• RUB:
    5.01
  • USD:
    488.11
  • EUR:
    530.09
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Ақпан, 2021

«Fitch Ratings» рейтинг агенттігі Қазақстанның кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растады

201 рет
көрсетілді

Агенттіктің пікірінше, Қазақстанның тұрақты рейтингі ел экономикасының тұрақтылығының жоғары деңгейін көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рейтинг агенттігі мұнай бағасына және коронавирус індетінің таралуына байланысты айқынсыздыққа қарамастан, елде мемлекеттік қарыздың төмен деңгейі мен қолданыстағы және ықтимал сыртқы күйзелістерді азайту үшін қажетті фискалдық резервтердің едәуір көлемі сақталып отырғанын атап өтті.

Кредиттік бағалау тұрақтылығының оң факторы мемлекеттік институттардың сапасының жақсартылуы болып отыр. Fitch рейтинг агенттігі 2020 жылы ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудегі нақты сектордың, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің, құрылыс пен ауыл шаруашылығының рөлін атап өтті.

Агенттіктің бағалауы бойынша, 2021 жылы экономиканың өсу қарқыны 3,5% құрайды. «Fitch Ratings» атап өткендей, Ұлттық банктің құбылмалы айырбас бағамы саясаты күйзелістерді сіңіруге мүмкіндік берді, ал теңге бағамының икемділігі 2014-2015 жылдары мұнай бағасы құлдырағаннан бері экономикалық саясат тетігінде елеулі жақсартуға айналды.

«Fitch Ratings» агенттігі Қазақстанның егемен кредиттік рейтингін одан әрі арттырудағы негізгі факторлар ретінде экономикалық саясаттың болжамдылығы мен тиімділігін ұлғайтуға, сондай-ақ ел экономикасын әртараптандыру және фискалдық резервтерін өсіру жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастыруға бағытталған құрылымдық институционалдық реформалардың одан әрі жүргізілуін келтіреді.

Бұған дейін, 17.02.2021 ж. Қазақстан экономикасына қатысты кредиттік пікірді Moody’s кредиттік агенттігі жариялаған болатын.

Жаңартылған кредиттік пікірге сәйкес, Қазақстанның рейтингі Baa3 «Оң» болжамды пандемияға дейінгі көрсеткіштеріне сай келеді.