«Талибан» қозғалысының содырлары кеше АҚШ-тың Кабулдағы елшілігін атқылаған. Шамамен жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 6.40-та елшілік кешенінің аумағына екі зымыран келіп жарылған.
Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ секілді.
Осы уақытта талибтер «Франс Пресс» агенттігіне жарылыстар елшілікке ауыр зардаптар әкелгенін мәлімдеген. Олардың сөздеріне қарағанда, елшілікке төрт зымыран жіберіліпті. Сөз ретінде АҚШ елшілігінің католиктік Рождество мейрамы аталып өтетін күні атқыланғанын айта кетейік. Соңғы рет талибтер АҚШ дипломаттарына үстіміздегі жылдың 4 қыркүйегінде шабуыл жасаған екен. Сол жолы елшіліктің екі жергілікті күзетшісі қаза тапқан болатын.
АҚШ-тың елшілігін атқылады
«Талибан» қозғалысының содырлары кеше АҚШ-тың Кабулдағы елшілігін атқылаған. Шамамен жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 6.40-та елшілік кешенінің аумағына екі зымыран келіп жарылған.
Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ секілді.
Осы уақытта талибтер «Франс Пресс» агенттігіне жарылыстар елшілікке ауыр зардаптар әкелгенін мәлімдеген. Олардың сөздеріне қарағанда, елшілікке төрт зымыран жіберіліпті. Сөз ретінде АҚШ елшілігінің католиктік Рождество мейрамы аталып өтетін күні атқыланғанын айта кетейік. Соңғы рет талибтер АҚШ дипломаттарына үстіміздегі жылдың 4 қыркүйегінде шабуыл жасаған екен. Сол жолы елшіліктің екі жергілікті күзетшісі қаза тапқан болатын.
Түрік министрлері отставкаға кетті
Бірнеше түркиялық министр балалары коррупция ісі бойынша тұтқынға алынғаннан кейін отставкаға кетті. Әуелі экономика министрі Зафер Чаглаян, одан бірнеше минут өткеннен кейін ішкі істер министрі Муаммер Гюлер қызметтерінен босайтындықтарын хабарлаған.
Отставкаға кетерінің алдында З.Чаглаян былай деп мәлімдепті: «Мен өзімнің лауазымымнан біздің үкіметке қарсы жүргізіліп жатқан зымиян операциялардың ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік беру үшін бас тартып отырмын». Бұл мәлімдеме Түркия премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоғанның шетелдік сапардан келуіне бірнеше сағат қалған кезде жасалған. Премьер-министр келе салысымен, үкіметте кадрлық өзгерістер жасайды деп күтілген болатын. Ал Чаглаян мен Гюлердің ұлдары елдегі аса жоғары деңгейдегі 24 жемқордың тізіміне енгізілген екен.
Қысқа қайырып айтқанда:
* Батыс Еуропаның солтүстігіндегі бірқатар елдерге жауған нөсер жаңбыр мен қатты дауылдан католиктік Рождествоны атап өтуге дайындалғандар дер кезінде мерекелік дастарқанға үлгере алмады. Олар Рождествоны әуежайларда қарсы алуға мәжбүр болды.
* Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко жақында Ресей президенті Владимир Путиннің рақымшылығын алған Михаил Ходорковскийге ашық хат жазды. Онда ол «ЮКОС-тің» бұрынғы басшысын бостандыққа шығуымен құттықтапты. Тимошенконың да азаттықты аңсайтыны күмән туғызбаса керек.
* Ресейдің «Академик Шокальский» кемесі Австралияның оңтүстігінен 3 мың шақырымға жуық жердегі мұзға кептеліп қалды. Оның бортында шамамен 50 жолаушы және 20 экипаж мүшесі бар көрінеді. Кемені құтқаруға үш мұзжарғыш жіберілсе, олардың алғашқысының өзі діттеген жеріне тек екі күннен кейін ғана жетеді екен.
*. Ресейдің Ханты-Манси автономиялы округінде полиция қызметкеріне адам өлтірді деген айып тағылды. Тәртіп сақшысы ВАЗ көлігін мәжбүрлеп тоқтату үшін оның жолына тосқауыл ретінде жүк көлігін кесе-көлденең қойғызған. Жүргізуші сол қалқанға соғылып қаза тапқан.
