Қостанай облысында ауылдық елді мекендердің 36,1%-ы ғана ауызсумен қамтылған. Облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдардың көбі әлі күнге дейін кеңес заманында қазылған құдықтардың суын пайдаланып келеді.
Толғағы піскен мәселенің күрмеуі тарқатылатын кез жеткен сыңайлы. Облыс әкімдігінде өткен жиында ауызсу мәселесі арнайы талқыланып, биыл көптеген елді мекендердің сапалы сумен қамтылатыны туралы айтылды. Өңір басшысының айтуынша, 2021 жылы ауызсумен қамтамасыз етілетін ауылдардың үлесі 60,2%-ға жетпек. Ал 2025 жылға қарай облыс тұрғындарын 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту міндеті тұр.
Облыста бүгінде ауыз су тапшылығын тартып отырған өңірдің бірі – Наурызым ауданы. Аудандағы 10 елді мекеннің үшеуі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қалған ауылдар ауыл болғалы ауыз суды құдықтан тартып ішіп отыр. Биыл кейбір елді мекендердегі құдықтар құрғап, су басына байланған шынжыр баулы бақыр шелектер сарыдақтанып тот жамыла бастапты.
Мысалы, осы ауданға қарасты Өлеңді ауылында бүгінде жүзге жуық үй түтін түтетіп отыр. Әр аулада бір-екіден құдық бар, бірақ суы ащы болғандықтан ішуге жарамсыз. Сондықтан мұндағы жұрт ауыз су үшін ауылдың шетіндегі жалғыз құдықтың басына барып, ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр.
Ауыр тірлікке әбден көнбіс болып алған тұрғындар жазда қинала қоймағанымен, су тасудың тауқыметін қыс бойы тартып шығады. Әсіресе апталап ақ түлей боран соғып, көшені белуарға дейін қар басып қалған күндері қиын. Мұндай кезде құдыққа жету үшін бораннан кейінгі күртек қарды омбылап кешіп бару керек. Оның үстіне, соңғы екі жыл қатарынан жаз құрғақ болып, айлап аптап ыстық тұрып алғандықтан, биыл құдықтағы су төменнен жылтырағанымен, түбінен көтерілмей қойды. Сондықтан ауыл тұрғындары қорадағы бірен-саран малын суару үшін 1,5-2 шақырым жердегі көлге барып мұз ояды. Шамасы жоқтар шанамен флягтап, шамасы барлар трактормен бөшкелеп су тасиды.
Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 80 бас асыл тұқымды ірі қара алған Дмитрий Исаев биыл ауыл шетіндегі сиыр қорасының маңынан 80 метр тереңдікке дейін ұңғыма қазып, су шығара алмапты.
– Менің малыма күніне 2-3 бөшке су кетеді. Оның бәрін тракторға бөшке тиеп алып, 2 шақырым жердегі көлден тасып әкелеміз. Былтыр құдықтарда су бар еді, биыл мүлде жоқ. Менің мал ұстайтын ауламда 4 құдық бар, осы құдықтардан тәулігіне ары кетсе 2 текше метр су шығады. Ауыз су мәселесі де қиын болып тұр. Құдықтағы судың бәрі тұзды су. Бүкіл ауыл тұщы суы бар жалғыз құдықтан су ішіп отыр. Ауыл сыртындағы электр торабының жанында жалғыз құдық бар, сол жерге барады. Менің ауламда да бір құдық бар. Бірақ ауылдан шалғайлау болған соң, бұл жерге аса көп ешкім келе қоймайды. Көрші Раздольный ауылынан 16 метр қазсаң су шығып тұр, біздің жердің неге иімей тұрғанын білмейміз, – дейді шаруа.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл ауылға кеңес дәуірінде орталықтандырылған су жүйесін тарту жұмыстары басталып, кейін тоқтап қалған екен. Өкініштісі, сол кезде төселген құбырлар кейін қолды болып кетіпті.
Былтыр аудан орталығынан құрылыс бөлімінің мамандары келіп, халықпен кездесіп, хаттама жасап, қол қойысып, келер жылы Өлеңдіге де су келеді деген соң, ауыл тұрғындары кәдімгідей үміттеніп қалған. Алайда аудан әкімі Талғат Кәрбозов бұл мәселеде халық көп шоғырланған елді мекендер бірінші кезекте тұрғанын, Өлеңдіні сумен қамту алдағы 3-4 жылдың еншісінде екенін аңғартып: «Таяуда Раздольный ауылына су тарту құбыры мәселесі шешіледі. Сонымен қатар Дәмді ауылына да су тарту жоспарда бар. Науырзым ауданында елді мекендерге орталықтандырылған су жүйесін тарту соңғы үш-төрт жылда қолға алынды. Алдағы уақытта тағы 2-3 елді мекенге су құбыры тартылса, халықты сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 90 пайызға маңайлап қалады», деген.
Осы мәселені биыл тағы бір анықтап алмақ болып аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарластық. Бас маман Серікжан Әуезовтің айтуынша, биыл 3 ауылды ауыз сумен қамтуға облыс бюджетінен 15 млн теңге қарастырылып отыр.
– Биыл Раздольныйға орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту жұмысы аяқталады. Сонымен қатар Өлеңді, Дәмді, Мереке ауылдарына ауыз су тарату торабы орнатылады. Бұл ауылдарда тұрғындар саны аз болғандықтан, су құбырын тарту тиімсіз. Сондықтан су таратқыш торап орнатамыз. Бұл шағын су қоймасы сияқты нәрсе. Оған арнайы су таситын автокөлік бөлініп, сырттан әкелінген ауыз сумен үзбей еселеніп отырады, – деді С.Әуезов.
Енді облыс әкімдігіндегі жиынға қайта оралсақ, биыл облыс аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтуды көздейтін 41 жоба іске қосылып, оның 16-сы биыл ел игілігіне табыс етіледі.
– Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету облыс дамуының басым және стратегиялық бағыттарының бірі. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру басталды, оның аясында 2025 жылға қарай халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтуды қамтамасыз ету міндеті тұр. Ағымдағы жылы екі бағдарлама – «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауылдық және қалалық сумен жабдықтау бойынша 41 жобаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден 15,2 млрд теңге бөлінді, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Облыс басшылары 2022 жылға дейін облыс тұрғындарының 80,7%-ын, ал ауылдардың 82,3%-ын сапалы ауыз сумен қамтуды көздеп отыр.
Қостанай облысы