• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Ақпан, 2021

Ақтоты Райымқұлова Сақтаған Тұрлымұратовтың отбасы мен туыстарына көңіл айтты

188 рет
көрсетілді

Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова министрлік атынан танымал театртанушы Сақтаған Тұрлымұратовтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Сақтаған ағамыз саналы ғұмырында мағыналы тірлік кешкен, қазақ театр өнерінің өрісін кеңейтіп, қанат жаюына зор үлес қосқан нағыз майталман қайраткер, болмысы бөлек азамат еді. Ұзақ жыл іргелі өнер ошақтарына басшылық еткен жайсаң жан ұжымды дарынды түлектермен толықтыруға, білікті режиссерлерді қанаттандыруға, талғампаз көрерменге мазмұны мол дүниелердің жол тартуына ерен еңбек сіңірді. Зейнетке шықса да мерзімді басылым беттеріндегі салмақты материалдарымен оқырманды театр əлемінен хабардар етіп отырды.

Өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.

Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын", деді министр.

 

Сақтаған Тұрлымұратов - 1933 жылы 10 тамызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Сұлутөбе кыстағында дүниеге келген. 1955 жылы Ташкент театр-көркемсурет институтының театртану факультетін бітіріп, 1955 - 1960 жылдары Қызылорда облыс аралық концерт-эстрада бірлестігінің көркемдік жетекшісі, 1960 - 1977 жылдары Қызылорда облыстық қазақ драма театрының директоры, 1977-1978 жылдары Қазақ академиялық драма театрының каржы жөніндегі, 1978 -1984 жылдары қазіргі Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, 1986 -1993 жылдары Алматы қаласындағы қуыршақ театрының директоры болып жұмыс істеді. 1956 жылдан театр жайлы мақалалары облыс және республиканың мерзімді басылымдарында жарияланды. 1993 жылдан республикалық дәрежедегі зейнеткер. 1968, 1979 жылдары Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған, 1991 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері" атағын иеленді.