Су – планета мен адамзат өміріндегі ең құнды ресурс. Орталық Азия үшін бұл ресурсты өңірді біртұтас жүйе ретінде қалыптастыратын маңызды табиғи-географиялық фактор деп айтуға болады. Тарихта кезінде Окс және Яксарт деген атпен белгілі болған қазіргі Әмудария және Сырдария өзендерінің бассейндері бұл өңірдегі ертеде әртүрлі мемлекеттердің пайда болып, әрі қарай дамуында маңызды рөл атқарды, осы жердегі елдердің тарихи және мәдени ортақ сипатын орнатып, жергілікті экономиканың ерекшеліктеріне әсер етті. Тау бөктері, осы ірі өзендердің алқаптары мен айналасындағы тіршілікке қолайлы жағдай алғашқы адам қауымы кезеңінде отырықшы егіншіліктің пайда болуына себеп болды.
Барлық ежелгі өркениеттің тарихында болғандай, бастапқыда егістік жерлеріне өзендердің табиғи су тасуын пайдаланылған. Уақыт өте келе суару технологиялары едәуір жетілдірілген. Аймақтың өзендері Ұлы даланың көшпелі халықтары мен егіншілік өркениетінің арасындағы табиғи шекара бола отырып, саяси рөл атқарып отырған. Ал біздің ата-бабаларымыз оларды бірлесіп пайдалану мәселесінде әрқашан ортақ шешімге, келісімге келген. Суармалы егіншіліктің ұлғаюымен қатар суға қатысты қарым-қатынастарын реттеу жүйесі де жетілдіріліп, оның өзінің дәстүрлері мен ережелері пайда болды.
Бұл орайда өлкеміздегі Мұраптар институтының қалыптасуы ерекше орын алады. Мұрап деген кәсіби ұғым – ол егін суару ісін басқаратын адам, яғни тоған басы немесе суды егістікке бөлетін, арық, атыз, тоғанды жөндеу жұмыстарын жүргізетін маманды атайды. Баршаға аян, бұл – көп деңгейлі кәсіби жүйе. Оны сол замандағы мемлекеттік қызметте болған және ол үшін жалақы алып отырған жоғарғы мұраптар басқарған. Олар магистралдық каналдардың жұмысына жетекшілік етіп, жобалау мен басқа инженерлік жұмыстармен айналысқан. Жергілікті мұраптарға суару мерзімдері мен оның кезектілігін, каналдарды тазарту, ирригациялық құрылыстарды жөндеу және қалпына келтіру жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды қоса алғанда, халықпен жұмыс жүргізу секілді шаралар жүктелген еді.
Кеңес Одағы кезінде Орталық Азия мемлекеттері су ресурстарын неғұрлым қарқынды пайдалану жолына түсті. Содан кейін гидроресурстардың көпжылдық және маусымдық реттеуіне арналған ең үлкен су қоймалары құрылып, 100-ге жуық су торабы, ұзақ қашықтықтағы ондаған магистралдық арна және суару желісіндегі мыңдаған гидроқұрылыс салынды. Бұл жайт аймақтық экономиканың салаларын айтарлықтай өзгертті, Кеңес Одағының даму қарқынына сүбелі үлес қосты. Алайда суармалы егіншіліктің экстенсивті түрі бұл жерде экологиялық апатқа әкелді. Атүсті іске асырылған суару жобалары мен олақ шешімдер Әмудария және Сырдария өзендері бассейндерінің экологиялық жүйесінің бұзылуына себепші болды. Соның кесірінен бір кездері әлемдегі төртінші үлкен көл болып саналған Арал теңізінің жағдайы мүшкіл халге жетті. Аралдың тұрақты экологиялық тепе-теңдікті сақтау мен өңірдегі климат қалыптастырушы ретіндегі маңызы күрт төмендеді.
