Атырау полицейлері жыл басынан бері заңсыз балық аулаған браконьерлерден 1 тонна 712 келі балық тәркіледі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жайық өзені мен Каспий теңізінде рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді. Мақсат – балық қорына заңсыз қол сұғушыларды анықтау.
«Полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар кезінде браконьерлерден 1 тонна 712 келі қара балық тауып, тәркіледі. Заңсыз балық аулаушылардан 20 мотоцикл мен 2 автокөлік алынды. Қазір құқық бұзушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, «Chevrolet NIVA» қызметтік автокөлігі тоқтатылып, заңсыз ауланған 300 келі сазан тәркіленді. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды.