• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Ақпан, 2021

Өмірзақ Шөкеев: Облыс бизнесті жүргізу бойынша үздік өңір атанды

160 рет
көрсетілді

Түркістан облысында маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 703,3 млрд теңге инвестиция бағытталып, нақты көлем индексі 59,4%-ға артқан. Инвестициялардың өсу көрсеткіші бойынша облыс өткен жылы республикада 1 орынға ие болды. Былтыр жеке инвесторлар есебінен жалпы құны 154 млрд теңгеге 37 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 800 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл жалпы құны 260,5 млрд теңге болатын 54 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 3 900 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай деректер келтірді. Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өнеркәсіп өнімнің көлемі өткен жылы 535,2 млрд теңге болып, облыста 258 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңға жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 14 мыңға өскен. Осы салада 218 мың адам жұмыспен қамтылған.  Бұл секторда 555 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен кезеңмен салыстырғанда 15,6%-ға ұлғайды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 29 млрд теңге болатын 287 жоба қаржы институттарымен қаржыландырылған.

«Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда өңірлер арасында көш бастап тұрмыз. Кәсіпкерлердің өндірістік қуатын қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасының бюджеті 23%-ға ұлғайып, 2,9 млрд теңгеге жетті. Нәтижесінде 400-ге жуық кәсіпорынға қолдау көрсетіліп, қаржыландырылды. Бизнес-ахуалды жақсарту мен қолдау мақсатында облысымызда «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі іске қосылып, жұмыс істеуде. Кәсіпкерлерге 33 мыңнан астам қызмет түрлерін көрсетіп,  1 мыңнан астам бизнес жоспарлардың 78%-ы қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелденді. Нәтижесінде, облысымыз 2020 жылдың қорытындысымен «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша республикада 1 орынды иеленіп, бизнесті жүргізу бойынша үздік өңір болып атанды», деді Өмірзақ Шөкеев.

Биыл «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлік субъектілерін 70 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген 6% несиемен қамтамасыз ету жоспарланған. «Бизнеске арналған Үкімет» бірыңғай сервисі арқылы 40 мыңнан астам қызмет көрсетіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 150 мыңға дейін жеткізу, өндірілетін өнім көлемін 900 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделген. «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастығы орталығын құру мақсатында Сарыағаш ауданында 200 гектар аумаққа сауда орталығының құрылылыс салу жобасы әзірленбек.