• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Ақпан, 2021

Қостанайда 8 жасар бала әлемдік рекордты жаңартты

359 рет
көрсетілді

Қостанай қаласында 8 жасар Мұстафа Ерғали әуесқой спорт түрі - шынтақ тіреп төрттағандап тұрудан 16 жасқа дейінгі балалар арасында әлем рекордын жаңартты, деп жазады Egemen.kz

Спортшылар тілінде классикалық планка ұстау деп аталатын спорттың бұл түрі бойынша  16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ең жоғарғы әлемдік көрсеткіш бұған дейін 1 сағат 2 секунд болған екен. Мұстафа «Kostanay Plaza» сауда орталығында жиналған көпшілік көрерменнің көз алдында 1 сағат 2 минут 7 секундқа дейін қос шынтақпен төрттағандап тұрып, әлем рекордын 2 минутқа ұзартты.

Жас рекордшының жаттықтырушысы – өз әкесі Марат Қайыпбаев.

- Ұлым бұған дейін футболмен айналысты. Негізі бүгінгі көрсеткішті үйде бірнеше рет қайталаған. Мұстафадан басқа 3 балам бар, олар да осы спорт түрімен айналысады. Үйде бәріміз бірге жаттығамыз. Өзім классикалық планканы 8 минутқа дейін ұстап тұра аламын. Ұлымның көрсеткішіне жету қиын, әрине,  - деді М.Қайыпбаев.

Жас спортшының жетістігін көзбен көру үшін Қостанайға Қазақстан рекордтар кітабының рекордтар тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков те келген.    

- Қазақстанда күш рекордары жиі жаңарады, әуесқой спортшылар пандемияға қарамастан ірі нәтижелерге қол жеткізіп, жұртты қайран қалдыруда.  Мысалы, алматылық рекордшы өткен қаңтар айында ғана 26 тонналық вагонды тісімен тартып қозғалтып, әлем жұртшылығына бас шайқатты. Қазір 700 беттік кітапта 5 мыңға жуық рекордшы тіркелген. Егер Мұстафаның көрсеткішін күзге дейін ешкім жаңарта алмаса, Мұстафаның есімі әуесқой спорт түрі бойынша ең жоғарғы әлемдік көрсеткішті жаңартқан рекордшы ретінде Қазақстан рекордтар кітабына енеді, - деді Б.Тастүлеков.     

         

Қостанай облысы