• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Ақпан, 2021

Қарағандының қарқыны: Елбасының арманы жүзеге қашан асады?

894 рет
көрсетілді

Осыдан үш жыл бұрын Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келгенде еліміздің Тұңғыш Президенті кеншілер астанасы миллион тұрғыны бар қалаға айналуы керек деген болатын. Елбасының осы сөзі қозғау салды ма екен, іле облыс орталығында құрылыс қарқын алды. Тіпті бұл үдеріске былтырғы індеттің үдеуі де, карантиндік шектеулер де тежеу бола алмады.

Тұрғыны миллион болатын қалаға алдымен баспана керек екені екібастан белгілі. Яғни құрылыс индустриясы салтанат құрмайынша, игі мақсатты көздеген әңгімелердің су аяғы құрдымға кетері сөзсіз. Ал бұл мәселе кезінде Қазақстанның екінші қаласы болған Қарағандыда шешімін тапқан ба? Біз осы төңіректегі сұрақтарға жауап іздегенді жөн деп таптық.

Қазіргі таңда Қарағанды қаласының аумағында 500 мыңнан астам адам тұрады. Бұл облыс тұрғындарының 36%-дан астамын құрайды. Бүгінде облыс орталығы бойынша әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 17,5 мың адамға жеткен. 2019 жылдың қазан айынан бастап 2020 жылдың соңына дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 162 қарыз мақұлданып, 106 лимит белгіленген. Оның ішінде 50-і көп балалы отбасыларға тиесілі.

Былтыр аталған бағдарламаның 128 қатысушысына бюджеттен бастапқы жарнаны енгізу үшін 1 млн теңгеге дейін тұрғын үй сертификаттары берілді. Оның ішінде 44 көп балалы отбасы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 18 отбасы және 66 толық емес отбасы бар. Сонымен қатар 2020 жылдың ІІІ тоқсанынан бері қазірге дейін «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға құжаттар қабылдау жалғасуда. Бұған кезекте тұрғандардың барлық санаттары қатыса алады.

Қарағандыда құрылыстың қарқыны алдағы уақытта да бәсеңдемек емес. Мысалы, қалада «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Трилистник» тұрғын үй кешенінің № 4, 7, 8, 9 үйлерінің және «Панель-Центр» шағын ауданындағы үш көп қабатты үйдің құрылысын толық аяқтап, 1 056 отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарда бар. Бұдан бөлек, жеке инвестициялар есебінен құрылысты белсенді жүргізу назарда болады. 2021 жылы осы бағытта 325,9 шаршы метр коммерциялық тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. Жаппай құрылыс жүргізілетін аудандарда жеке тұрғын үйлер салу бойынша биыл 40 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Бұл саладағы жұмыстардың жемісті болмағына жергілікті атқарушы органдардың қосары да мол болуы тиіс. Қажетті инфрақұрылымды тарту және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін қолайлы жағдай туғызу әкімдіктердің алдындағы зор міндет. Мысалы, бүгінде Қарағандыдағы Күнгей шағын ауданындағы 299 учаскеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуды аяқтау үшін қаражат қарастырылған. Мұның өзі 300 отбасын инженерлік желілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Қазақстан халқына Жолдауында 2030 жылы бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамту 30 шаршы метрге жетуі керек деген міндет қойған болатын. Ал Қарағандыда әзірге бұл көрсеткіш бір адамға 25,1 шаршы метрді құрап тұр.

Құрылыспен бірге Қарағанды қаласы бойынша 299 аула аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Ұзындығы 20 шақырымнан асатын 28 орамішілік жолдар, жаяу жүргіншілерге арналған 78 жол жөнделген. Сондай-ақ 169 аулада спорттық және балалар ойын-сауық элементтері орнатылды. 900-ден аса контейнер алаңы жабдықталды және де 186 көп пәтерлі үйдің шатыры мен қасбеті жөнделді. Аталған жұмыстар биыл да жалғасын табады деп сендіреді қала әкімі. Бұл мақсатқа деп қарастырылған қаржы қоры да жеткілікті екен.