Егер цифрлармен айтатын болсақ, статистика көрсеткендей 1961 жылдан бастап, Орталық Азия елдеріндегі суармалы жерлердің аумағы 4,5 млн гектардан 7 млн гектарға дейін ұлғайған, Арал теңізі бассейніндегі су алу жиынтығы жылына 60-тан 116 текше метрге дейін өсті. Аралға судың жылдық ағылып келуі 55-тен 10 текше метрге дейін азайды.
Ал осы уақыт ішіндегі теңіздің аумағы 69-дан 7-9 мың шаршы метрге дейін он есе азайған. Осы жердегі судың тұздығы бастапқы деңгейден 15-20 есе асып кеткен.
1980-жылдары суы аз болған жылдардың ұзаққа созылған мезгіліне байланысты Орталық Азия елдері арасындағы сумен қамтамасыз ету жағдайының қиындап кеткенін атап өткен жөн. 1987 жылы су ресурстарын республикалар арасында бөлу, су тарту құрылыстары мен су тораптарын пайдалану жөніндегі одақтық бағыныстағы Сырдария және Әмудария бассейндік басқармалары құрылды. Экономика салаларының даму қарқынын нақтылау мақсатында Әмудария және Сырдария өзендері бассейндерінің су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау схемалары әзірленген. Онда бүгінгі күнге де жарамды болып келген Орталық Азияда су пайдалану лимиттері айқындалды. Бұл жұмысқа ортаазиялық ғылыми және жобалау институттары тартылғандықтан, су мамандары арасында бірлескен жұмыс жүргізу мен ымыралы шешімдер қабылдауға ықпал жасап отырған.
Кеңес дәуіріндегі жоспарлау кезінде суармалы егіншіліктен Арал теңізінің бүкіл экологиялық жүйесіне төнетін қауіп-қатерлердің ескерілгенін, оның таяздануына жол бермеу үшін суды бассейнаралық қайта бөлу көзделгенін атап өту қажет. Сол уақытта бұл мәселенің әртүрлі бағыттары зерттелген. Мысалы, Сібір өзендері ағынының бір бөлігін (10%-дан аспайды) осы жаққа бағыттау жоспарланған. Жоба ауқымды ғылыми негізге сүйенген, ал оның әзірленуіне көптеген ғылыми-зерттеу ұйымы тартылды.
Кеңес Одағы бүкіл су ресурстарының 90%-ы суық, батпақты әрі халық аз мекендеген Солтүстік пен Шығыста орналасқаны ескерілді. Сонымен қатар елдің солтүстік бөлігіндегі батпақтарды жаппай құрғату орман химиясы мен целлюлоза-қағаз өнеркәсіптерінің жаңа базасын құра алатын еді. Сібірдің оңтүстігі, Қазақстанда және Орталық Азияның қалған бөлігінде Сібір өзендері ағынының бір бөлігін бұру жоғары өнім беретін егіншілік пен мал шаруашылығын одан әрі қарай дамыту мақсатында жоспарланған еді.
Сібір өзендерінің орасан зор «бұрылуы» бұрын, ерте заманда болған ауқымды табиғи құбылыстардың қайталануы ретінде болар еді. Қолда бар мәліметтер бойынша шамамен 10 мың жыл бұрын, Мұз дәуірінде Сібір өзендерінің сулары солтүстікте өз арналарында мұз бөгеті түрінде кедергілерге тап болып, оңтүстікке қарай бет алған. Осылайша, олар Тұран жазығы арқылы Арал, Атырау және тіпті Қара теңіз бассейндерін сумен молынан толықтырды.
Кеңес Одағы ыдырағандықтан бұл жоба тек қағаз жүзінде қалды. Сөйтіп бір кездері біртұтас мемлекеттің ішкі сулары трансшекаралық сипатқа ие болды.
