Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халық алдында берген есебінде білім беру саласын биыл ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын атап өтті.
«Биыл 17,1 млрд теңгеге 49 мектептің құрылысын жүргізу, оның ішінде 11 мектепті жаңадан салу жоспарланды. Мектепке дейінгі ұйымдарды 1 436-ға жеткізіп, «Жас маман» жобасы бойынша 7 колледжге 2,1 млрд теңге бөлінеді. Былтырғы жылы білім беру саласына 334,3 млрд қаржы бағытталды. Жыл басынан 2 мыңға жуық балаға арналған 15 жекеменшік балабақша іске қосылып, 500-ге жуық балаға қосымша топтар ашылды. Соның нәтижесінде балалар 100 % балабақшамен қамтылды», деді облыс әкімі.
Мектептерде қашықтан оқытуды ұйымдастыру мақсатында балалар компьютер құралдарымен толық қамтылған. Үкімет резервінің қаржысына 7 711 планшет, 6 мыңға жуық компьютер, 43 527 ноутбук, барлығы 57 190 компьютер сатып алынып, аудан, қалаларға таратылып берілді. Былтыр 15,8 млрд теңгеге 52 білім нысандарының құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 16 нысан пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 1 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілді.
«Облыста «Жас маман» жобасы бойынша биыл 5 колледжге 1,3 млрд теңге бөлініп, халықаралық стандартқа сәйкес материалдық техникалық базамен жабдықталды. Елбасының «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім» жобасы аясында 49 білім беру ұйымына 7 291 орын көлемінде білім беру тапсырысы бөлінді. Халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстарының нәтижесінде «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «TUV Rheiland Akademie GmBH» концернімен келісімшарт жасалып, Кентау политехникалық колледжі «Қазақ-неміс политехникалық колледжі» жаңа статусын иелене маман даярлауда, жаңа бағдарлама жасауда», деді Өмірзақ Естайұлы баяндамасында.