Кеншілер астанасының шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жоспары да ауқымды. Мысалы, алдағы уақытта 300-ден астам жоба мемлекеттік қолдау құралдарымен қамтылып, 90 жаңа кәсіпкерлік нысанын ашу жоспарда бар. Сауда және қызмет көрсету бағытында Global city көтерме сату логистикалық орталығын кеңейту де назарда болады. Жас кәсіпкерлерді қолдауға да көңіл бөлінеді. Бұл мақсатта бизнес бастауға бөлінетін гранттар үшін бюджеттен 12 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар биыл «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірге мыңға жуық ыңғайлы сауда орындарын құра отырып, «Көше саудасын дамыту» тұжырымдамасын іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ бизнесті орналастыру үшін аукциондар арқылы 60-тан астам жер учаскелері сатылымға шығарылмақ. «Бұл шаруалардың қала экономикасының дамуына қосымша серпін беретініне сенімдімін», дейді Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарқынды құрылыстан кейін тұрғындардың тиісті сападағы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етілуі, тіршілікке қан жүгіртетін жүйелердің сенімді жұмыс істеуі өте маңызды шаруа. Бұл бағытта былтыр аз жұмыс жүргізілген жоқ. Мысалы, қаладағы ЖЭО-1, ЖЭО-3 жылу көздерінде төрт қазандық пен екі турбина күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар жылумен жабдықтаудың 17 шақырымдық желісі, 20 шақырым болатын су құбыры және 3 шақырымдық кәріз, 131 шақырым және 168 қосалқы электрмен жабдықтау стансаларын қайта жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі жоба іске асырылатын болады. Оның біріншісі – 65 мың тұрғынды сумен жабдықтаудың сапасын жақсарту мақсатында Пришахтинск елді мекенінен былтыр басталған су құбырының құрылысы жалғасады. Сондай-ақ жаңа тұрғын үй құрылыстарын қуат көздерімен қамтамасыз ету үшін «5-павильоннан» бастап «Оңтүстік-Батыс» тұрғын үй құрылысын қосқанға дейін магистральдық жылу желісі қайта жаңартылады.

Сонымен бірге биыл қаладағы 300 үйді сумен қамтамасыз ету мақсатында Сұрыптау кентінде желі тарту жұмыстары басталды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жылумен жабдықтау бойынша бес және сумен жабдықтау бойынша екі жобаны қолға алу жоспарда бар.

Қала әкімі Е.Бөлекпаев бұл жобалардың тұрғын үй кешендері мен басқа да әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар қабаттарының ұлғаюына байланысты жаңа орталықтың жылумен және электрмен жабдықтау қуатын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді.

Сондай-ақ биыл «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ЖЭО-3-тен бастап 4,2 шақырымдық жылу трассасын салу қарастырылған. «Бұл жоба іске асқанда «Жаңа қала», «Оңтүстік-Батыс» және «Солтүстік-Шығыс» тұрғын аудандарында орналасқан жаңа нысандарды орталық жылумен жабдықтауға қосуға мүмкіндік береді», дейді Е.Бөлекпаев.

Кеншілер астанасы үшін газ тарату желілерінің құрылысын салу маңызды жобалардың бірі. 2019 жылы Михайловка ауданының бірінші кезектегі 1-ші іске қосу кешенін газдандыруды іске асыру, атап айтқанда 1 505 жеке тұрғын үйді қосу жобасы басталған болатын. Бүгінде газ құбырының 75%-ы тартылып, желілер 920 үйге жеткізілген. Бұл жұмыстарды аяқтау биылғы жылдың 1-жартыжылдығына жоспарланған.

Жалпы, қала бойынша барлығы 1 100 шақырымнан астам газ құбырын тарту жоспарда бар. Газдандыру жеке сектордың 24 мыңнан астам үйін, 100-ге жуық өнеркәсіптік кәсіпорынды және 300 шағын және орта бизнес субъектісін қамтиды. «Қаладағы экологиялық жағдай жақсарады, дейді қала әкімі сенімді түрде. – Газға көшіру өнеркәсіптік қазандықтардан атмосфераға зиянды шығарындыларды бес есе және жеке сектордағы үйлер бойынша 14 есе азайтады».

Пандемия жағдайында кеншілер астанасы экономикалық дамуды жоспарлаған межеде сақтап қала алды. Тіпті кейбір салалар бойынша даму деңгейінің өскені байқалды. Мысалы, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 447 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайызға жуық артқан. «2020 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 178 млрд теңгені құраса, құрылыс жұмыстарына 99 млрд теңге бағытталды. 322 мың шаршы метр жаңа үй пайдалануға берілді, бұл көрсеткіш 24 пайызға артты», дейді қала әкімі Е.Бөлекпаев.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 2018 жылы кеншілер астанасына келген сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қарағандының миллион тұрғыны бар қала болғанын армандаймын», деген еді. Қазіргі Қарағандының тіршіліктің аса маңызды деген салалары бойынша құлаш сермеген қарқынына қарап тұрып, миллиондық межеге де жететін арман күннің алыс емесіне көңіл сене бастады.

 

ҚАРАҒАНДЫ