• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Футбол 18 Ақпан, 2021

131 гол соққан қақпашы

477 рет
көрсетілді

«Әлемде ең көп гол соққан қақпашы кім?» деген сауал қойылса, жанкүйерлердің дені Хосе Луис Чилаверттің есімін атайтыны анық. Бірақ әсте олай емес. Аты аңызға айналған әйгілі парагвайлық голкипердің алдын екі орап кеткен бір қақпашы бар. Ол – 1992-2005 жылдар аралығында әйгілі «Сан-Паулу» клубының қақпасын 23 маусым бойы тапжылмай қорғаған бразилиялық қақпашы Роджерио Сени.

Роджерио Сени 1973 жылдың 22 қаңтарында Парана штатының оңтүстік-шығысында орналасқан Пату-Бранку деп аталатын шағын ғана қалада дүниеге келді. Бойы – 188 сантиметр, салмағы – 82 кило. Кейіннен оның отбасы Мату-Гросу штатындағы Синоп шаһарына қоныс аударды. Сол жақта бозбаланың футболға аңсары ауып, көп ұзамай ол «Сан-Паулу» скауттарының назарына ілікті. 1992 жылы негізгі құрамаға қабылданғанымен, 19 жас­тағы Роджериоға өзінің жұлдызды сәтін тура төрт жыл күтуіне тура келді. Өйткені, ол кезде айтулы клубтың қақпасын әлем чемпионы, Құрлықаралық және Либертадорес кубоктарының иегері, әйгілі Дзетти қорғаған. 1994 жылы ол «Сантосқа» ауысқаннан кейін Сени «Сан-Паулудың» негізгі қақпашысына айналды.

Шын мәнінде, Сенидің керемет қақпашы екеніне 2005 жылы Жапонияда өткен клубтық әлем чемпионатында анық көз жет­кізген едік. Финалда «Ливерпуль» мен «Сан-Паулу» кездесті. Матч­тың 27-минутында жартылай қорғаушы Манейро Оңтүстік Америкадан келген команданы алға шығарды. Содан кейін-ақ ағылшындар толассыз шабуылдар ұйымдастырып, бір сәтке де дамылдаған жоқ. «Сан-Паулудың» қорғаушылары көп қателесіп, қақпаға талай рет қауіп те төнді. Бірақ бұл кездесуде қателікке бой алдырмаған бір ғана ойыншы болды. Ол – Роджерио Сени. Бразилияның өрені өз қақпасын сан мәрте аса қауіпті жағдайлардан құтқарып, талай рет керемет сейв жасады. Жер-жаһанның жан­күйерлері Роджерионың асқан шеберлігіне таңданып, тамсана таңдай қақты. Сол есеп матчтың соңына дейін өзгерген жоқ. Ақыры «Сан-Паулу» әлем чемпионы атанды! Финалдық сайыс аяқталған соң бразилиялық қақпашы осы жарыстың ең үздік ойыншысына тиесілі «Алтын доп­ты» иеленді.

Бұл ретте біз тек өз көзімізбен көр­генді ғана әңгімелеп отырмыз. Ал көрмегеніміз және осы күнге дейін білмегеніміз одан да көп екен. Мәселен, Сенидің үш дүркін Бразилия чемпионы, екі дүркін Либертадорес кубогының және бір мәрте Бразилия суперкубогының иегері, Құрлықаралық кубок пен Оңтүстік Америка кубогының иегері деген атақтары тағы бар. Өзіне ғана тиесілі жеке сыйлық­тарына келетін болсақ, әр жылдары ол мынадай жүлделерді иеленді: әлемнің (2005), Оңтүстік Американың (2005, 2006, 2007) және Бразилияның ең үздік қақ­пашысы (2002, 2003, 2005, 2006), Ли­бертадорес кубогының ең мық­ты қақпашысы және үздік ойыншысы (2005), Оңтүстік Америка кубогының ең үздік қақпашысы (2014), Бразилияның ең үздік футболшысы (2006, 2007). Сонымен қа­тар сан мәрте өз елі мен өз құр­лы­ғының шартты құрамаларына енді. Осы орайда біз тек негізгі жарыстарда жеңіп алған жүлделерін ғана тілге тиек еттік.

Бразилияның ұлттық құрамасы сапында Сени 17 кездесу өткізіп, өз қақпасына 13 доп жіберіп алды. Жасыл алаңға ол негізгі құрамда сирек шыққанымен, 1997 жылы Конфедерация кубогының иегері және 2002 жылы әлем чемпионы атақтарын иеленді. Ал «Сан-Паулудың» сапында Роджерио 941 кездесу өткізген екен. Иә, 23 жыл бойы бір ғана клубтың сапында ойнап, бір ғана команданың намысын қорғау қандай керемет!

Бірақ Роджерио Сенидің негізгі рекорды бұл емес. Оның есімі ең көп гол соққан қақпашы ретінде әлемдік футбол тарихында алтын әріптермен жазулы. Өзінің алғашқы добын голкипер 1997 жылдың 15 ақпанында «Унио Сан-Жаоның» қақпасына тоғытты. Сол кезден бері Роджерио барлығы 131 рет нысананы дәл көздеді. Тарқатып айтсақ, 70 рет пенальтиді және 61 рет айып добын торда тулатты. Ол аз десеңіз, тағы сегіз рет нәтижелі пас бергенін де айта кеткен абзал. Яғни, Сени соққан голдарының саны жағынан даңқты Хосе-Луис Чилаверттің алдын екі орап тұр. Сан мәрте дубль авторы атанған айтулы қақпашы өз карьерасында тек хет-трик жасай алмапты.

Роджерио Сени өзінің спорт­тық жолын осыдан бес жыл бұрын, нақтылап айтсақ, 2015 жылдың желтоқсан айында аяқтады. Ол кезде Роджерионың жасы 43-ке таяп қалған еді. Фут­болмен қош айтысқан соң ол Бра­зилия­ның түрлі командаларын жат­тықтырды. Бұл күндері әйгілі қақ­пашы Рио-де-Жанейроның «Фла­менго» клубының бас бапкері қыз­метін абыройлы атқаруда.