Әскерін дайындыққа шақырды
Солтүстік Кореяның көсемі Ким Чен Ын ел армиясын жедел әскери дайындық жасауға шақырды. Мұндай үндеу сөзді ол кеше Нампхо қаласындағы Корея халық армиясының 526-бөлімінде болған кезінде айтты.
Ким Чен Ынның сөзіне қарағанда, соғыс ешқандай ескертусіз басталуы мүмкін, сондықтан әскер қашанда толықтай дайындық сапында тұруы тиіс. Ал Солтүстік Корея басшысының әскери бөлімге сапары оның әкесі Ким Чен Ирдің 1991 жылы Корея халық армиясының жоғарғы бас қолбасшылығына тағайындалуының 22 жылдығына арналған еді. Сапар кезінде Ким Чен Ынның жанында КХДР армиясы саяси бюросының басшысы, Солтүстік Корея көсемінің жездесі Чан Сон Тхэк атып өлтірілгеннен кейін елдегі екінші адам саналатын Чхве Рен Хэ еріп жүрген.
Наразылығын нота жолдап білдірді
Грузияның Украинадағы елшілігі сыртқы істер министрлігіне бірқатар Грузия азаматтарының Украинаға кіруіне тыйым салынуына байланысты нота жолдады. Мұны Грузия елшісі Михаил Уклебуға сілтеме жасай отырып, ИТАР-ТАСС хабарлады. Дипломат атап өткендей, енді ресми жауап күтілуде екен.
Бұған дейін билеуші Өңірлер партиясынан Жоғарғы Радаға депутат Олег Царев Украина аумағына кіруге тыйым салуға жататын бірқатар грузиялықтардың тізімін түзген болатын. Тізімдегі 36 адамның ішінде елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвили де бар. «Саакашвилиге мұнда дәнеңе жоқ», деп мәлімдепті О.Царев. Ал депутаттың сөзі әзірше ресми түрде қуатталған жоқ. Өйткені, СІМ-дегілердің мәлімдеуінше, «қара тізімдегілер» тексеруді талап етеді. Әрине, олардың арасында Украина қажетсінбейтін адамдар да жоқ емес, дейді СІМ-дегілер.
Уругвайда марихуана заңдастырылды
Уругвай президенті Хосе Мухика марихуананы сатуды, өсіруді және тұтынуды толық заңдастыратын заңға қол қойды. Бұған дейін заң жобасын уругвайлық сенаторлар мақұлдаған еді. Ал қабылданған заң жобасына бастамашылық танытушылардың бірі де президент Мухика болып табылады.
Заң өзінің күшіне қол қойылған кезден бастап енгізілуі тиіс. Бірақ үкімет нормативтік актілердің заңдылығын қамтамасыз ететін құжат дайындау үшін 4 ай жұмсайтын көрінеді. Атап айтқанда, биліктегілер марихуананың дәл қандай сортына өсіру үшін және қандай сортына өсіруге рұқсат ету үшін лицензия беруді нақтылауы тиіс екен. Ал қабылданған заңға сәйкес 18 жастан асқан Уругвай азаматтары дәріханалардан 40 грамға дейін марихуана сатып алуға және өзінің тұтынуы үшін жылына 6 түптен аспайтын марихуана өсіруге құқықты болады.
Үлкен контрабанданың жолы кесілді
Тәжікстанның астанасы – Душанбе қаласындағы әуежайда 26,4 миллион рубльді алып өтуге қатысы бар деген 3 адам ұсталды. Олардың бірі 1977 жылы туған Рудаки ауданының тұрғыны Комилджон Алиев Санкт-Петербургке ұшып шықпақшы болған екен.
Кеденшілердің ақпаратына қарағанда, ақша Файзали Мирзоев деген біреуге тиесілі көрінеді. Ол ресейлік бір әуе компаниясының өкілі Эркинджон Хакимовпен келісіп, ақшаны жоғарыда аталған Алиев арқылы Ресей асырмақ болыпты. Енді «Контрабанда» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Өткен жылдың маусым айында да тәжікстандық кеденшілер жалпы сомасы 100 мың доллар тұратын алтын бұйымдары контрабандасының жолын кескен болатын. Сол жолы 3,5 килограмм тартатын алтын Түркияның Ыстамбұл қаласына заңсыз жеткізілмек болған еді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.