Біраз жыл бұрын оқып, санамның бір түкпіріне сақталып қалған шығарманың бірі – «Ергежейлі» еді. Яғымусты өзім шын өмірде көрген ергежейлімен салыстырам, кереуетіне аяғын асып қойып, мырзасып шалқасынан жатқанын, далпылдап жүгіріп бара жатқанын көз алдыма елестетем, әйтеуір ұмыта алмай жүрдім. Алты жасымда тұңғыш рет қаладан ергежейлі әйелді көргем. Азық-түлік сататын дүкеннен. Ол да бірдеңелер сатып алып жатты. Нан алуға барған маған мағынасыз көзімен тесірейіп қарағаны, бет-аузын құбылтып, ыржақтағаны үрейімді ұшырған. Бойы алты жастағы мен шамалас, басы үлкен, бет-жүзі ересек әйелді құбыжық ретінде қабылдағаным рас-ты. Кейіннен оның өмір тарихын естіген кезде кеудемде қорқынышымнан аяушылығым басым түсіп, бірден есейіп кеткендей күй кешкенім бар.
Алғаш алты жаста көрген ергежейлінің ауыр тағдыры жазушы Дүкенбай Досжанның «Ергежейлі» әңгімесін үтір-нүктесіне дейін қалт жібермей оқып, жадымда мәңгі тоқып қалуыма жанама әсері болуы мүмкін. Әйтсе де өмірімдегі осы бір кішкентай фактінің көрнекті жазушының «Ергежейлі» әңгімесіне түк қатысы жоқ. Өзіме ғана тиесілі болмашы оқиға. Осы арқылы жазушының «Ергежейлі» әңгімесінің «қақпасын ашқым» келді.
Қазақта жазушы көп. Адам жанын қозғап, қопарып, санасында сілкініс тудырып, кей тұстарда егілтіп, емірентіп, өз көңіліндегі естеліктерімен қауыштырып, мұңайтып, түрлі эмоциялық күйлерді бастан кешуіне ықпал ететіндері көп емес. Өз басым оны тегеурінді таланттан, білім қорының молдығынан, әдебиетке қапысыз берілген адалдықтан, кәсібиліктен іздемеймін. Мол эмоция тудыратын шығармалардың авторлары – адам жанын қапысыз танитын, соны қағазға дәл бейнелей алатын жазушылар. «Ергежейлінің» авторы да қапысыз танып, дәл бейнелейтіндердің қатарынан.
Өнер тілінің артықшылығы, ақиқатты түрлі ракурста көрсетуінде. Метафора, символ, тұспалдау, ишаралауға сүйенсең, қиялға қанат бітіп, жазушының ергежейлісіне түрлі шындықтарды тоғыстыруға әбден болады. Әйтсе де біз мазмұнның, адам жанының, ұжымдық рух культінің шеңберінен ауытқымауды жөн көреміз. «Ергежейлі» әңгімесіндегі ең алдымен назар аударарлық тұс – ауыл адамдарының бірлігі, ұжымдық рухтың қуаттылығы. Қазақы кеңқолтық мінез, ақжарма пейілмен Бұқардан келген Пахриддин молданы жатырқамай, араларына сіңіріп алып, оған шағаладай үй тұрғызып беретін ауыл адамдарының тірлігі нағыз адамгершіліктің үлгісі іспетті. Молданың көлеңкесіне ұқсап жанына еріп жүретін ерлі-зайыпты қос ергежейлінің көзтүрткі боп, қиянат көрген жері жоқ. Молдаға бас тартылса, екі құлағы қос ергежейліге бұйыратын. Бірі молданың дәрет суын жаңалап, бірі жайнамазын жайып, маңынан қалмайтын қос ергежейлінің мына өмірдегі ұстыны, арқа сүйер тірегі – оларды Бұқар көшелерінің бірінде өлгелі жатқан жерінен тауып алып, адам қатарына қосқан Пахриддин молда. Ал қазақы ауылдың адамдары олардың түп тамырын тергемей-ақ, қатарына қосып алады. Міне, «Ергежейлі» әңгімесіндегі бас кейіпкер Яғымус сол қос мұңлықтың жалғыз ұлы.
Әке-шешесі ерте өлген, Пахриддин молда қайтыс боларында Далабайдың әкесіне аманаттап кеткен Яғымус – әліне қарамай шақар бейне. Басынан сөз асырмайды, ешкімге мұңын шақпайды, дауласа кетуге, ұстаса кетуге бейіл. Қандай жағдайда да сыр білдірмей, «жай әншейін» деп үйренген одан бөтен сөз шықпайды. Жазушы Яғымустың осы мінезін тасқа ұқсатады. «Кәдуілгі тас. Жаңбыр шайып, суық сорып, күн қыздырып бетіне белгісін салған. Сырт көзге әлгі тас соның бәріне төзген секілді. Тіпті түсін бермеген дерсің. Тас қалпы қалған. Әйтсе де сол қораш, қожыр, мықтыға зер салып, үңілген сайын әлгі ойымның теріс екенін түсінем. Оның бетінен құмырсқа ізіндей уақыт әжімін көрем. Жауын тамшысының иісі, күн қызуы, қар сызы ап-айқын сезіледі. Қазір күз болса да тас жүзінен қыс табы білінеді. Қадалып қараған сайын ешбір күш қарсы тұра алмаған, қаншама ақылды жан таппаған Ақырет деген ақырғы сөзге, тажалға сыр бермеген тас қана». Ұзақ күресуді, қасарысуды, ақырғы мезетке дейін езіліп-мүжіліп кетпеуді, жоғалмауды тастан үйренген Яғымус өзін түсінбейтін, кей кездерде жәбірлейтін үлкен адамдардың ортасында өмір сүреді.
Оның махаббат сезімін бастан кешуі бір ғанибет. Мәскеуден келген әртістердің өнерін тамашалаған Яғымустың концертте өз «теңіне» сұқтанып қарауы, шымылдық жабылғанда соңына жалтақтап, жұрттың ең соңынан шығуы, шыққан соң Далабайға «қайда асығамыз, әңгімелесейік», деп өтініш айтуы, ергежейлі келіншекті «гүл секілді соншама нәзік», деп тебіренуі – адам жүрегіне салмақ түсіретін детальдар. Яғымустың үйірінен адасқан қаздай күй кешіп жүргенін анық ұғасың. Оның жалғыздығын, жан мұңын, әсемдікті, сұлулықты сезінетін нәзік жүрегін жазушы Мәскеуден келген әртістер арқылы бейнелеп береді.
Яғымустың қаймағы бұзылмаған қазақы ортаның бірлі-жарым тентектерінен көретін қиянаты да жанды қозғайды. Күміс тісті тексіз жігіттің өзі жоқта домаланған, күлегеш әйелімен әмпей-жәмпей болуы мүсәпір жанның рухын жасытқанына ішің ашиды. Міне, нағыз «ергежейлінің» кім екендігі осы жерде ашылатын сияқты. Тексіз байғұстың пендешілік әрекеттерін әңгіме басталғаннан санап отырсаң, Пахриддин молданың тәрбиесін көрген, бойына жақсы қасиеттерді сіңірген Яғымусты ергежейлі деуге қимай қаласың.
Жазушы Д.Досжан «Ергежейлі» әңгімесі арқылы адам жанына тереңнен үңіледі. Адамның психологиялық ахуалы мен әлеуметтік ахуалын параллель өре отырып, көз алдыңа тірі кейіпкерлерді алып келеді. Кино көргендей боласың және ешқашан ұмытпайсың.