Арқалықта «Жаһандық қайшылықтар мен өзгерістер дәуіріндегі Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұрасы» деген тақырыпта дәстүрлі «Алтынсарин оқулары» халықаралық конференциясы өтті.
Алқалы жиынға қатысушылар еліміздегі барлық мектептің маңдайшаларына, олардың тілдік ерекшеліктеріне қарамастан, Ыбырай атамыздың жастарды оқу мен білімге шақыратын «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуін жазып қою туралы бастаманы ұлы ағартушының 180 жылдық тойына орайластырып, жұмыла жүзеге асыру мәселесін көтерді.
Арқалық педагогика институты ғылыми конференцияны ұлы ағартушының 180 жылдығына орай ұйымдастырып отыр. Ғылыми жиынды аталған жоғары оқу орнының басшысы Сейітбек Қуанышбаев ашты.
– Конференцияда Ы.Алтынсариннің ағартушылық-педагогикалық қызметінің маңызы мен ұлы педагогтің жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістер дәуіріндегі педагогикалық идеяларының бүгінгі күннің мәселелерімен сабақтастығы туралы тың пікірлер қозғалды, – деді институт ректоры.
Ғылыми конференцияға ыбырайтану саласында еңбектеніп жүрген отандық ғалымдар мен Түркия, Ресей ғалымдары қатысты. АрқПИ «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Роман Аймағамбетұлының айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының аясында бүгінде тарихымызға қайта үңіліп, талай тарихи мұралар зерделенді.
– Қазіргі кезде Алтынсариннің қызметі мен еңбегіне ғалымдар жаңаша баға беруде. Конференция барысында ұлы ағартушының педагогикалық мұрасының жаңашылдығы мен тарихи маңызы туралы көптеген ғылыми топшылау айтылды, – деді жобалық кеңсе жетекшісі.
Қостанай облысы