Пандемия қыспаққа алған 2020 жылы елімізге бірқатар мемлекеттерден гуманитарлық көмек келгені белгілі. Тіпті келген заттардың «СҚ Фармация» қоймасында айлап жатып қалып, оның соңы қоғамдық шуға ұласқанын да ел әлі ұмыта қойған жоқ. Қазақстанның өзі басқа елдерге 3 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек жіберген.
Қазақстанға былтыр жалпы көлемі 19 млн доллардың көмегі келген. Соның тең жартысы Қытайға тиесілі екен. ҚХР Қазақстанға 10 млн доллар көлемінде көмек аттандырған. Негізі пандемияға дейін, 2019 жылы Қытайдан бірде-бір гумкөмек алмаппыз. Ал 2019 жылы бізге көмек көрсету бойынша Германия көш бастаған. Немістер көмек легін 2020 жылы да жалғастырып, 2,2 млн долларға бағаланатын қажетті заттар жіберген. Дегенмен бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 3,7 есе аз. Одан кейінгі орындарда Үндістан және Катар елдері тұр.
Ал АҚШ-тың бізге жіберген көмегі 3,1 млн долларға бағаланады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп.
Былтыр ақшалай түрде алынған гуманитарлық көмектің басым бөлігі машина және жабдықтауға тиесілі: 6,5 млн доллар (7,7 есе өсім). Сондай-ақ жалпы көлемнің 31 пайызын киім мен аяқ киім құраған: 5,9 млн доллар (9 есе өсім). Бұл орайда медикаменттерден тұратын гуманитарлық көмек 2,3 есе қысқарып, 1,7 млн долларды құрапты.