Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Айнамкөз Рафихова ұлттық мазмұндағы «Зерек» атты үстел ойынын құрастырып шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Зерек» ойынында ойыншылар қазақ халқының мақал-мәтелдерін, ертегі мен жаңылтпаш, ырым-тыйымдар мен тұрақты тіркестерді жетік білуімен сыналады.
Ойынның қозғалыс тәртібі, уақыты, ережелері, ойыншылар саны және түрлі бонустар жүйесі ойластырылған. Мұнда барлығы 57 ұяшық, олардың арасында тұзақ (от және су), бонус және ақылы ұяшықтар бар. Ойын басталысымен бірінші ойыншы сүйекті лақтырып, өз қадамын жасайды. Ол 100 сұрақ картасының бірін таңдап, оған жауап беруі қажет. Тұзақ ұяшықтарына түсіп қалса, от ұяшығынан Көлтауысар, ал су ұяшығынан Желаяқ құтқара алады. Егер оған қажет кейіпкер түспесе, ойыншы сол ұяшықта қала береді. Керісінше, өзге ойыншының кезегі келгенде 2500 (бонус түріндегі қағаз банкноттар) айыппұл төлеп, өз жолын жалғастыра алады. Мәреге кім бірінші жетсе, сол жеңімпаз атанады.
«Зерек» мазмұнына «суреттегі мақал-мәтелді жалғастыру/табу», «фразеологизм, ырым-тыйым мағынасын ашу, «жаңылтпашты қайталау», ертегілер мен аңыздар бойынша эрудицияны тексеру, жұмбақтарды шешу сияқты сұрақтар кіреді. Автордың айтуынша, нарықта «Қолтырауын», «Монополия» сияқты орыс тіліндегі үстел ойындары көп, бірақ, өкінішке орай, ана тілінде ұлттық мазмұндағы ойындар жоқтың қасы.
– Соңғы уақытта «Қазақ хандығы» атты үстел ойыны пайда болды. Бұл ойын тарихымызды, қазақ еліндегі басқару жүйесін ойын арқылы таныстыруды көздеген. Кітап, фильм секілді ұлттық идеологияны насихаттау құралы ретінде үстел ойынына да орын бар деп ойлаймын, – дейді автор.
Айнамкөз ойынды әуелі сыныптастары арасында сынап көрген. Ал жуырда жобаның қағаз нұсқасын Орал қаласындағы балалар ауылы тәрбиеленушілеріне сыйға тартып, ойын тәртібін үйреткен. Сонымен қатар «Зеректің» электронды нұсқасы да дайындалған (https://my.flipbookpdf.net/7k2rP) .
– Үстел ойынының адамға тигізетін әсері көп, оның үстіне ойынның ұлттық мазмұны жаһандану кезеңінде өте маңызды деп ойлаймын. Ойын шарттары туралы қосымша құрал дайындау жоспарда бар. Болашақта «Көкпар», «Қыз қуу» ұлттық ойындарының шарттарына негізделген ұлттық мазмұндағы үстел ойынын құрастырмақпын, – дейді автор.
Айнамкөз жоба барысында бағыт-бағдар берген жетекшілері – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жансәуле Мақсотова пен өнер пәнінің мұғалімі Жанна Құлбековаға алғыс айтады.