Қалай болғанда да, кеңестік заманда су-энергетикалық ынтымақтастықтың нақты экономикалық механизмі жұмыс істеген еді. Ол гидроэнергетика мен суару мүдделері үшін су ағынын реттеудің әртүрлі режімдерін жасауға мүмкіндік берген. Гидроэнергетика жазда судың жиналуына және оны қыста (энергия тапшылығы кезеңінде) пайдалануға мүдделі. Ал суару саласы, керісінше, қыс айларында судың жиналуымен және жазда вегетациялық кезеңде оны кеңінен қолданумен байланысты болады. Іс жүзінде мұның бәрі өңірлік модельде іске асырылған. Соған сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан қыстыгүні электр энергиясының қажетті көлемін өндіру үшін Қырғызстанның Жылу электр орталықтарына энергия тасымалдағыштарды жеткізіп отырған. Тоқтағұл су қоймасы өндірісті қысқартып, су жинаған. Осылайша, көпжылдық реттеу функциясын атқарып отырған. Жазда бұл су қоймасы суармалы жерлерді сумен қамтамасыз еткен. Бұл ретте Қырғызстан үшін артық өндірілетін электр энергиясын Қазақстан мен Өзбекстан тұтынған, сол арқылы қыста жеткізілетін энергия ресурстары үшін есеп жүргізілген.
Алайда 1990-жылдары Орталық Азия елдері түрлі себептерге орай өздерінің экономикалық саясаттарын қайта қарады, бұл сәйкесінше оның өтем төлеу тетігі қалыптасқан су-энергетика секторына да едәуір әсер етті. Ол кезде аймақтағы энергияның бағасы әлемдік нарық деңгейіне көтеріліп, судың жоғарғы жағында орналасқан мемлекеттер қысқы кезеңде су электр энергиясын өндіруді ұлғайтуға көшті. Нәтижесінде, су қоймаларының бұрынғы жұмыс режімі суландырудан энергетикаға ойысты.
Сонымен қатар Кеңес Одағы кезеңінде су ресурстарын бөлу ерекшелігі 1990-жылдардан бастап, трансшекаралық сипатқа ие болды және мемлекетаралық қарым-қатынастар саласының бір бөлігіне айналды. Мұның бәрі саладағы кешенді мәселелерді шешу тәсілдерінің ерекшеліктерін түрлендірді. Орталық Азия республикалары трансшекаралық су режімдерін реттеудегі даулар мен қарама-қарсы ұлттық ұстанымдардан бастап, біртіндеп ымыраға келу және дәйекті келіссөз жүргізу секілді қадамдарға жүгінді.
1990-жылдардан бастап, түрлі өңірлік бастамаларды енгізу барысында Орталық Азияның су-энергетикалық ресурстарын бірлесіп басқару саласында бірқатар екіжақты және көпжақты құжаттарға қол қойылды. Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ), Су шаруашылығының мемлекетаралық үйлестіруші комиссиясы (СШМҮК), Орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссия (ОДМК) құрылып, сондай-ақ Арал теңізінің бассейні бойынша тиісті бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Осының бәрі Арал бассейні аясындағы елдердің арасындағы диалог пен ынтымақтастықты нығайтудың маңызды факторына айналған. Халықаралық қоғамдастық қомақты қаржылық және техникалық көмек көрсетті. Атқарылған жұмыс аз емес. Су ресурстарын басқарудың бірыңғай орталықтандырылған жүйесі құлағаннан кейін ХАҚҚ пен СШМҮК ауыр салдардың алдын алуда табысты рөл атқарды. Сонымен бірге жасалынған жұмыстың үлкен көлеміне қарамастан, бүгінде осы өңірлік ұйымдардың қызметі барлық ортаазиялық елдердің қазіргі мүдделеріне сәйкес бейімдеуді талап етеді.
Біздің өңірдегі су шаруашылығы құрылыстарының жұмыс режімін реттеу жөніндегі стратегия тек ұлттық шеңберде ғана қарастырылмауы керек. Сонымен қатар ортақ мүдделерді ескеру қажет. Бұл қағидат Орталық Азия елдерінің барлық келіссөзі мен бірлескен жұмысының саяси арқауы болуға тиісті. Осыны негізге ала отырып, өңір мемлекеттері су қоймаларының жанында кез келген су шаруашылығы құрылыстары мен инфрақұрылымын салу жоспарлары көршілес елдермен талқыланып, келісуге міндетті екенін түсінген маңызды. Келешекте барлық салдарын есепке алмай, барынша ойланбай салынған Су электр стансалар төмен ағында орналасқан суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуге теріс әсер етуі мүмкін.
