Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнынан өткен жылы өндірілген мұнай көлемі 26,5 миллион тоннаны құрады.
«Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Кевин Лайонның айтуынша, бұл кен елімізде өндірілген «қара алтынның» 35 процентін құрап отыр.
«Кен орнында үш жыл бұрын қолға алынған Келешек кеңею – Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасының 80 проценті аяқталды. Бағдарлама шеңберінде «Теңізге» түрлі халықаралық айлақтан 408 ауқымды модульді жүк жеткізілді. Кен орнындағы өндірістік қызметтерге байланысты қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған жобаларға 3,1 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалды» деді бас директор Кевин Лайон.
Сондай-ақ компанияның ел бюджетіне тікелей төлемдері 6,6 млрд АҚШ долларынан асты. Кәсіпорын жергілікті қамтушылардан 3,5 млрд АҚШ долларын құраған отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алыпты. Оның 2,4 млрд АҚШ доллары Келешек кеңею – Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасына жұмсалып отыр.