• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Ақпан, 2021

Синтетикалық есірткілерді ауылда дайындаған топ құрықталды

1035 рет
көрсетілді

СҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткілерді сатып келген отбасын құрықтады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде есірткілік заттар Петропавл қаласында контакт жасау жолымен сатылғаны анықталды. Ал оны дайындайтын үй қаладан 120 шақырым жердегі Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде орналасқан екен. Мұнда синтетикалық есірткіні жасауға қажетті барлық жағдай жасалған. Бөлме желдеткішпен жабдықталған, колба, өлшеуіш ыдыстар, қорғаныс костюмдері мен респираторлар жұмысқа дайын тұрған. Осы криминалдық бизнеспен бірге тұратын еркек пен әйел, сондай-ақ олардың жақын туыстары айналысқан.

Ұстау және тінту кезінде полицейлер шағын дозаларға бөлініп салынған және сатуға дайындалған салмағы шамамен 55 грамм синтетикалық есірткіні тапты. Қаптауға арналған материал, ұялы телефондар, дәріханалық таразы, жазбалары бар дәптер және тағы басқа заттар тәркіленді. Сондай-ақ салмағы шамамен 700 грамм синтетикалық есірткіге ұқсас ұнтақ тәріздес зат алынды. Алынған заттар сот-химиялық сараптамаға жіберілді.

Қазіргі уақытта аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚК 297-бабы бойынша енгізілді. Екі ер адам мен екі әйел ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде.

Жыл басынан СҚО-да 17 кг астам есірткілік зат тәркіленді. 31 есірткі бұзушылығы анықталды. Есірткі айналымына қатысқан 42 адам ұсталды.