Әлемді әбігерге салған пандемия спорттың да қол-аяғын жіпсіз байлады. Турнирлер тоқтады. Жылда түрлі жарыстарда күш сынасып, оқу-жаттығу жиындарында тер төгіп жүретін атлеттер амалдың жоқтығынан үйден аттап шыға алмай қалған еді. Міне, мұндай жағдайда спорт саласы басшыларының алдында тығырықтан алып шығатын жолды шұғыл табу міндеті тұрды.
Бұл мәселеде Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы батыл қадамдарға, тың шешімдерге бара білді. Мысалы, өңірде жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және басқа да іс-шаралар жаңа пішімде қашықтан, онлайн режімде жүргізіле бастады.
«Былтыр Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған Saryarqa онлайн спартакиадасы алғаш рет өткізілді, дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев. – Спорттың тоғыз түрінен қалалар мен аудандар арасында өткен жарысқа бес мыңға жуық адам қатысты. Бұл Қазақстанда қашықтық режімінде ұйымдастырылған жарыстар арасындағы үздігі болды. Жалпы, карантиндік шектеулер кезінде барлық санитарлық нормалар мен ережелерді сақтай отырып, онлайн-форматта 371 спорттық турнир өтіп, оған 18 564 адам қатысты».
Сонымен қатар жергілікті Saryarqa телеарнасымен бірлесіп «Гимнастика» жобасы жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында Жансай Смағұлов, Бейімбет Канжанов, апалы-сіңлілі Немичтер, Милана Сафронова және басқа жетекші спортшылардың қатысуымен әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер ұйымдастырылды. Сондай-ақ былтырғы қазан айында цифрлы технологиялардың көмегімен «QARAGANDY MARATHON 2020» халықаралық онлайн марафоны да ұйымдастырылды.
Жалпы, қазіргі таңда Қарағанды облысында балалар-жасөспірімдер 109 клубы, жасөспірімдердің 22 дене шынықтыру клубы, жалпы білім беретін мектептерде 2 337 спорт үйірмесі, колледждерде 431 секция, жоғары оқу орындарында 126 спорт үйірмесі жұмыс істейді. Ал өңірдегі 45 спорт мектебінде 32 896 бала мен жасөспірім тегін жаттығады.
Айта кететін бір жайт, биылдан бастап қалалар мен аудандарда орналасқан 17 мамандандырылмаған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі облыстық деңгейге берілді. Жалпы алғанда, өңірдегі спорт үйірмелеріне қатысатын балалар мен жасөспірімдер саны 146 015 адамға жетті.
Бүгінде Қарағанды облысының жетекші спортшыларының алдында зор мақсат бар. Көздеген басты нысана – Токио Олимпиадасы. Қазірдің өзінде бұл додаға қатысу жолдамасына боксшы Абылайхан Жүсіпов, әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова, сонымен бірге мәнерлеп жүзуші апалы-сіңлілі Александра мен Екатерина Немичтер ие болған.
Айта кету керек, Токиоға апаратын жолдама саны бұдан да көп болуы мүмкін деген үміт бар. Қазіргі таңда облыстың 11 үздік спортшысының спорттың жеті түрі бойынша лицензия алуға мүмкіндігі бар. Олардың қатарында дзюдошылар Ислам Бозбаев, Жансай Смағұлов, грек-рим күресінің шебері Ерұлан Ысқақов, батутта секіруші Данил Мұсабаев, академиялық ескек есушілер Светлана Германович, Виталий Васильев, Михаил Таскин, байдарка мен каноэда ескек есушілер Дарья Разумович, жеңіл атлетшілер Рима Кашафутдинова, Давид Ефремов және үстел теннисшісі Зауреш Ақашева бар.
Паралимпия ойындарына берілетін квота үшін күресте өңірдің мүмкіндігі шектеулі спортшыларының да көрсеткіші жаман емес. Мысалы, бүгінде жүзуден Наталья Звягинцева, Андрей Афанасьев, Әлия Рахымбекова, мылтық атудан Айдос Жылқышинов және жеңіл атлетші Дастан Мұқашбеков жолдамаға ие болып, төрт жылда бір өтетін додаға алаңсыз дайындалып жүр.
