Өткен жұма күні Жамбыл облысында қалың жұрттың төбесінен жай түскендей қайғылы жағдай орын алды. Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласының 2-шағын ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтерден өрт шығып, қызыл жалын 16 шаршы метр аумақты шарпыған. Тілсіз жаудың салдарынан үйдегі киімдер мен жиһаздар өртеніп кеткен. Пәтер ішінде ата-анасының қарауынсыз кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған бес бала қалып қойған. Белгілі болғанындай, балалардың әкесі Нұрсұлтан жұмыста болған, ал анасы Меңсұлу дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан бес бала да түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, араға біраз уақыт салып, бәрі де көз жұмды.
Орны толмас қайғы қараорман қазақты теңселтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қаласындағы оқиғаға байланысты Әбдімәліковтер отбасының қайғысымен бөлісіп, қаза болған балалардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайтынын айта келіп, балалардың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.
Қайғылы оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Оқиға орын алған күні аталған комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев шұғыл түрде Жаңатас қаласына аттанды. Сондай-ақ жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертхана, өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару қызметінің психологтері де оқиға орнына барды. Жалпы, комиссия құрамына прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енген. Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің 6 қызметкері мен 1 техника жұмыс атқарды. Сол күні өрт толығымен ауыздықталды.
Араға бір күн салып, Жаңатас қаласында орын алған жантүршігерлік оқиғаның себептері анықталды. Қаладағы тұрғын үйден шыққан өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындаған. Аталған мәселеге орай, өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында брифинг өтіп, жиында Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев өрт фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. «Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын ала мәліметтері бойынша, өлім улы газдан уланудан, ал өрттің ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсектік орын жабындарының бетіне тигенінен болған. Өрттің қорытынды себептері барлық қажетті сараптамалардың нәтижелері бойынша жарияланатын болады», деді Бақыт Ратаев.
Сонымен қатар Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертханасының алдын ала зерттеу мәліметтерін жариялады. «Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде орын алды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыған. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады. Үй орталық жылытуға қосылған», деді Ермек Момбаев. Ал облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті. «Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің өкімімен комиссия құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, полиция департаментінің, төтенше жағдайлар департаментінің және басқа да жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Комиссия мүшелері қайғылы оқиға орнында болып, жұмыс жүргізуде. Біздің тарапымыздан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Соның ішінде психологиялық көмекті және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолұшын береміз», деген Ұлан Жазылбек қара жамылған отбасына көңіл айтты. Әкім орынбасарының айтуынша, отбасы толыққанды. Балалардың әкесі Жаңатас қаласында жұмыс істейтін болса, анасы мұғалім болып еңбек етеді. Алайда қазіргі уақытта декреттік демалыста екен. Сондай-ақ Ұлан Жазылбек әлеуметтік желілерде тарап кеткен өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел туралы қауесетті жоққа шығарды. «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқа зардап шеккендер жоқ», деді ол.
Оқыста орын алған қайғылы оқиға көпшіліктің қабырғасын қайыстырып, жүрегін жылатты. Сенбі күні өрттен қаза болған балаларды Талас ауданы, Үшарал ауылында жерлеу рәсімі өтті. Қаралы жиынға арнайы келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Әбдімәліковтер отбасына Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын жеткізіп, қаза болған балалардың ата-анасына, жақындарына басу айтты. Әкім Президент тапсырмасына орай, балалардың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Марқұмдардың жаназасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт Мырзагелдиев оқып, жұртшылықты сабырға шақырды. Бірақ баға жетпес байлықтың орнын ешкім толтыра алмасы анық. Тілсіз жаудың тұтқынына түсіп, тылсым әлемге бейуақытта көшіп кете барған балалардың бейкүнә жанары, кіршіксіз тағдыры әр қазақтың жүрегінде өшпес өкініш, тарқамас мұң болып қалды. Бақиға беймезгіл бет түзеген бес бірдей балдырғанды жоқтағандай, сол күні аспан да жылап тұрып алды...
Жамбыл облысы