• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Ақпан, 2021

Бес жылда бір миллион отбасы үйлі болады

391 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында үш мәселе қаралды. Олар – Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы макроэкономикалық саясаттың 2021-2023 жылдарға арналған шараларын үйлестіру бойынша келісім; Тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері; Орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы.

Үшжақты келісім не береді?

Бірінші мәселе бойынша, Премьер-Министр аталған келісім Үкімет пен қар­жы реттеушілерінің келісілген іс-қи­мылдарын қазіргі жағдайларда қам­тамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру – еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық саясатының негізгі ба­сымдығы. Ол үшін ақша-несие, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды, сондай-ақ қаржы секторын дамыту сая­сатын үйлестіру қамтамасыз етіледі», деді А.Мамин.

Бірлескен шараларды іске асыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. «Макроэкономикалық тұрақ­тылықты арттыру» бағыты аясында төмен инфляция, қаржы жүйесінің тұрақ­тылығы мен экономиканың өсуі ара­сындағы теңгерімді қамтамасыз ете оты­рып, іскерлік белсенділікті ынталандыру бойынша шаралар қабылданады. Инфляцияны біртіндеп төмендету және оны орнықты экономикалық өсімге ықпал ететін төмен деңгейде сақтау жөніндегі жұмыс жалғасады.

«Қаржы нарығын дамыту» екінші бағы­тын іске асыру Қаржы секторын да­мытудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасын қабылдауды көздейді. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын және эконо­миканың өсуін қамтамасыз ету қа­жеттілігін ескере отырып, нарықтық тетіктер негізінде экономиканы банктік кредиттеуді едәуір кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.

«Экономикалық өсімнің ұзақ мерзімді әлеуетін арттыру» үшінші бағыты аясында бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделген экономиканың жа­ңа құрылымын қалыптастыруды ынталандыру, қосылған құнның өңірлік және жаһандық тізбектеріне енгізу бойынша жұмыс жалғасады. Проактивті сыртқы сауда саясатын жүргізу, сондай-ақ ин­вес­тициялардың жаңа толқынын тарту жалғастырылады. «Экономиканың сапалы және орнықты дамуы үшін түбегейлі жаңа институционалдық жағдай жасалады. Бұл жаңа экономикалық жағдайда ха­лықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқаты­ның артуына ықпал етеді», деді А.Ма­мин.  

Премьер-Министр барлық мүдделі мем­лекеттік органдарға Келісім іс-шара­ларының белгіленген мерзімде сапа­лы орындалуын қамтамасыз етуді тап­сырды.

 

Биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

Үкімет отырысында қаралған тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, «Бәй­терек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, «Qazaq stroy» ЖШС атқарушы директоры Нұрлан Артықбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.

Өз баяндамасында Б.Атамқұлов 2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынғанын, 140 мыңнан астам баспана пайдалануға берілгенін атап өтті. Тұрғын үй құры­лысына инвестициялар 2019 жылмен са­лыстырғанда 33,6%-ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады.  Мемлекеттік қаражат­тың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестиция тартылды. «38,4 мың отбасына мем­лекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішін­де 28 мың әлеуметтік тұрғын үй түрін­де және 10,4 мың жеңілдетілген займ берілді. Биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда – бұл 163 мың баспана», деді Б.Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік инвестициялар есебінен кезекте тұрған 31,3 мың адамды қолдау жоспарлануда. 22,5 мың әлеуметтік баспана салы­нып, сатып алынады және кезекте тұр­ған­дарға 8,8 мың жеңілдетілген қарыз­ беріледі. «Кезек мәселесін шешу үшін Мем­лекет басшысы бұған дейін жергілікті атқа­рушы органдардағы тұрғын үй кезе­гін бере отырып, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізін­де «Отбасы банк» толыққанды даму және қолдау институтын құруды тапсыр­ған болатын. «Отбасы банк» жұмысы­ның негізгі қағидаты, әсіресе халық­тың әлеу­меттік осал топтары үшін тұр­ғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады», деді Б.Атам­құлов.

«Отбасы банк» базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орта­лық» құрылады, ол тұрғын үйге мұқтаж­дарды есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес тұрғын үйді кезекке қою күні бойынша бөлуді орталықтандырып жүзеге асы­ратын болады. «Тұрғын үймен қамта­масыз ету орталығының» базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерек­қор­ларымен интеграцияланады. Сонымен қатар министр атап өткендей, базаға қайта енгізуге жол берілмейді, азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төр­ағасы Айдар Әріпханов өңірлерде қар­жы­ландыру көлемінің ұлғаюына назар аударды. А.Әріпхановтың айтуынша, кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша әкімдіктер айналымында қазір 387 млрд теңге бар. Құрылыс көлемін ұлғайту үшін Бірыңғай оператор нарық жағдайында қосымша 61 млрд теңге тарта алады. «Тартылатын қорландыру қаражатты ағымдағы көлемдермен микширлеуге бағытталады, бұл әкімдіктердің облигацияларын жылдық 4,25% бірыңғай мөлшерлеме бойынша сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл қаражат айналымын 448,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға, 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік береді», деді А.Әріпханов. 

