Еліміздің Энергетика министрлігі Ресейдегі газ құбырындағы жарылысқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz
«2021 жылғы 22 ақпанда Ресей Федерациясы аумағында «Союз» магистраль газ құбырының 108-шақырымында жарылыс болды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін «Союз» МГҚ және «Орынбор-Новопсков» МГҚ бойынша газ беру тоқтатылды. Тиісінше, Ресей газ транзиті және Қарашығанақ газын Орынбор газ өңдейтін зауытына жеткізу тоқтатылды», деді ведомство өкілдері.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы тұтынушыларын газбен жабдықтау үшін «Орта Азия-Орталық» магистраль газ құбырынан ресурстарды қайта бағыттау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасында газ тасымалдау жүйесінің барлық объекті штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Жағдай Энергетика министрлігінің бақылауында екен.
Министрлік баспасөз қызметіндегілер газ тасымалы тоқтап қалуынан болған жалпы шығын мөлшері кейінірек есептелетінін хабарлады.
Еске сала кетейік, Ресейден Қазақстанға газ транзиті Орынбор облысындағы «Союз» магистраль газ құбырындағы жарылыстың салдарынан тоқтатылғаны хабарланды.