Сайын даланың еркесі – киік мүйізін сатып, заңсыз пайда табуды көздегендер айылын әлі жияр емес. Әсіресе, тепсе темір үзетін жас жігіттер киікті мүйізі үшін қынадай қырып, қымбатқа бағаланатын мүйізімен әлсін-әлсін ұсталып жатыр. Ақпанның басында сондай браконьердің бірі Құрманғазы ауданындағы Балқұдық ауылынан ұсталған еді. Осында тұратын 34 жастағы жігіт үйінде киіктің 106 мүйізі мен тегіс ұңғылы екі аңшылық мылтықты заңсыз сақтапты.
– Полицейлер браконьерлікпен айналысқан жігіттің түнгі мезгілде «Yaqi» мотокөлігімен киікті аңшылық қаруымен атып, мүйізін заңсыз иемденгені анықталды. Сондай-ақ Балқұдық ауылының маңынан мүйізі кесілген киіктің төрт өлексесі табылды, – деп хабарлаған еді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ал өткен аптада тағы да екі тұрғын киіктің 364 мүйізімен ұсталды. Екеуі де – 23 жастағы жігіттер. Бірі – Атырау қаласында, екіншісі Исатай ауданында тұрады. Олардың браконьерлікпен айналысқаны облыстық Полиция департаментіне қарасты криминалдық полиция басқармасы мен балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде анықталып отыр.
– Іс-шара кезінде Атырау қаласына таяу орналасқан «Геолог» шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің ауласында тұрған екі көлік тексерілді. «ВАЗ-21014» маркалы автокөліктің бірінен 200 дана киік мүйізі мен құқық қорғау органында тіркелмеген қос ұңғылы «ТОЗ-16» маркалы аңшылық мылтығы табылды. Дәл осындай маркалы екінші көлікте 164 дана киік мүйізі мен рұқсат құжатынсыз 4,5 калибрлі «Байкал МР-512» маркалы қару бары анықталды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінің өкілі Мейірім Ердәулет.
Қазір күдікті ретінде ұсталған үш жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Атырау облысы