Бүгінде Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырудың 5 709 жағдайы тіркеліп, 100 мың тұрғынға шаққанда науқастар көрсеткіші 501,4-ті құрап отыр. Ал пневмонияның 1 329 жағдайы анықталған. Тіркелген жағдайлардың ішінде 2 692 науқас симптомды, 3 017 науқас симптомсыз болып отыр. Өңірде қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде 5 383 азамат қауіпті індеттен жазылып шыққан. Алайда өкінішке қарай, коронавирус індетінен 64 адам қайтыс болған.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, коронавирус індетін жұқтыру көрсеткіші Тараз қаласында өршіп тұр. Бүгінгі таңда облыс орталығында 2 772 дерек тіркелген. Ал Байзақ ауданында – 385, Жамбылда – 301, Жуалыда –199, Қордайда – 652, Т.Рысқұловта – 199, Меркіде – 188, Мойынқұмда – 109, Сарысуда – 196, Таласта –138 және Шу ауданында 395 жағдай анықталған. Сонымен қатар әскерге шақырылушылар арасынан 125 жағдай, өңірге келуші басқа облыс тұрғындары арасынан 50 жағдай тіркеліп отыр.
Қауіпті індеттің алдын алу және өңір тұрғындарының өмірін сақтап қалу мақсатында Жамбыл облысы бойынша инфекциялық стационарда 1 200 төсектік орын дайындалған. Сондай-ақ карантиндік стационарда 15 тұлға бар. Олар Байзақ аудандық орталық ауруханасына, Қордай ауданы Қордай ауылындағы «Керемет» қонақүйіне және Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасына орналастырылған. Ал 2 405 тұрғын үй жағдайындағы карантинге жатқызылса, осы уақытқа дейін карантиннен 16 мың 439 азамат шығарылған.Сонымен қатар өңірдегі қоғамдық орындарда талап мейлінше күшейтілген. Қауіпті індетпен күресте аудандарда да тиісті шаралар қолға алынуда.
Жамбыл облысы