• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 17 Ақпан, 2021

Қашықтан оқуға бөлінген қаржы қолды болды ма?

476 рет
көрсетілді

Қоғамда қашықтан оқуға қатысты сұрақ әлі де өткір тұр. Карантин шектеуіне байланысты онлайн білім алудың машақаты елді интернет байланысымен қамтудағы бірқатар кемшілікті көрсетті. Сондай-ақ, тұрғындардың, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көп балалы әулеттердегі қажетті техникалық жабдықтың жетіспеушілігі тағы күн тәртібіне шықты.

Осы тұста мемлекет қол ұшын созып, әлеуметті қолдау қадамына барды. Нәтижесінде Үкімет бюджет қаржысына қашықтан оқуға қажетті жабдықтарды сатып алып, мұқтаж отбасылардың оқу жасындағы балаларына пайдалануға берді. Дәл осы бағытта Алматы облысына 12,3 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Бұл қомақты қаражаттың 4 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, 8,3 млрд теңге қаржы республикалық қазынадан берілген. Яғни, жетісулық оқушылардың толыққанды білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұқтаж оқушыларға 80 000 дана компьютер сатып алынып, уақытша пайдалуға берілген. Қазір 23,7 мың техникалық жабдық оқушлардың қолында жүр. Бұл іске ерікті демеушілер де жұмылған.

- Оқушылар мен колледж студенттерінің қашықтан білім алуына барлық жағдай жасадық. 80 мың компютер сатып алу үшін 12,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Барлығы 23, 7 оқушыға компьютер уақытша қолдануға таратылды. Ал демеушілер көмегімен 2110 техника берілді, - дейді бұл жайында облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы бүгінде 426 мыңнан астам жетісулық бала мектеп қабырғасында білім алуда. Оқумен қамтудағы кедергілерді жою мақсатында шалғай ауылдарда тұратын оқушыларды мектепке тасымалдап, оқыту үшін 70 жаңа автобус көлігі де алынған екен. Бұған 1 млрд теңге қаржы жұмсалыпты.

Өкінішке қарай, өңірде білім беруге бөлінген қыруар қаражатқа қол сұққан шенеуніктер де анықталған болатын. Жақында Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова мен облыстық білім беру саласындағы ғылыми-тәжірибелік ақпараттық технологиялар орталығының директоры Арапби Менлыбаевты ұстады. Сонымен қатар, бұл істе Алматы облыстық білім басқармасының күрделі жөндеу және мемлекеттік сатып алу бөлімінің маманы Бақыт Абдолданованың есімі аталды. Олар қашықтан оқытуға қажетті 2 522 ноутбукты мемлекеттік сатып алу кезінде қыфзмзметтік өкілеттігін пайдаланып, жеке пайда көруду көздегені үшін  айыпталуда. Сыбайласқан топ ымыраласу арқылы бірнеше жеке кәсіпкермен келісім жасап, жалпы сомасы 406 млн теңге бюджет қаржысын игерген. Бұл қызметі үшін лауазымды тұлға 37 650 000 теңге пара алу кезінде тұтылған болатын.