Су нысандарының экологиялық жай-күйі мен орнықтылығының мәселелері де үнемі назарда болуға тиіс. Атап айтқанда, жақында ғана пайда болған Арнасай көлдерінің жүйесі және құрылуы жоспарланып жатқан Алтын Асыр көлі (Түрікменстан) туралы сөз болып отыр. Олар Арал теңізі су үлесінен толықтырылады. Сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттері Арал теңізінің азайтылған, бірақ тұрақты акваториясын сақтау туралы уағдаласты. Бұл Үлкен және Солтүстік Арал теңіздері акваториясының мөлшері туралы мәселені шешу кезінде ескерілуде. Дәл осындай тәсілді Алтын Асыр көліне және Арнасай көлдерінің бүкіл жүйесіне қатысты да қолданған жөн.
Трансшекаралық өзендерді бөлісіп пайдалану және қорғау туралы айтатын болсақ, кез келген бәсекелестік, даулар мен қайшылықтардан аулақ болу керек. Бұл тұрғыдағы талас бүкіл аймақтың және жеке алғанда оның барлық мемлекеттерінің тұрақты даму мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді. Осылайша, сарапшылар су саласындағы тиімді ынтымақтастықтың болмауының салдарынан қолдан жіберіп алған пайданы жылына 4,5 млрд АҚШ доллары көлемінде есептейді. Тұрақты экономика тиімді ымыраға келуге ой-түрткі болуы керек. Мамандардың пікірінше, Орталық Азиядағы су мен энергия біздің елдеріміздің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті деңгейде бар.
Сонымен қатар аймақтағы суды бірлесіп пайдалану мәселесін талқылай отырып, Ауғанстан елі туралы да ұмытуға болмайды. Бүгінде ауған жерінің аумағында Әмудария өзені мен оның тармақтарында 12-ден 16 млрд текше метрге дейін су көлемі қалыптасып жатады. Оның ішінен қазіргі уақытта Ауғанстан Ислам Республикасы 3 млрд текше метрді пайдаланады. Алайда елдегі күрделі әскери-саяси жағдайға қарамастан, Ауғанстанда су ресурстарын жылына 7 млрд текше метрге дейін тұтынуды арттыру қажеттілігі бар.
Бұдан басқа болашақта су айналасындағы жағдай түбегейлі өзгереді және осы өзгерістердің түрткісі демографиялық өсім болады. БҰҰ бағалауы бойынша 2050 жылға қарай біздің өңірдің халқы 93 млн адамнан асуы мүмкін. Олардың ішінде тек Аралдың өңірінде 20 млн-ға жуық болады. Мұндай сан қосымша су көлемін талап етеді. Жасалған болжамдар бойынша 2100 жылға қарай Орталық Азия өңіріндегі орташа жылдық температураның көтерілуінен жергілікті жағдай күрделене түсуі мүмкін. Бұл өз кезегінде өзен ағынының қысқаруына да әкеліп соғады.
Өңірде халық санының болашақта өсуі және Орталық Азияның алдағы келе жатқан су пайдаланудың артатыны жағдайында су ресурстарын бөлудің нақты, өзара келісілген және тиімді жүйесін қазірдің өзінде құрып, бекіткен абзал. Өңірдегі су ресурстары өзіне ұтымды әрі ұқыпты қарауды талап етеді. Су үшін бәсекелестік, оны сауда-саттықа айналдыру және су ресурстары төңірегіндегі әртүрлі саяси сипаттағы жобалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ушығуы мен геосаяси шиеленіске апаратыны сөзсіз. Мұндай сценарий ешкімге қажет емес.
