• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Ақпан, 2021

Қазақстан-Мысыр бизнес-форумы

411 рет
көрсетілді

Мысыр тарапының шақыруы бойынша жақында Мысырда Қазақстан-Мысыр сауда-инвестициялық бизнес-форумы өтті. Оған 300-ге жуық адам қатысты.

Айта кету керек, дәл осындай іс-шара екі жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында өткізіліп, оған екі елдің 100-ден астам бизнес өкілі қатысқан болатын.

Қазақстанның 13 өңірінен 60-тан астам компания мен мем­ле­кеттік органдардың өкілдері енген делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров бастап барды. Мысыр тарапынан форумға бизнес-қо­ғам­дастықтың 200-ден астам өкілі, сондай-ақ Мысыр Сыртқы істер министрінің орынбасары Тарик әл-Уасими, Оңтүстік Синай провинциясының губернаторы, генерал Халед Фуда, Мысыр сауда палаталары Федерациясының басшысы Ибрахим әл-Араби қа­тыс­ты.

Форумда сөз алған Қазақ­станн­ың Мысыр Араб Рес­пуб­ли­касындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Қайрат Лама Шариф:

«Біздің еліміз Египетті Аф­ри­каның «қақпасы» ретінде қа­рас­­тыра отырып, Қазақстан-Мысыр Іскерлік кеңесі мен сауда-эко­номикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комис­сияның көмегімен экспортты ілгерілетуге дайын. ЕАЭО-ға мүше елдер мен Мысыр ара­сын­дағы еркін сауда туралы келісімге қол қою қазақстандық өнім экспортын ұлғайтуға қосымша сер­пін береді, бұл халқы 100 млн адамнан асатын Мысыр нарығына жол ашады», деп атап өтті.

Спикерлердің айтуынша, өнім­­нің қымбаттауы және екі ел ара­сындағы сауда қарқынының баяу­лауы мемлекеттердің арасы алыстығына байланысты. Соған қарамастан, Қазақстанның тауар айналымын 4 есеге жуық ұлғайтуға мүмкіндігі бар. «Бұл тұрғыда қазақстандық компаниялар 300 млн долларға жуық сомаға сапалы тауарлар ұсына алады», деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыру алдағы уақытта болатын Мысыр Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен, сондай-ақ екі ел арасында кезекті саяси және консульдық консультациялар өткізумен байланысты.

Іс-шара барысында «Қазақ­стан­да жасалған» әмбебап көрме ұйымдастырылып, онда қазақ­стандық өндірушілердің Африка құрлығына экспорттайтын өнім­дері ұсынылды. Сонымен қатар отандық және мысырлық компаниялар арасында екіжақты келіс­сөздер жүргізіліп, бірқатар эко­номикалық құжатқа қол қо­йылды.

«Егемен-ақпарат»