Қалың жұртшылықты сақтандыру мәртебесімен қамтамасыз ету – МӘМС жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Ұлттық экономика министрлігінің 1 ақпандағы мәліметіне сәйкес Алматыда 1,9 млн тұрғын болса, оның 81,5%-ы сақтандырылған, қалған 18,5%-ы немесе 389 356 адам сақтандырылмаған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев баяндады.
Дегенмен, жергілікті атқару органдарымен бірге жүргізіліп жатқан жұмыстар оң нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, өткен жылдың 1 тамызында Алматыда сақтандырылмағандардың үлесі 22,6% болса, жыл соңында 15%-ға дейін қысқарған еді, өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 18,5%-ға өсті.
Құрылымдық жағынан алып қарайтын болсақ, сақтандырылмаған 389 мың адамның 142 999-ы – БЖТ төлеуші болса, 100 818-і – әртүрлі себептермен кейінгі айларда олардың атына жарна аудару тоқтатылғандар. Сонымен қатар бұл көрсеткіштің ішінде 15 452 жеке кәсіпкер, 7 635 азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтіндер мен өз бетінше төлеп отырған 2 682 адам бар.
Шағын және орта бизнес өкілдері де бар
Сонымен қатар сақтандырылмағандар арасында жыл соңына дейін сақтандыру төлемдерінен босатылған ШОБ қызметкерлері де болуы мүмкін.
– Жалпы, Үкіметтің №224 (№721) қаулысы бойынша Алматыда 116 604 шағын және орта бизнес нысанына жеңілдік берілген. 2021 жылдың 5 ақпанындағы мәлімет бойынша, оның 68,2%-ы жұмысшыларын сақтандырған болса, қалған 31,8%-ы кәсіпорынның қызметкері сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр деген сөз. Қор «Сақтандыру» ақпараттық жүйесіне енгізілмеген ШОБ қызметкерлері сақтандыру жүйесіне қарыз болып қалмас үшін, бизнес нысандарына тиісті мәліметтерді 2021 жылдың 1-тоқсанының соңына дейін енгізуге мүмкіндік беріп отыр.
– Еске сала кетсем, Үкіметтің 2020 жылы 20 сәуірдегі №224 қаулысы бойынша, жеке жұмыс істейтін тұлғалар, сондай-ақ микро, шағын және орта бизнес субъектілері 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін қарамағындағы қызметкерлер үшін жарна төлеу міндетінен босатылған болатын, – дейді Т.Әбілдаев.
Кім қанша төлейді?
Жарна/аударым көлемі МӘМС туралы заңда көрсетілген тәртіп бойынша өзгереді. Заң бойынша, жұмыс берушілер әр қызметкер үшін өз қалтасынан аударым жасайды. Жұмыс беруші төлейтін аударым мөлшері биыл өзгерген жоқ, қызметкер табысының 2% көлемін аударады (2017 жылдың 1 шілдесінен – 1%; 2018 жылы – 1,5%; 2020 жылы – 2%).
Сонымен қатар жұмыс беруші аударымға қоса, жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2% мөлшерінде жарна ұстап Қорға аударады (былтыр 1% болатын). Бірақ ай сайын жарна ұсталатын табыс көлемі 10 ең төменгі жалақыдан (немесе 425 мың теңгеден) аспауы тиіс. Яғни ай сайынғы жарна мөлшері 8 500 теңгеден жоғары болмауы керек.
Жеке кәсіпкерлердің жарнасы өзгерген жоқ. Олар бұрынғыша 1,4 ең төменгі жалақының 5%-ын, яғни 2 975 теңге төлейді.
Сонымен қатар елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген санат бар. Олар бұрынғыша 1 ең төменгі жалақының 5 пайызын, яғни 2 125 теңге төлейді. Себебі биыл ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ.
Бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна аударады. Биыл АЕК мөлшері өзгерді. Сондықтан бұл санат 2 917 теңге төлейді. Қаржының 40%-ы – Медициналық сақтандыру қорына, 30%-ы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20%-ы – Әлеуметтік сақтандыру қорына аударылады, 10%-ы табыс салығы ретінде ұсталады.
Сонымен қатар жұмыс беруші жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін қызметкерлер үшін жарна аудармайды. Оларды мемлекет сақтандырады. Мемлекет олар үшін биыл орташа жалақының 1,6%-ын аударады (алдыңғы екі жылға белгіленген орташа айлық жалақы негізінде есептеледі).
Қорға қанша қаржы түсті?
Қорға жарна/аударым төлеу жалғасып жатыр. Медициналық сақтандыру қорына МӘМС жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 15 ақпанына дейінгі аралықта 529,1 млрд теңгеге жуық қаржы жинақталды.
Жарна көлемі жағынан жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде. Жалпы аталған уақыт аралығында Алматы қаласынан 99,5 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 79 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің жасаған аударымы болса, қалған 20,5 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндерге тиесілі. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша 2019 жылдан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 197 мыңнан астам адам 392,3 млн теңге көлемінде БЖТ төлеген.
41,5 мың КТ мен МРТ жасалды
Медициналық сақтандыру қоры осымен төртінші жыл қатарынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге ақы төлеп келеді.
2021 жылы Алматы қаласы бойынша қос пакет бойынша 186,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оның 109,5 млрд теңгесі ТМККК пакеті, 77,3 млрд теңге МӘМС пакетіне тиесілі.
Қордың Жеткізушілер базасында Алматы қаласы бойынша 317 жеткізуші тіркелген. 10 ақпандағы мәліметке сүйенсек, Алматы қаласында қос пакет шеңберінде 183 денсаулық сақтау нысанымен 179,2 млрд теңгенің келісімшарты бекітілген. Жеткізуші клиникалардың 44%-ы – мемлекеттік, 56%-ы – жекеменшік клиникалар.
ТМККК пакеті бойынша 152 денсаулық сақтау субъектісімен 104,3 млрд теңгенің келісімшарты бекітілген (оның 47% – мемлекеттік, 53% – жекеменшік). МӘМС жүйесінде 163 нысанмен келісімшарт жасалған, келісімшарттың жалпы сомасы – 74,9 млрд теңге (оның 45%-ы – мемлекеттік, 55%-ы – жекеменшік).
Жалпы, сақтандыру – халықтың денсаулыққа жұмсайтын шығындарын қысқартуға бағытталған реформа. Мәселен, МӘМС іске қосылғалы бері бұрын азаматтар қалтасынан төлеп келген бағасы қымбат қызметтер қолжетімді бола бастады. Өткен жылы сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген КТ/МРТ, ПТР сынды т.б. қызметтер саны 2019 жылмен салыстырғанда 3 есе артты. Мысалы, 2020 жылы Алматы қаласында 41 мың 540 КТ/МРТ жасалған. Оған 543,1 млн теңгеден астам қаражат төленді. Сонымен қатар онкологиялық сырқатты анықтау мақсатында жасалатын 7 мың ПЭТ-диагностика қызметі көрсетілген (позитронды-эмиссиондық томография). Оған 1,2 млрд теңге төленді. Емханалар арқылы көрсетілген консультативтік-диагностикалық қызметтің басым бөлігі медициналық сақтандыру есебінен қаржыландырылды.
Қорыта айтқанда, сақтандыру енгізілгелі бері медициналық реабилитацияға, жалпы, медициналық көмектің барлық түріне бөлінетін қаражат көлемі едәуір артқаны байқалады. Мысалы, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру деңгейі 7%, профилактикалық тексерулер 162%, консультативтік-диагностикалық қызметтер 49%, онкогематология 17%, гемодиализ 6%, стационарды алмастыратын көмек 13%, стационарлық көмек 8%, қалпына келтіруге бағытталған ем-дом 63%, паллиативтік көмек 12%-ға өсті.
АЛМАТЫ