2018 жылғы тамызда Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан идеялары мен ұсыныстары өңірдегі көршілер арасындағы қарым-қатынастардағы мұндай беталыстардың алдын алу жағынан көмек бере алады. Атап айтқанда, бұл орайда Халықаралық Аралды құтқару қорының құқықтық және институционалдық базасын дамыту, Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын басқару, бөлу және есепке алу жүйесін, оның ішінде олардың сапасын автоматтандыру туралы ұсыныстарды атауға болады.
Қазіргі уақытта Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы жақсы қарым-қатынастар біздің өңірде су ресурстарын бірлесіп басқару саласында өзара тиімді ынтымақтастық тетіктерін құру үшін қолайлы жағдай тудыра алады. Су мәселесінің оңтайлы шешілуі Орталық Азияның елдері үшін өмірлік маңызы бар деген түсініктің көршілерімізде қалыптасып келе жатқаны қуантады. Жақын болашақта су ресурстарын пайдаланудың ұтымдылығы және трансшекаралық ирригациялық жүйенің жұмыс істеу тиімділігі бүкіл өңірдің экономикалық өркендеу мүмкіндіктерін айқындайды.
Қазақстан біздің өңірдегі су-энергетикалық мәселелерді шешуді тұрақты қолдап келе жатыр. Мәселен, БҰҰ-ның 75-ші Бас Ассамблеясының жалпы саяси пікірталасы барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев біздің өңірде Өңірлік су-энергетикалық консорциум құруды ұсынды. Өңірлік консорциумды құру трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану кезінде ирригация мен гидроэнергетика арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оның қызметі өзендердің жоғарғы ағысындағы энергияның маусымдық жетіспеушілігіне байланысты энергетикалық дағдарыстардың салдарын болдырмайды немесе жеңілдетер еді.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл тетік аймақтың әрбір жеке елдің су немесе энергетикамен өзін өзі қамтамасыз ету саясатына қарағанда прагматика жағынан анағұрлым ұтымды көрінеді. Орталық Азиядағы су-энергетикалық ресурстарды басқарудың жаңа өңірлік саясатын ынтымақ пен бірлескен орнықты даму қағидаттары негізінде құрған абзал.
Осындай ақылға салынған көзқарас бүкіл Орталық Азияның игілігі үшін өңірдің әрбір мемлекеттің мүдделерін кешенді түрде есепке алуға ықпал етеді. Сондай-ақ Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын, оның ішінде олардың сапасын басқару, бөлу, есепке алу және мониторинг жүргізу жүйесін автоматтандырудың уақыты келді. Бұл мемлекеттердің суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, көршілер арасындағы өзара сенімді нығайтады деп күтілуде.
Біздің өңірдегі ахуал басқадан ерекше емес. Әлемнің 145-ке жуық елі көршілерімен бірге трансшекаралық су бассейндерін пайдаланады, ал 21 мемлекеттің жер-аумағы толығымен халықаралық бассейндерге кіреді. Әлемдік практикада экономикалық, саяси, әлеуметтік және экологиялық мүдделердің күрделі кешендерін үйлестіруге мүмкіндік беретін көптеген ымыралы шешім мен модель бар. Ең бастысы көршілермен жақсы қатынас пен бірлескен жұмысқа ынтаның болуы керек.
Қорытындылай келе, біздің аймақтың халықтары көптеген ғасыр бойы суды өзара келісу арқылы пайдаланудың түсінікті жүйесіне ие болғанын атап өткім келеді. Олардың ұрпағы – бізге бүгін сенімді қарым-қатынастарды жаңадан орнатып, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару тетіктерін қайта құру маңызды болып тұр. Барлық Орталық Азия елдері экономикаларының орнықты гүлденуі мен өсуіне және біздің өңірдің су-энергетикалық тепе-теңдігін қалыптастыруда келіскен іс-қимылдар мен бір-бірімізге қолдау көрсетуге байланысты болады. Қазіргі уақытта көршілермен тату болып, алдымызда дамудың жаңа бетін ашуға орайлы тарихи мүмкіндік туындап тұр.
Айымдос БОЗЖІГІТОВ,
«Сыртқы саяси зерттеулер
институты» АҚ басқарма төрағасы, техника ғылымдарының кандидаты