Академик Салық Зимановты заңгер немесе ғалым деп айтар болсақ, оның тұтас тұлғасын біржақты түсінгеніміз. Оның тұлға ретіндегі қырларын ашып көрсету үшін өмірінің негізгі кезеңдеріне үңіліп көрейік.
Ол он тоғыз жасында мектепті бітіріп, математикадан сабақ беріп жүргенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталды да, қылшылдаған жас жігіт әскер қатарына шақырылды. Оның математикаға қабілеті соғыста көп көмегін тигізді. Тез шешім қабылдау, алдын ала бәрін жоспарлау, есептей білу жауынгер үшін таптырмас қасиет еді. Бұл қасиетінің арқасында алғыр офицер көп өтпей батареяны, тағы біраз уақыттан соң полк басқарды. Осыдан кейін ол дивизия штабының бастығы болды. Осылайша, соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, «Отан соғысы» орденімен, көптеген медальмен марапатталды. Бұл – оның өмірінің бірінші кезеңі.
Соғыстан қайтқан соң Заң институтына оқуға түседі, оны бітірген соң аса маңызды істерді тергеудің ірі маманына айналды. Араға аз жылдар салып Салық Зиманов Заң институтының директоры, содан кейін бұрынғы ҚазМУ-дың Заң факультетінің деканы қызметіне тағайындады. Өмірінің екінші кезеңінде оның педагогтік, заң мамандарын даярлайтын жоғары мектептің ұйымдастырушысы қабілеті ашыла түсті. Мықты мамандар даярлауда оның үлесі зор болғанын барлық заңгерлер осы күнге дейін еске алады. Өзі декан болып тұрған сол жылдары ол Мәскеуге 15-20 адамнан жібере бастайды. Зимановтың Мәскеуге оқуға жіберген студенттері, аспиранттары, ізденушілері сонда кандидаттық диссертациялар қорғап, республикамыздағы заң кадрларының негізгі тірегі болды.
Салық Зиманов 1958 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың шақыруымен Ғылым академиясының жаңадан ашылған Философия және құқық институтының директоры қызметіне тағайындалды. Осы жылдары оның көрнекті ғалым ретіндегі таланты мен білікті кадрларды даярлау, философия мен заң ғылымы бойынша мектептер құру қабілеті толығымен ашылды. Бұл жылдарды да оның өміріндегі бір маңызды кезең деп атауға әбден болады.
Мен С.Зимановпен 1957 жылы докторлық диссертациясын қорғау үшін докторантураға келген кезде таныстым. Сол жылдары ол «XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы Қазақстанның саяси жүйесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады, кейін академик болды. Ол көптеген ірі монография, сондай-ақ он томдық шығармалар жинағын жариялады. С.Зиманов тек ірі ғалым ғана болып қоймай, философия және заң кадрларын даярлауда да нәтижелі еңбек етті. Өз басым жеке өмірімде С.Зимановқа борыштар екенімді атап өткім келеді. Салық Зиманұлы мені Философия институтының ғылыми қызметкері етіп шақырғанда мен 25 жаста едім. 26 жасқа толғанымда ол диалектикалық логика бойынша сектор құрды. Бұл Кеңес Одағындағы алғашқы сектор еді, тіпті Мәскеуде мұндай сектор болған жоқ. Мәскеуде диалектикалық және ресми логиканы жақтаушылар арасында әлі де дау жүріп жатқан еді. Формальды логиканың жақтастары диалектикалық логиканы мойындамады, сонымен қатар диалектикалық логикамен айналысатындардың арасында да бірауыздылық болған жоқ. Ол диалектикалық логика бойынша сектор құрып, мені ғана емес, Л.Науменко, М.Баканидзе, А.Қасымжанов сияқты талантты жастарды да шақырды. Бізге осындай сенім білдірілген соң, қанаттанып жұмыс істедік. Сонымен қатар ол бізді болашақ Канттар, Гегельдер, Аристотельдер және т.б. деп атады. Бірақ, әрине, оның жақын жолдастары жастарды осылай асыра мадақтағанын ұнатпайтын. Әйтсе де академик С.Зиманов сияқты адамның сенімі біз үшін үлкен маңызға ие болатын. Біз сенімді ақтағымыз келді және қарқынды жұмыс істедік. Осы заңтану саласына да М.Баймаханов, Б.Имашев, Ғ.Сапарғалиев сияқты тамаша, талантты заңгерлер шақырылды. Осылайша, біздің институт ғылымның дамуы мен адамдардың қарым-қатынасында үлгілі болды. Институтта ізденушілерге ерекше шығармашылық жағдай жасалды. С.Зиманов адамды қабілеті мен талантына қарап бағалайтын. Институтқа С.Зиманов басшылық еткен тұста оның өзіне тән стилі бойынша көптеген аспирант, кіші ғылыми қызметкер кандидаттық және докторлық диссертацияларын Мәскеуде қорғады. Ол Мәскеу Заң институтының директорымен өте жақсы қарым-қатынаста болды. Сондықтан да сол жылдары көптеген ғалымды Мәскеуде қорғатты. Ал олар кейіннен еліміздегі заң ғылымындағы негізгі кадрлар атанды. Мәселен, біз «Теориялық білімдегі шындықтың логикалық көрінісі» атты ғылыми тақырыпты жазған кезде елімізде қажетті әдебиеттер мен мамандар жоқ-тын. Мәскеуге іссапарға барып, Ленин кітапханасында жұмыс істеп, сондай-ақ ірі мамандармен кеңесу және сөйлесу қажет болды. Ол бізді және институттың басқа қызметкерлерін 30 күнге іссапарға жіберді. Біз үлгермеген соң, тағы он күн қосып бергені есімде. Бұл біз үшін үлкен ғылыми маңызға ие жұмыс еді. С.Зиманов өмірінің осы кезеңінде философия және заң ғылымдары бойынша мектептер құрды, қаншама ғалымның терең білім алуына, ел мүддесі үшін жұмыс істеуіне мол үлес қосты.