Облыста жетекші спортшыларға, яғни Ұлттық құрама командалар сапында жүрген атлеттерге бұрын болмаған жағдайлар жасала бастағанын айта кеткен жөн. Бұл турасында өңір спортының басшысы Темірхан Абылаев былай дейді: «Облыс басшылығы жетекші спортшыларды қолдап, олардың жаңа жеңістері үшін барлық жағдай жасауда. Мысалы, 2020 жылы чемпиондарға шәкіртақыны екі-үш есе көбейту туралы шешім қабылданды. Шәкіртақы алушы спортшылар саны 104-тен 165 адамға дейін көбейді».
Пандемия салдарынан туындаған күрделі кезеңге қарамастан, облыста спорт нысандарын салу жұмыстары саябырламады. Бүгінгі күнде олардың құрылысы бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізілуде. Мысалы, былтыр мемлекет есебінен Қарқаралы қаласында 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДШСК) пайдалануға берілді. Сондай-ақ демеушілер есебінен Теміртауда дәл сондай кешен салынып, падалануға берілді. Жалпы, облыс бойынша спорт нысандарын салу және жөндеу жұмыстарына 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Облыс орталығының өз басында республикалық федерациялардың қаражатына халықаралық талаптарға толық жауап беретін Saryarqa үстел теннисі орталығы мен «Теннис» орталығы салынды. Былтыр Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл теннис нысандарына өте жоғары баға берді.
Жалпы, мемлекеттік бағдарламалардың өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға оң әсерін тигізіп жатқанын айта кеткен ләзім. Қазірдің өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша өңірдегі 6 бірдей спорт нысанының құрылысына қаражат жеткілікті мөлшерде бөлінген. Олардың қатарында Шахтинск қаласындағы 160 адамдық бассейні бар ДШСК, Жезқазғандағы 320 адамдық бассейні бар ДШСК, Ұлытау ауданына қарасты Қарсақбай ауылындағы 100 адамдық ДШСК, Жезді кентіндегі 160 адамдық ДШСК, Жаңаарқа ауданының Атасу кентіндегі бассейн және Нұра ауданының Нұра ауылындағы бассейн бар.
Облыс спортының басшысы Темірхан Абылаев халықты спортқа жұмылдыруға әсер ететін маңызды факторлардың бірі – спорттық инфрақұрылымның дамуы мен оның қолжетімділігі екенін баса атайды. «Бүгінде, дейді ол, – Қарағанды облысында 3155 спорт нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 1230-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Қалалар мен аудандарда жыл сайын хоккей және спорт алаңдары ашылады. Бүгінде облыста жасанды жабындысы бар 333 спорт алаңы, 262 көп салалы хоккей корты және 34 стрит-воркаут алаңы бар».
Бұл бағыттағы жұмыстардың жемісті болуына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының игі ықпал еткенін атпай кетуге болмайды. Мысалы, өткен жылы аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында 14 жобаға 1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Бұдан бөлек бүгінде «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде 320 орындық спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бюджеттен тыс қаражат есебінен Қарағанды қаласында спорттық-сауықтыру кешені мен триатлон паркі салынуда.
Облыс спортының басшысы Темірхан Абылаев әрбір қала мен ауылдық жерлерде тұратын балалардың, жастар мен ересек адамдардың спортпен шұғылдануына жағдай жасауды басты мақсат санайды. «Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық, шығармашылық әлеуетіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Біздің басқарма жаңа жағдайда осы бағытта белсенді жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта спортшылардың жаттығуына рұқсат етілді, барлық қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, спорт кешендері мен бассейндер жұмыс істей бастады. Облыстық және аудандық жарыстарды өткізуге әлі де болса рұқсат берілген жоқ, бірақ олар міндетті түрде онлайн режімде жалғасады. 2021 жылға елуге жуық ауқымды спорттық іс-шаралар жоспарланған, оған әртүрлі жастағы облыс тұрғындары қашықтан қатыса алады», дейді өңірдің спорт басшысы.
ҚАРАҒАНДЫ