Аралас жекпе-жектен әлемдегі ең белді промоушендердің бірі – Ресейдің АСА ұйымы (Absolute Championship Akhmat) өзінің жаңартылған рейтингін жария етті.
«ТОП-10» спортшының қатарында Қазақстанның үш бірдей өрені бар. Солардың арасында ең үздік көрсеткіш Артем Резниковқа тиесілі. Жеңіл салмақтылардың рейтингінде ол бірінші орынды иеленуде. Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысының тумасы осы күнге дейін 28 мәрте айқас алаңына шығып, 22 бәсекені өз пайдасына шешті. 17 кездесуді мерзімнен бұрын аяқтады. Соңғы рет Артем осыдан төрт жыл бұрын жеңілді еді. Содан кейін қатарынан сегіз жекпе-жекті өз пайдасына шешіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Ал дәл сол салмақ дәрежесінде чемпиондық атақ Чешенстанның тумасы Абдул-Азиз Абдулвахабовқа тиесілі.
Қазақстанның өзге өкілдері жайында айтар болсақ, тараздық Евгений Егембердиев үшінші және алматылық Асылжан Бақытжанұлы бесінші орынды иеленуде. Олардың екеуі де жартылай ауыр салмақта күш сынасуда.