Қостанай қаласы 1-МӨСБ аумағында облыстық гарнизоны жалпы сапқа тұрғызылды. Департаменттің аумақтық бөлімшелерінің жеке құрамы 2021 жылдың ақпан айының 16-сынан наурыз айының 16-сына дейінгі аралықта Қостанай облысы аумағында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығының екінші кезеңін өткізу туралы қаулымен таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі А.Орымбаев қойылған мақсаттар мен міндеттерді атап өтіп, өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыру бойынша нұсқаулық өткізді.
Жылыту маусымы әлі жалғасуда, сондықтан өрт сөндірушілер тағы да жеке сектор тұрғындарына үй пештерін, электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы, улы газбен уланудан қалай сақтану керектігін еске салуды шешті.
ТЖД қызметкерлері биылғы жылы өрттің 16% - ға өскенін, салдарынан 6 адам қаза болғанын атап өтті. 2 азамат өрт шықпастан тұншықтырғыш газдың құрбаны болды. Ең өрт қауіпті объектілер ретінде - жеке тұрғын үйлер және шаруашылық құрылыстар болып табылады. Сондықтан құтқарушылардың ерекше назарында көпбалалы отбасылар, қарт дәрменсіз адамдар, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар тұратын үйлер қалады, олардың барлығы мемлекеттік ұйымдар тарапынан қолдауды талап етеді.
Осы мақсатта Қостанай-2 шағын ауданының тұрғындарына облыс ТЖ департаментінің қызметкерлері рейд жүргізді. Іс-шараға ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы академиясының қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі, жастар ұйымдарының өкілдері мен еріктілер қатысты. Олар тұрмыстық сектор тұрғындарын жылыту құралдарымен жұмыс істеу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, отпен жұмыс кезінде абай болуға шақырды.
Бұл күні облыстық ТЖД күшімен құрылған 9 мобильді топ 9 көшені аралап, 235 үйде және жеке аулаларда болды, 820 азаматқа нұсқау берді, 700-ден астам үгіт материалдарын таратты.
Сонымен қатар, Қостанай қаласы әкімдігінің қолдауымен 10 үйге улы газ дабылқаққыштары орнатылды. Көпбалалы отбасылар тұратын 3 үйде түтіндіктерді күйеден тегін тазарту бойынша қызмет көрсетілді.
Өз кезегінде Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері Қостанай-2 тұрғындарына медициналық бетперделерді тарату бойынша қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Дауыс зорайтқыш арқылы олар халықты коронавирустық инфекцияның алдын-алу шараларын сақтауға шақырды.
Бұл соңғы рейд емес, құтқарушылар әлі де жылыту маусымының соңына дейін жеке сектор тұрғындарымен нұсқаулықтар өткізетін болады.