енді татымы жоқ фильм­дер көбейе бастады. Қадағалау керек...» деп жазыпты. Қадағалау демекші, заңға қайшы әрекеттерге бой алдырған кез келген нәрсе жабылады, жауап береді, тәртіпке келтіріледі. Тілге шабуыл, тілді қорлау – бұл да заңсыздық. Ендеше, қазақтың тілін аяқасты ет­кен студиялар өз өнім­дері үшін жауап берулері керек. Өкінішке қарай, кино маман­дарының өзі кейде екі түрлі ойды алға тартады. Бірі аралас тілді фильм­ді тілге қиянат деп есептесе, екінші тарабы «біз өмірдің шынайы көрінісін көрсеткіміз келеді» деген қисынды алға тартады. Киноның теңдессіз психологиялық-идеоло­гия­лық қару екенін ежелден дүние­жүзі мойындап қойған. Соған қарамастан бізде осындай келеңсіз жайттар кең етек жайып отыр. Ана тілге құрметті азайтатын мұн­дай өрес­кел қателіктерді қазір жой­масақ, нәтижесі өкінішке әкеліп соғады.

Дүкендердегі дискілер бірте-бірте қолданыстан қалады, ешкім сатып алмайды. Қазір таңдаған фильміңізді ғаламтор арқылы тамашалай аласыз. Тиімді, ұтымды. Себебі, мұнда уақытыңызды ұр­лай­тын жарнама жоқ. Міне, сол интернетті ашсаңыз шетелдің, Ресейдің кез келген киносын емін-еркін көре бересіз. Орыс тілінде. Интернет тұтынушылардың дені жастар екенін ескерсек, бұл торға алдымен топ етіп түсетін де солар. Айтайын дегеніміз, қазақша фильмдердің осы жағынан да соры қайнап жатыр. Қазақ тіліндегі туын­дыларды сағаттап отырып іздей­сіз. Таба қалған жағдайда, кө­бі орыс тілінде. Өмірдің қайнар көзіне айналған жаңа арнадан ана тіліміздің айдынын кеңейтетін жол іздесек, қанеки.

Қазақты жатыпішер, жал­қау, бойкүйез, маскүнем етіп көр­сететін, тозығы жеткен Мәде­ниет үйлері мен қираған ғимаратқа, жұ­пыны тұрмыс пен киіз үйдегі күйбең тірлікке таңған фильмдер қаптап кеткен болатын. Аяғынан жаңадан тік тұрып келе жатқан жас мемлекет үшін ондай саны бар да, сапасы төмен картиналар санаға кереғар ойлар тудыратыны кейін қатты сыналды. Өзіңді өзің осыншама сорлы, бейшара кейіпте бейнелеуге не мәжбүрледі деген сұрақ туды. Кейін шетелде Қазақстанды қорлайтын «Борат» фильмі жарық көргенде, намыстанып өртене жаз­дағанымыз тағы рас. Алайда, қор­лайтын қораш сарын толық жо­йылып бітті деу ерте. Ресейлік стильге еліктеудеміз. Детектив, шым-шытырық оқиғалы фильм­дер түсіруге тәуекел жасалуда. Түрлі сериалдар көбейе бастады. Түріктің, корейдің телехикаялары ұлттық арнадан аластатылды. Төл арнадан тек төл туындыларға орын берілуде. «Қазақстан» ұлттық арнасына рахмет, киногерлермен біраз жобаларды бірігіп әзірлеуде. Қазақ тілінде дүниеге келген әр фильм, телехикая үшін қосылып сүйінші сұрап жатамыз. Бар нәрсені, жасалып жатқан жақсыны көрмеу тағы дұрыс емес. Бірақ әңгіме тілге тірелгенде, тірнектей нәрсеге дейін айтылуы керек. Қазақ телехикаяларындағы кей актерлердің сөздері шынайы емес, олар тілі жа­ңа­дан шығып келе жат­қан жас бала сияқты әзер қазақша сөйлеп тұрады. Тілдері буылып, түйіліп қалады. Сөз бен іс қабыспай тұрған сериалдан еріксіз бас тартуға мәж­бүрсің. Ал енді мұндай тілі мү­кіс дүниелер қашанға дейін жал­ғаса береді, бұл өз алдына бө­лек мәселе. «Ағайынды» телехикая­сын көрермен өте жылы қабылдады. Әттең, «өмірде адамдар осылай сөйлейді екен» деген ұстанымның салдарынан бұл туынды таза қазақша болмай қалды. «Ертең звондаймын деді», «Сен огородтың суын өшіре сал», «так и сделаем», «хорошо, понятно», «давай», «деньги забрал, ты, главный занимайся», «ты что, братишка?», мұндай мысалдар жеткілікті.

