Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook-тегі парақшасында «Қазгидромет» РМК Бас директорының орынбасары Серік Саировтың айтуынша, елімізде 377 гидрологиялық бекетте гидрометеорологиялық мониторинг жүргізілуде.
«Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ұсыныстарына сәйкес, ел аумағындағы бақылау желісі бүгінгі жағдайдан үлкен болуы тиіс. Осыған байланысты бекеттер саны бойынша көрсеткішті 2025 жылға қарай 550 бірлікке дейін жеткізу үшін кешенді шаралар қабылдау жоспарын әзірледік», деді Қазгидромет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар С.Саиров биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша республика өзендерінің бассейндеріндегі гидрометеорологиялық жағдай бойынша алдын ала деректерді де атап өтті. Осылайша, еліміздің барлық аумағында қар қорының көлемі көп жылдық орташа мәндерден аз екені айтылды.
«Қазақстанда 8 өзен су шаруашылығы бассейні бар. Оның әрқайсысы бойынша ұқсас жағдай қалыптасады – қар қорының көлемі нормадан аз алынды. Бұл жағдайлар алдағы жылы көптеген өзендер үшін су аз болатындығын көрсетеді. Әсіресе Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында», деді ол.
Сонымен қатар С.Саиров қазіргі уақытта гидрологиялық болжаудың қолданыстағы әдістерін жетілдіру бойынша шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
«Су тасқыны кезінде өзен режімін болжау маңызды және күрделі міндет саналады. Сондықтан 2020 жылы басшылыққа алатын құжаттарды, мысалы гидрологиялық болжамдарды жасау ережелерін, Қазақстан өзендерінің көктемгі су тасқыны ағынын болжау жөніндегі нұсқаулықты, жазық өзендердің көктемгі су тасқыны ағынының көлемін болжау жөніндегі әдістемелік жазбаларды әзірлеп, жетілдірдік. Әзірленген әдістемелер су ресурстары саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандардың оң пікіріне ие болды», деді ол.
Қазгидромет бақылау желісінің деректерін пайдаланудан басқа, көктемгі су тасқыны кезеңіндегі ағын көлемдерін болжау үшін ауа райының орташа-шұғыл болжамдарының еуропалық орталығының спутниктік деректері, swim және HBV-light сандық модельдері де қолданылады.
«2021-2022 жылдарға арналған жоспарда – HBV 6.4 швед моделінің жаңа нұсқасын Қазақстанның жағдайына бейімдеу тұр», дейді С.Саиров. Қазгидромет басшысының орынбасары еліміздің шағын өзендерінің проблемаларын зерттеу мәселесі бойынша кәсіпорын қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі зерттеу үшін Жем және Ойыл шағын өзендеріне экспедициялар жоспарлап отырғанын атап өтті.
«21 ақпанда оқиға орнында алғашқы тексеру жоспарланған, содан кейін ауа-райы жақсарған соң, егжей-тегжейлі талдау жүргізу үшін осы өзендерге тағы бір экспедиция ұйымдастырылады. Осындай тәжірибені еліміздің басқа да шағын өзендерінде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», деп түйіндеді ол.