• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2013

Ұстаз

810 рет
көрсетілді

Соңғы он жылдың ішінде Әсия Имантаева басшылық еткен орта мектептен 300-ден астам грант иегері шықса, олардың 13-і «Алтын белгі», ал 15-і «Үздік аттестат» иесі

Соңғы он жылдың ішінде Әсия Имантаева басшылық еткен орта мектептен 300-ден астам грант иегері шықса, олардың 13-і «Алтын белгі», ал 15-і «Үздік аттестат» иесі

Ұстаз деген ұлы ұғымға сипаттама берген ұлыларымыздың ұлағатына көз жүгірткен сайын әлем жұртшылығының екінші ұстазы атанған Әл-Фараби бабамыздың мына бір түйіні ойыма орала береді. Дара тұлғамыз «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген екен. Мінеки, ұстаз болудың жауапкершілігі өте жоғары екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз.

Дана бабамыз дәлме-дәл сипаттап берген ұстаз болмысына лайықты болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Себебі, ол үшін жоғарыда айтылған қасиеттер тұла-бойында тұнып тұруы керек. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз осындай жан десек қателеспейміз. Бүкіл саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған, сол жолда жемісті еңбек ете білген, бойындағы білімі мен біліктілігін нақты істерімен дәлелдеп, ел-жұрттың ерекше ықыласына бөленген Әсия Имантаева ұстаздық жолға түскелі 35 жыл өтіпті. Жуырда ғана құрметті демалысқа шыққан ол 1954 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі Киров ауданында педагог отбасында дүниеге келген. Аталмыш аудандағы орта мектепті «Алтын медальмен» тәмамдаған соң, Шымкент педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1974 жылы «Физика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп шыққан. Алғашқы еңбек жолын осы жылы бастаған Әсия Пердебайқызы әке жолына түсіп, мектеп басшысы қызметіне дейін көтерілді. 1994 жылы №31 Ябек Есенбеков атындағы орта мектептің директоры болып тағайындалған.

Білікті маман басшылық қызметте бірталай белестерді бағындыра білді. Әсіресе, оқу ошағының көрсеткіші Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесімен өлшеніп келе жатқан соңғы он жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, аталған уақыт аралығында 800-ге жетер-жетпес оқушысы бар бұл мектептен 300-ден астам түлек грант иегері атанса, олардың 13-і «Алтын белгі», ал 15-і «Үздік аттестат» алды. Мұндай көрсеткішке еліміздегі білім беру базасы ең үздік саналатын білім ошақтарының өздері қол жеткізе алмай келе жатқаны айдан-анық.

Елімізге Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі алғаш енгізілген жылы Әсия Имантаева мектеп мұғалімдеріне өз пәндері бойынша оқушылардың білімін сабақтан тыс уақытта қосымша жетілдіру керектігін айтады. Осыдан кейін ұстаздар қауымы ата-аналармен келісе отырып, әр баламен жеке-жеке жұмыс істеуді қолға алады. Олардың бұл ұмтылысы алғашқы жылы-ақ өз нәтижесін берді. Сөйтіп, мектеп бітірген түлектердің 20-дан астамы грант иегері атанды. Ал, кейінгі жылдары көрсеткіш тіпті жақсарған. Жыл сайын грант иегерлері 30-дан кем болмайтындай деңгейге жеткен. Әрине, әлгіндей әдісті қолданған мұғалімдердің барлығының «айы оңынан туды» деп айта алмаймыз. Бала бойына білім нәрін шынайы сіңіре білген білікті ұстаздардың ғана шоқтығы биік болған. Бір қызығы, бұл мектептің ҰБТ-дағы жетістігін естіп-біліп жүрген ата-аналар өз балаларын осында оқытуға ықылас таныта бастаған. Осылайша, Мақтаарал ауданындағы кіп-кішкентай мектеп пен ондағы ұстаздар қауымының абыройы асқақтап шыға келіпті. Еткен еңбек пен төгілген маңдай тердің жемісі деген осы шығар.

Әсия Пердебайқызы орта мектепте басшылық жасап жүрген кезінде білім беру жүйесіне «Жеделдетіп оқыту» әдісін де енгізді. Бұл әдіс бойынша 9-сыныпты аяқтаған оқушы кейінгі екі сыныпты бір жылда тәмамдап шығады. Бүгінгі таңға дейін осы жүйемен 24 оқушы мектепті бітірген екен. Олардың ҰБТ-дағы көрсеткіштері де көңіл көншітерліктей. Осы орайда айта кетер жайт, біз сөз еткен білім ошағы биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің нәтижесінде де жоғары көрсеткішті бағындырып отыр. Дәлірек айтсақ, грант иегерлерінің, оның ішінде «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» қол жеткізгендердің саны жағынан аудандағы 122 мектептің арасында алдыңғы үштікке енген.

Ұлағатты ұстаздың білім беру саласында сіңірген еңбегі мемлекетіміз тарапынан елеусіз қалған жоқ. Атап айтар болсақ, басшылық жасау және білім беруде жеткен жетістіктері үшін 1999 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, ал 2006 жылы Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен, сондай-ақ, 2010 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл толуына орай» мерекелік медалімен марапатталған.

Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Суретте: Әсия ИМАНТАЕВА (ортада) ұжымымен бірге.

Соңғы жаңалықтар