Студиялардың жекесі бар, мем­лекеттігі бар қай-қайсысы болсын ойларына келгенін түсіріп, ойларына келгенін сөйлеуіне кім құқық берді? Кино ең алдымен, тәрбие құралы болып саналады. Тәрбие құралы емес, көңіл кө­теріп, рухани ләззат алатын ғана нәрсе деп айтып көріңізші. Ал сол тәрбиенің тілі ала-құла, бөгде тілмен шұбарланып жатса, не істеу керек? Ұлттық мүддеге қайшы келетін қай нәрсемен де аяусыз күресу керек. Әдетте, кино туралы әңгіме қозғалғанда, Отанға деген патриотизмді оятатын, қазақ боп дүниеге келгеніңе, ұлтыңа мақ­таныш сезімін ұялататын фильмдер көптеп түсірілсе деген ой алғашқы орында тұрады. Осыған толық жау­ап бермегенмен, сәл жуықтайтын бірлі-жарым фильмдер бар. Соның бірі, көпке дейін көптің аузынан түспеген – «Жаужүрек мың бала» фильмі. Бұл картина «қазақтар кино түсіре алмайды» дегеннің сыңаржақ айтылған пікір екенін ескерткендей. Алайда, қазақ киносы айтарлықтай керемет болса неге олардың арасында Джеки Чан, Стивен Сигал, Сильвестр Стал­лоне, Арнольд Шварценеггер, Жан-Клод Ван Дамм, Антонио Бандерас сияқты танымал тұлға жоқ деген сұрақ туады. Ауылдың қара сирақ баласынан: «Үлкейгенде кімге ұқсағың келеді?» деп сұрасаң: «Өскенде Шварценеггер сияқты батыр болғым келеді», деп қиялға батар еді. Киноның өзге өнерге қарағанда мүмкіндіктері шексіз екенін осындай мысалдар айқын көрсетіп береді. Жалпыхалықтық сү­йікті бейнелерге ай­налған мұн­дай батыл тұлғалар өз актер­леріміздің арасынан өсіп жетілетін кез жет­ті. Десе де, киноның шын бағасын беретін қашанда – халық. «Жаужүрек мың баладағы» бір ғана рөлімен көрермен сүйіспеншілігіне бөленген өндірдей жас актерлер Асылхан Тө­лепов пен Аян Өтеп­бергенді жұрт келешекте сондай жұлдыздар шоғырына қосылады деп үміттенеді. Әзірге ол – алыстағы арман. Ол үшін қазақ киносын қазақтың өзі таласып көруге ұмтылатын кезге жету керек. Әзірге кинотеатрларға жұрт жаппай кіріп жатыр деп айта алмайсыз, залдарда тек жастардың ғана басы қылтияды.

