• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Ақпан, 2021

Кедергісіз орта – адами көзқарас

652 рет
көрсетілді

Қазір елімізде «Тұрғындардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша» заң жобасы бүкілхалықтық талқылауға шығарылғаны белгілі. Заң жобасы «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыруды және олардың экономикалық белсенділіктеріне арналған» жаңа мүмкіндіктер бағытында жүзеге асырылмақ.

Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы да облыс тұрғындарын әлеуметтік қорғау жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу алдында талқылауға қаты­су­ға шақыруда. Бұл болжамды өзге­рістер «Аз қамтылған отбасы­лар­ға кепілдік берілген әлеуметтік пакет ұсынуға» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға» құжат­тарды ресімдеу сияқты қосым­ша­ларды қамтиды. Өтініш, пікір, ұсы­ныс­тарды арнайы сайт, Facebook, Instagram әлеуметтік желі­лері және oriv.dsz@pavlodar.gov.kz элек­трон­дық поштасы арқылы беруге болады.

Басқарма басшысы Алмира Жүсіпо­ваның айтуынша, мысалы, енді І топтағы мүгедектерге немесе қозғалысында қиындықтары бар адамдарға мүгедектіктің себебіне қарамастан жәрдемақы енгізілмек. Қазір өңірде мұндай жәрдемақыға мәжбүр 1 мыңға жуық адам бар. Сонымен қатар заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу және оларға арналған жәрдемақы мөлшерін арттыру қарастырылған. Заң жобасы қабылданған жағдайда бұл мүмкіндікке облыстағы 3 мың­нан астам бала ие болмақ. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған және асыраушысынан айырылған отбасылар үшін де өзгерістер бар. Олар екі жәрдемақыны қатар алуы да мүмкін.

Заң жобасында 2023 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамайтын жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын енгізу ұсынылады. Мақсат – жинақталған қаражатты жұмыспен қамтудың өсуіне байланысты жәрдемдесуге бағыттау.

– Тағы бір маңыздысы, тұрғын үй кезегін сақтау мәселесі. Қазір мүге­дектігі бар бала тәрбиелеп отыр­ған отбасылар кәмелетке толған­ға дейін мемлекеттік қордан пәтер алмаса, олар қайтадан кезекке тұруға мәжбүр. Болашақта олар баласы 18 жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй алуға үміткер бола алады, – дейді А.Жүсіпова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған тағы бір шара – мүгедек баланы күту кезеңін 16 жастан 18 жасқа дейін ұзарту. Мамандардың пікірінше, бұл «Ерекше қажеттіліктері бар балаларды» тәрбиелеп отырғандар үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындауға оң әсер етеді.

Өңірдің 27 мыңға жуық тұрғыны – ерекше қажеттіліктері бар мүгедек жандар қатарында, олардың 10 па­йызға жуығы – балалар. Соңғы жылдары өңірде мүгедектігі бар жан­дарға көп көмек көрсетілуде, билік тарапынан назар аударылуда, бірақ әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Айтар болсақ, кейбір мекемелерде әлі күнге дейін мүгедек жандар үшін жүріп-тұратын арнайы жолдар жасалмаған, пандустар орна­тылмаған. Алдыңғы жылдары облыстық бюджет қаражаты есебінен Шарбақты ауданы Шалдай ауылында жүйке ауруларын емдей­тін, Май ауданында аудандық аурухана негізінде аяқ-қолдарының кемтарлығы бар жандарға арналған оңалту орталықтары ашылып, қазір тұрақты түрде жұмыс істеуде.

Облыс орталығындағы «Самал» са­уық­тыру орталығы үлкен қа­йырым­дылық, сауапты іс жасап, сал ауруына шалдыққан балаларды емдеумен 20 жылдан бері айналысып келеді. Орталық директоры Зинаида Багненконың айтуынша, онда 54 қызметкер жұмыс істейді, 180-дей бала бар, олардың 105-і мүмкіндігі шектеулі жеткіншек, 75 балғын шағын орталыққа барады. Осы жылдар ішінде орталық 4,6 мыңнан астам баланың денсаулығын сауықтырған.

Ал мүгедектердің облыстық ерік­ті қоғамдық бірлестігінің басшысы Георгий Четвериковтің баста­масымен мүгедек жандар шағын автобустарға орнатылған мүге­дек­терге арналған арбадан түсіп-шы­ғудың өзіндік жүйесін жасап шық­қаны да дені сау адамдардың ойлануына жақсы бір мысал болады.

Облыс орталығындағы Pro­fi­med медициналық кешенінің кіре­бері­сінде мүмкіндігі шектеулі жан­дарға ғана емес, сондай-ақ арбамен жүретін аналарға арналған салмағы 500 кило көтеретін құрылғы орналасқан.

− Біз пандустардан бас тарттық, − дейді кешен директоры Гүлбану Сей­тенова. – Лифті арқылы ыңғай­лы. Мүгедектерге қызмет жасайтын арнайы санитарлық топ бар. Орталықтан шықпай-ақ, басқа бір көтеретін құрылғының көмегімен дәріханаға барып, кері қайтуларына болады. Бұл құрылғыны орнатпас бұрын сарапшылар ретінде мүге­дектердің өздері шақырылды.