Оның өмірінің тағы бір кезеңі тәуелсіз Қазақстандағы депутаттық қызметімен тікелей байланысты. Қазақстан егемендігін жариялар тұста С.Зиманов тәжірибелі заңгер ретінде егемендік туралы тұжырымдаманы әзірлеген комиссияны басқарды. Еліміз тәуелсіздігін алған кезде С.Зиманов депутат болып, Конституциялық заңнама комитетін басқарды. Мұнда да оның таланты мен заң ғылымын терең білетіні жарқырап көрініп, тұлғалық болмысы айқындала берді. С.Зиманов тек қана білімді, талантты, тәжірибелі маман емес, ойлаған ойын қасқайып айта алатын өр мінезді, адалдығымен, туралығымен көптің көңіліне жаққан адам еді.
Ол ірі маман ретінде депутаттардың сапалы заңдар қабылдауына мұрындық болды. Егер депутаттық корпусқа министрлер сапасыз заң жобаларын қолтықтап келсе, Салық Зиманұлы мұндай жауапсыздықты қатты сынға алатын. Лауазымды тұлғалар маған ренжиді екен деген ой онда болмайтын. Ол әрқашан халықтың мүддесін жоғары қойды. Міне, бұл кезеңде де оның көп шаруа тындырғанын айтуға болады.
Оның адами қасиеттері туралы айтқан кезде, өте бірбеткей, адал адам болғанын айтпасқа болмайды. Ол қандай жағдайда да өз ұстанымында қалуға тырысатын, жеке пікірін қаймықпай білдіре алатын. Сол үшін еліміздегі лауазымды тұлғалар одан Академияда жүрген кезінде де, өмірінің кейінгі кезеңдерінде де сескенетін. Мен онымен танысқан 1958 жылдан бастап өмірінің соңына дейін жақсы қарым-қатынаста болдым. Ол барлық бүкілодақтық конференцияларда диалектика бойынша мамандарды белсенді қолдады. Бірінші бүкілодақтық симпозиум 1968 жылы ең жоғары деңгейде өтті. Догматикалық философияның өкілдері Зимановты ревизионист, гегельшіл және кантшыл Ж. Әбділдиннің тобын қолдайды деп айыптады. Шын мәнінде, біздің тобымыз халықаралық дәрежеде танымал болды. Алған марапаттарымыз да аз емес.
Академик С.Зимановтың ерекшелігі ретінде оның ғылым саласында адал еңбек еткендерді құрметтегенін айтуға болады. Сонымен қатар ол екіжүзді, жағымпаз, ұятсыз адамдарды ұнатпады. Бұл – оның жанкүйерлерінің де, қарсыластарының көп болғанын айғақтайтын факт. Жазбамды қорытындылай келе, Салық Зиманұлының көрнекті тұлға, кемел адам болғанын айтқым келеді. Ғылымға, білімге және қызметтің басқа түрлеріне қосқан үлесі бойынша ол кез келген жоғары марапатқа лайық болды, бірақ лауазымды тұлғалар уақытында оны да жасаған жоқ. Алайда академик С.Зимановты қазақ халқы мен рухани мәдениет өкілдері өте жоғары бағалайды. Оны біздің халқымыздың Қ.Сәтбаев, М.Әуезов секілді тұғырлы тұлғалары қатарына қосады. Сөз соңында Салық Зиманұлы туған Атырау қаласында оған ескерткіш қойылса дұрыс болар еді деген ойымды білдіремін. Ескерткіш халқымызға, әсіресе жастарға қажет. Олар академик С.Зимановтың өнегелі өмірінен үлгі алса несі бар? Ол ержүрек жауынгер, талантты білім ұйымдастырушысы, ғұлама ғалым, ұлағатты кадрлар ұстазы, халықшыл депутат, патриот болды. Өз Отаны Қазақстанды шексіз сүйетін адам еді.
Жабайхан ӘБДІЛДИН,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
ҰҒА академигі