Кеңес Одағы сынды тұла бойы тұнған қару ұлы империя­ны оқсыз құлатқан не нәрсе? Идео­логиялық майдан. Ақыл-ойдың ағынын кеңестік уыс ұзақ қысып ұстап тұра алмай қалды. Отандық туындыларды телеарналар мен кинотеатрларда шетелдік дүниелер тықсырып, бұрышқа тықты. «Байтал түгіл, бас қайғы» заманда қазақ фильмдерінің тағдырын ойлауға ешкімнің шамасы келген жоқ. Шетелдік кинолар топан судай қаптап, сананы улады. Өткен жылдарға көз жүгіртсеңіз, шетелдің киносы десе делебесі қозып, кинотеатрларға қарай ағылатын қауым еріксіз еске түседі. Американ, үнді, орыс фильмдері шекараны бұзып-жарып, баса-көктеп енді. Мұны айтып отырғандағы ойымыз, кино өнері қай қоғамда болсын идеологияға қызмет етеді. Қазір қазақ киносы қай идеологияға қызмет етіп жатыр деген тұрғыдан келетін болсақ, құлдық сананың құлпын ашқан «Жаужүрек мың бала» сияқты азат фильмдердің санын көбейту керек деп санаймыз. Бір ғажабы, мұның орыс тіліндегісіне қарағанда, қазақ тіліндегі нұсқасына сұраныс көп түскен. Ендеше, бұл фильм ана тіліміздің дамуына да айтарлықтай үлес қоса алған бірден-бір картина екені даусыз.

Бұл жағынан «Адмирал» фильмі арқылы Колчакты ер­жүрек, елін сүйген патриот етіп танытқан орыстардан, «Штайнер» фильмінде фельдфебель Штай­нердің ерлігін паш еткен не­міс­терден, «Тали-Иханталада» екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан солдаттардың ерлігін үлгі еткен финдерден үйренетін нәрсе көп. Осы дүниелер өздерінің ана тілдерінде жарық көргендіктен сол халықтың жан дүниесіндегі бояулар өте шынайылықпен бей­неленеді. Сондықтан төл киноны тек қазақ тілінде түсіретін уақыт әлдеқашан жетті. Орысша түсірмесе қазақ киносын ешкім көрмей қояды деген сыңаржақ ойдан арылу керек. Фильмде екінші, ресми тілді жүгіртпе жолдар арқылы титрда беріп отыратын әлемдік тәжірибелер бар емес пе? Неге осындай амалдар­ды пайдаланбасқа. Бұл талап орындалмастай қиын да емес. Ол үшін режиссерлердің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндіктер же­тер­лік деп есептейміз.

Тәуелсiздiк шуағы төгілгелі 22 жылға айналып барады. Қарасаңыз, бір адамның жастығына барабар уақыт. Бірақ соған қарамастан қазақ киносының тілдік проблемасы әлі күнге өткір қалпында қалып отыр. Біз бүгін осы мәселенің бір қырына ғана тоқталдық. Ара­лас тілді фильмдердің абырой әпермесін айттық. Қазақ тілінің қанатын қайырмайық деп дабыл қақтық. Бұл арада ұлты бір әр кейіпкер әр тілде сөйлейтін фильмдерді, тіпті, ауызға алып та отырған жоқпыз. Мұның өзі өнердің шарттылығына, оның төл табиғатына атымен жат нәрсе екені мәлім.

Тағы да құжатқа жүгініп ой түйіндесек, «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Қазақ тілі – біз­дің рухани негізіміз. Біздің мін­детіміз – оны барлық салада бел­сенді пайдалана отырып дамыту» делінген. Осы дамыту дегеніміз сірә, тіл тазалығын сақтау болса керек-ті. Кино – өнер. Ал өнердің тілі мөлдір бастаудай тап-таза бо­луы керек емес пе? «Адамдар өмір­де осылай сөйлейді екен» деп, әдебиетті, сахналық туындыны, киноны қарабайыр тұрмыстың тіліне байлап берсек, ол қалай көркем дүние атына лайық болмақ? Қайта керісінше, өнеге, өрнек сонда емес пе? Тіліміз барда – тіріміз.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті салған Айдарбек Ғазизұлы.

 

Соңғы жаңалықтар