Бірақ кедергісіз орта құру үшін кедергілер әлі де аз емес. Өңірдегі Tandau Foundation қорының атқа­ру­шы директоры Александра Шаро­нованың айтуынша, тіпті ерек­ше қа­жеттіліктері бар адамдар үшін ны­сандардың қолжетімділігі еске­ріл­­меген жаңа құрылыс жобаларын жұмысқа қабылдау жалғасуда.

– Былтыр 30-ға жуық қайта жа­ңар­­тылған, жаңадан салынған нысандарды, тұрғын үйлерді, бизнес нысандарын, спорт ғимараттарын тексердік. Олардың тек біреуі ғана барлық талапқа сәйкес салынғанын көрдік. Мүмкін, құрылыс жобалау­шы­ларына әсер ету үшін оларға арналған арнайы мейірімділік курс­тарын ұйымдастыру керек шығар, – дейді А.Шаронова.

Яғни бюджеттік және жеке қара­жат мүгедектігі бар адамдар үшін қол­жетімді емес нысандарды салуға жұм­салуда деген сөз. Жергілікті әкім­діктер енді осы әлеуметтік мәселені құрылыс нысандары жобасы сызылған күннен бастап қолға алса, әрине, өркениет талаптарына сай талпыныс болар еді.

Ал облыстағы мектептердің бұл талаптарды орындауы қалай деген мә­селеге келсек, 90 пайызға жуы­ғында ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуына жағдай жасалыпты. Білім басқармасының мәліметінше, қазір облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 6 832 бала болса, 3 387-і инклюзивті білім алуда.

Білім беру саласындағы мем­ле­кеттік саясаттың негізгі қағидат­та­рының бірі – әркімнің сапалы білім алуға тең құқығы бар. Өткен жылдың 1 наурызынан бастап мектептерде тірек-қимыл аппараты бұзылған және аутизм спектрі бұ­зыл­ған балаларға арналған қо­сымша мүмкіндіктер жасалды. Со­­­ны­мен бірге Ерекше білім беру қа­жет­тіліктері бар балаларды және олардың ата-аналарын қолдау үшін аталған санаттағы балаларды тәр­биелеп отырған отбасыларға қолдау көр­сетілуде.

Былтыр облыс орталығында Болат Өтемұратовтың «Аутизм – әлем бәріне бірдей» қорының бағ­дар­ламасы аясында қордың облыс әкімдігімен бірлескен меморандумы барысында «Аутизм орталығы» ашылды. Орталық директоры Динара Қайсинаның айтуынша, аутизм орталығы 18 жасқа дейінгі «РАС», «аутизм», «эмоциялық-ерік саласының бұзылуы» диагно­зы бар балаларды қабылдайды. Орта­лықта диагностика, өмірлік дағдыларды игеру, ерте жастан дамыту, әлеуметтік дағдыларды оқыту үшін мамандандырылған кабинеттер, «Джаспер» әдістемесі бойынша екі кабинет бар.

– Менің ұлым алты жасқа тол­ғанда аутизм диагнозы қойылды. Біз бала­ның қарапайым мектепке баруына, білім алуына – жалпы қарапайым бала болуына көмектесетін барлық мүм­кіндіктер мен әдістерді зерт­тедік. Балабақшада қиын бол­ған­дық­тан, ол үйде болды. Әртүрлі орта­лықтардағы сабақтар үшін айы­на 180 мың теңгеден төлеген кездер болды. Облыс әкімінің жеке қабыл­да­уына келіп, біз, аналар, балаларымыз үшін тегін әрі нәтижелі орталық ашуды сұрадық. Енді міне, күткен күн де келді, қуаныштымыз, – дейді Әлия Сабыржанқызы.

Бүгінде орталықта оқу курс­тарынан өткен мамандар қызмет көр­сетуде. Орталық аутизммен ауы­ратын балаларға көмектесетін заманауи тиімді әдістемелерді біріктіреді. Атлан­тадағы Marcus Autism Center, Лос-Анджелестегі Кали­фор­ния университеті, Орегон­дағы Меди­ци­на мектебі, Нью-Йорктегі Autism Speaks ұйымы сияқты ірі орталық­тар­мен ынтымақтастық байланыс бар.

Арнайы аутизм орталығы үшін әлем­нің 15 елінде сертификатталған А-DOS әдістемесі бойынша төрт диаг­­­нос­тикалық модуль сатып алын­­ды.

– Диагностика кезінде әр бала­ның өзіндік ерекшеліктері мен кемші­ліктері анықталады. Бірі сөй­лей алмайды, бірінің агрессиясы, бірінің сенсорлық жетіспеушілігі бар. Диагноздан кейін әрқайсысы үшін үш ай жұмыс істейтін жеке бағ­­дарлама жасалады, – дейді ор­та­­­лықтың оқытушысы Ирина Бель­ская.

Демек, балалардың әлеуметтік ортаға – мектептерге қайта оралып, білім алып, қоғамның толық құқылы мүшесі, дос және әріптес болуы үшін нәтижелерін көре аламыз.

Біздің елімізде де шетел­дер­де­гідей мүгедек жандарға деген адами көзқарасты қалыптастырып, «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту жүйесінің нақты стан­дартын» жасау қажеттігі туын­дады. Үкіметтің жаңа заман талаптарына сай келетін стан­дартқа көшу керегіне орай заңға өзге­ріс­тер енгізуді ха­лықтық тал­қы­лауға жібергені де сол. Басты міндет – ерекше қажет­ті­ліктері бар адамдардың қо­ғам өмі­ріне біртіндеп қосылу­ла­рына көмектесу.

 

Павлодар облысы