Өткен жылы шетелдік білімі бар мемлекеттік қызметшілер саны – 7, мемлекеттік басқару академиясын бітірушілер саны 8 пайызға өскен. Ал кадрлардың тұрақтамауы 5 пайызға кеміген. «Бұл ең алдымен мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырудың арқасы», деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.
Агенттіктің өткен жылғы атқарған жұмыстарының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңдегі міндеттері мен оларды іске асыру жоспарлары талқыланған алқа отырысында баяндама жасаған Анар Жайылғанова сапалық құрамның артып, меритократия қағидатын сақтау және кадр тұрақтылығы көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті.
Ол сондай-ақ 7,5 мың мемлекеттік қызметшінің мансаптық ілгерілеуге қол жеткізгенін хабарлады. Бұл барлық конкурс бойынша тағайындалғандардың жалпы санының 60 пайызын құрайды.
Өткен жылы агенттік саяси мемлекеттік қызметті кәсібилендіру мақсатында алғаш рет «Жаңа формация басшысы» бағдарламасын енгізген болатын. Сингапурдың Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебі мен Мемлекеттік басқару академиясы және Назарбаев Университеті бірлесіп іске асырған бұл жобаның басты мақсаты – саяси қызметшілерді заман талабына сай оқыту.
Өткен жылы осы бағдарламаға 50 саяси қызметші қатысса, биыл тағы 50-ін оқыту жоспарланып отыр. «Жаһандық көзқарас», «Тиімді коммуникациялар» және «Трансформациялық көшбасшылық» бойынша отандық және шетелдік бизнес-тренерлер мен коучтерден біліктіліктерін арттырғандардың дені – вице-министрлер, әкімдердің орынбасарлары, Президент Әкімшілігі бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ Президенттік кадр резервінде тұрған жастар.
«Сондай-ақ басшылардың басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану мақсатында Мемлекет басшысының 2020 жылғы 13 қарашадағы Жарлығымен саяси қызметшілердің ротациясы енгізілді. Саяси қызметшілер тағайындалған күннен бастап әр төрт жыл сайын ротациядан өтеді. 2021 жылы 67 саяси қызметші ротацияға жатады», деді агенттік төрағасы.
Алқалы жиында жекелеген саяси лауазымдарға біліктілік талаптарын белгілеу жолдары талқыланып, мемлекеттік басқару жүйесіне жоғары білікті жас мамандарды тарту мәселесі де сөз болды.
Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқартын кадр процестерін цифрландыру және автоматтандыру, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама мен Әдеп кодексінің сақталуына бақылау жасау бағыттары да назардан тыс қалмады.
Ал мемлекеттік қызмет саласын бақылауға қатысты толығырақ ақпарат берген агенттік төрағасы өткен жылы 743 тексеру өткізіліп, 15 мыңнан астам заң бұзушылықтың анықталғанын мәлімдеді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы саясатты іске асыру бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталған агенттік төрағасы негізгі басымдық – Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерден туындайтын стратегиялық-инновациялық мемлекеттік қызметті қалыптастыру болып қалатынын қадап айтты.
Алқа отырысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның өкілдері және агенттіктің және оған бағынысты ұйымдар мен аумақтық департаменттерінің қызметкерлері қатысып, ойларын ортаға салды.