• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Ақпан, 2021

«Жасылда» қалудың жалғыз жолы

268 рет
көрсетілді

Түркістан облысында 1-11 ақпан аралығында 970 медицина қызметкері COVID-19-ға қарсы екпе салдырды. Өңірге Қарағандыдан әкелінген вакцинаның 1300 дозасы барлық ауданға таратылған болатын. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтің мәлімдеуінше, жылдың соңына дейін вакцинаның тағы 937 мың дозасын алу көзделген. Осылайша, биыл облыстың 45-50% халқын қамту, яғни 950 мың тұрғынға вакцина егу жоспарланған.

Өңірде коронавирус індетіне қарсы екпе салу жұмыстары 20 емханада жүр­гі­зілуде. Вакциналарға арналған мұз­дат­қыш камералары жеткілікті. Бүгін­де вакцина егілген азаматтардың ден­саулығы жақсы. Екпеден кейін ауру­ханаға түскен жағдайлар тіркел­меген. Пандемия басталғалы бері өңірде індет жұқтырудың 4 176 жағдайы тіркелсе, оның 2 682-сі симптомсыз, 1 671-і стацио­нарлық ем қабылдады. Бүгінде 103 адам инфекциялық және карантиндік жағдайда емделуде. Өткен тәулік ішінде облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 12 жағдайы расталды. COVID-19 инфек­­ция­сының күнделікті өсу деңгейі 0,28% төңірегінде. Айта кетейік, «жасыл ай­мақтағы» облыс аумағында 610 ин­фек­циялық және 340 карантиндік орын дайын. Вирустың өршуі орын алған жағдайда, оның санын 6 мыңға дейін көбейтуге мүмкіндік бар.

Эпидемиялық ахуалды бағалау көр­сет­кіші бойынша «жасыл аймақта» тұр­ған облыста мамандар Мен жауапты мекемелер тарапынан осы түсте қа­лу­дың барлық амалы жасалуда. Әри­не, «жасылда» қалу үшін жұрт бо­лып карантин талаптарын сақтау қажет. Алайда ауылдарда «бата көкпар» ұйым­дастырып, құдалық өткізу тыйылмай тұр. Мейрамханалардың есігі жабық болғанымен, бүгінде «қыз ұзату», «беташар» сынды тойлар «үйішілік» және «аулалық» деңгейге көшкен. Қазіргі таңда облыс бойынша 104 мо­биль­ді мониторингтік топ жұмыс іс­теу­де. Мобильді топ құрамымен жұ­мыс істеуіне рұқсат етілген 13 812 нысан­­ның 998-інде карантин талаптарын бұзушылық анықталып, хаттама тол­­тырылған. Оның ішінде, 969 жеке тұл­ға­ға – 30 АЕК, 3 лауазымды тұлға мен 25 жеке кәсіпкерге – 230 АЕК, 1 заңды тұлғаға 1600 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Түркістан облысы санитариялық-эпи­де­мио­логиялық бақылау департа­ментінің басшысы Нұрбек Нышанов­тың мәлімдеуінше, аурушаңдық өткен қараша, желтоқсан және қаңтар айларында тиісінше 65, 192 және 427 жағдайдан тіркеліп, өсу үрдісі байқалғанымен, соңғы 2 апта көлемінде эпидемиялық жағдай едәуір тұрақталған. Індеттің тіркелуі салыстырмалы түрде 28 пайызға төмендеді. «Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша тапсырған сынамалар ішінде 279 науқастан COVID анықталған. Оның ішінде ЖРВИ/пневмония диагноздарымен 76 науқастан және 201 жағдай өзара қатынаста болғандар арасынан анықталып отыр. Профилактикалық мақ­сатта тапсырғандар ішінде 240 нау­қас анықталды, олар: мемлекеттік ше­карадағы кеден бекеттерінен өту кезінде – 7, вахталық жұмысшылар арасынан – 167, әскерге шақыртылғандар – 3, жос­­парлы және шұғыл жатқызу кезінде – 44, жүкті әйелдер арасынан – 11, ақылы түрде тексерілгендер арасынан 5 жағдай анықталған», дейді Н.Нышанов.

Облыс тұрғындарын ПТР әдісімен тексеру мақсатында 9 мемлекеттік зертхана жұмыс істеуде. Бүгінге дейін полимеразды тізбекті реакциясы әдісімен 469 426 адам тексеруден өткізілді, вирус анықталғаны – 4 196. Мамандар барлық жағдай веб-қосымшаға енгі­зі­ліп, бақылауға алынғанын айтады. Эпи­демиялық ахуалдың тұрақты болуы әрбір азаматтың карантиндік талап­ты сақтауына байланысты екенін жұрт жақсы біледі. Бұл орайда тиісті мекемелер де «құдай сақтасын» деп бейғам жүретін жұртқа жиі ескерту жасап, та­лапты бұзғандарына тиісті шара қол­да­ну­да. Яғни «жасылда» қалудың жолы жал­ғыз – барлық карантин талаптарын сақтап, вакцина салдыру екені айты­луда.

Түркістан облысы