Шымкентте коронавирус «бағдаршамы» «жасыл аймақты» көрсетіп тұр. Дегенмен жайбарақат болуға тағы болмайды. Себебі індеттің беті әлі толық қайтқан жоқ. Енді не істеу керек? Әзірге індеттің алдын алудың ең басты шарасы вакцина салдыру мен карантин шараларын сақтау болып тұр.
Осыған орай Шымкентте карантин уақыты 8 наурызға дейін ұзартылды. Бұл туралы Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың жаңа қаулысында айтылды. «Шымкент аумағындағы карантин мен шектеу шаралары 2021 жылдың 22 ақпан сағат 00.00-ден 2021 жылдың 8 наурызы сағат 00.00-ге дейін ұзартылсын», делінген құжатта. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары мен қонақтарына адамдар көп жиналатын іс-шараларды, оның ішінде еске алу, туған күн, мерейтой, құдалық, той және басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ шаһарда 65 жастан асқан адамдардың жиі жүріп-тұруы шектеледі. Әрі тұрғындарға екі метрден кем емес әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде тағу міндеттелген.
Шаһар «жасыл аймақта» тұр деген аты болмаса, COVID-19 індетін жұқтырғандар саны әлі де азаяр емес. Қалада 24 қаңтар мен 19 ақпан аралығында COVID-19 ауруының 6 040 жағдайы тіркелген. Оның 3 075-і симптомды болса, 2965-і – симптомсыз. Жалпы 5 510 адам емделіп шыққан. Сондай-ақ 18 ақпанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 10 жағдай тіркелген. Қазіргі уақытта қалада науқастарды қабылдауға арналған 1 060 төсектік орын бар (жұқпалы – 560, карантиндік – 500). Оның ішінде 890-ы бос. Ал жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 170 науқас ем қабылдауда.
Ғалымдар елімізде салынып жатқан Спутник V вакцинасының оң әсері, пайдасы туралы жиі айта бастады. Жақсы жаңалық санасын қорқыныш билеген ел тұрғындарына сенім мен жігер берді. Осылайша, азаматтар өз еркімен екпе ектіре бастады. Мәселен, Шымкентте 19 ақпанға дейін коронавирусқа қарсы Спутник V вакцинасының бірінші компоненті бойынша ерікті түрде 1 мың адамға екпе салынды. Атап айтар болсақ, екпе алғандар: бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарынан – 472, медициналық жедел жәрдем көрсету мекемесінен – 94, инфекциялық ауруханадан – 54 медицина қызметкері, сондай-ақ басқа ауруханалардан – 298, санитарлық-эпидемиялық бақылау қызметінен – 78 және 4 ерікті қала тұрғыны.
Бүгінде коронавирус инфекциясына қарсы екпе егілген азаматтардың денсаулығы жақсы. Екпеден кейін асқынулар тіркелмеген. Алғаш екпе алған 1 мың адамға 23 ақпаннан бастап Спутник V вакцинасының екінші компоненті салына бастайды. Шымкент қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов осылай деп мәлімдеді. Баспасөз мәжілісінде шаһардың бас дәрігері қаладағы эпидемиялық ахуал мен вакциналау жұмыстары бойынша баяндады.
«Шымкент қаласында коронавирусқа қарсы 1 мың доза Спутник V препаратының бірінші компонентін салу толық аяқталды. Аталған екпені ерікті түрде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары, жедел жәрдем көрсету мекемелері, инфекциялық аурухана және санитарлық-эпидемиялық бақылау қызметкерлері қабылдады», деді Бақытжан Жолдасбекұлы. Басқарма басшысының айтуынша, екінші кезеңде вакцина педагогтерге салынады. Бұл қызметкерлерге отандық Qazcovid-In вакцинасы егіледі.
Қазіргі таңда Шымкентте эпидемиялық жағдай тұрақты. Ауруханаларда төсектік орын жеткілікті. Қоймалардағы дәрі-дәрмек қоры да көңіл көншітерлік жағдайда.
ШЫМКЕНТ