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыру туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова өз кезегінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шаралары туралы хабардар етті. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде 2019 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде жасалған шарттардың саны 407 мыңнан 486 мыңға дейін, яғни 19%-ға өсті. Осы кезеңде жүйеге қатысушылар саны 1 553 мыңнан 1 862 мыңға дейін, немесе 20%-ға өсті. Мемлекеттік бағ­дарлама іске асырыла бастағаннан бері «Отбасы банкіне» тұрғын үй заемдерін беруге 310 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2020 жылдың тамыз айында «Шаңырақ» бағдарламасына 90 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 202 млрд теңге, оның ішінде наурыз айында «Шаңырақ» бағдарламасына 120 млрд теңге алу жоспарланып отыр.

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр тұрғын үй саясаты мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін және баяндамашылардың ұсы­ныс­тарының тұрғын үйдің, әсіресе халық­тың әлеуметтік осал топтары үшін қолжетімділігін арттыруға бағыт­тал­ғанын атап өтті. «Қабылданып жатқан шаралар арқылы ел экономикасының өсуіне оң әсер ететін құрылыс индус­трия­сының жандануын болжаймыз. Қажетті құқықтық өзгерістер, сондай-ақ Үкіметтің ұзақ мерзімді жоспарла­рын ұлттық жобаға айналдыру қарас­ты­рылған», деді Р.Скляр.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Тұрғын үй сая­сатын тиімді іске асыру Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2030 жылға қарай баспанамен қамтамасыз етуді 1 адамға 30 шаршы метрге дейін жет­кізу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Nur Otan партиясының сайлауалды бағ­дарламасын таныстырған кезде алдағы бес жылда 100 млн шаршы метрден астам үй салуды тапсырды. Осылайша, біз 1 млн-ға жуық отбасын үймен қам­тамасыз ете аламыз», деді А.Мамин.

Премьер-Министр алға қойылған ау­қымды міндеттерді іске асыру үшін тұрғын үй саясаты реформала­ну үстінде екенін атап өтті. Жаңа шаралар кешені тұрғын үйдің қолже­тім­ділігін одан әрі арттыруды, жалға бері­летін тұрғын үй құрылысына жеке құ­рылыс салушылардың инвестиция­лар ағынын ынталандыруды көздейді. Нарық жағдайында тұрғын үйді қар­жыландыру көлемін арттыру бойынша тәсілдер әзірленді. Бұл жұмыстың негіз­гі құралы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында жеңілдікпен беріле­тін тұрғын үйлерді сата отырып, мұқтаж аза­маттардың кезегін орталықтан қалып­тастырып, жүргізетін «Отбасы банк» құ­рылған. Биыл барлығы 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген, бұл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда шамамен 2 млн шаршы метр­ге артық.

Импортталатын құрылыс материал­дарының отандық өндірісін дамыту аясында жақын арада газ-бетон блоктарын, қасбеттік фиброцементті плиталар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер, темір-бетон конструкцияларын, керамикалық плиталар өндіру бойынша жалпы құны 63 млрд теңгеден асатын жеке инвесторлардың жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.

Премьер-Министр осы жылдың 25 нау­рызына дейін тұрғын үй саясатын­дағы жаңа тәсілдерді іске асыру және биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламасына тиісті өзгерістер енгізу үшін заңнамаға түзетулер енгізу туралы заң жобасын Үкіметке енгізуді тап­сыр­ды. «Өңірлерде құрылыс маусымын уақтылы бастау маңызды. Жер учаске­лерін дер кезінде бөліп, оларға қажетті ин­фрақұрылым жүргізу керек», деді А.Мамин.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Атамекен» ҰКП-мен бір­лесіп, осы жылдың 15 наурызына дейін құрылыс индустриясын дамыту жө­ніндегі іс-шаралардың егжей-тегжей­лі жоспарын әзірлеп, Үкіметке енгізу тапсырылды.

 

Су тасқынына дайындық

Үкімет отырысында су тасқыны ке­зеңіне дайындық мәселесі қаралды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар ми­нистрі Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев, Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин «Қазгидромет» РМК-нің өзен бассейндеріндегі қар қорының көлемі бойынша алдын ала жасаған болжамдары кезеңнің қолайлы жағдайда өтетіндігін білдіретінін айтты. Бірақ қардың қарқынды еруі және қатты жауын-шашын болған жағдайда бірқатар өңірде су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін.

Қазіргі таңда ірі су қоймаларының орта­ша толымдылығы 70-75%-ды құрай­ды. 6 мың су шаруашылығы құрылыс­тарының 500-ге жуығын жөндеу қажет. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы бекітілді, оны іске асыруға 160 млрд теңгеден астам қаражат бөлу жос­парлануда.

Алдағы су тасқыны кезеңіне дайын­дық аясында өңірлік деңгейде төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырыстары өткізілді, жанар-жағар­май, инертті материалдар мен қап қор­лары қалыптастырылды, шұғыл шығындарға арналған төтенше резервтер қарастырылды, саны 38 мыңнан ас­там адам, шамамен 13 мың бірлік тех­ника, 500-ден астам жүзу және 2500-ден астам су айдайтын құралдан тұратын азаматтық қорғау құралымдары айқындалды. Елді мекендерден 13 млн текше метрден астам қар шығарылды.

Наурыз айының басында «Көк­тем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда, оның барысында Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің дайын­дығы тексеріледі. ТЖМ авария­лық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобын құрды, атап айтсақ, 10 мыңнан астам қызметкер, 1800-ден астам техника, 27 тікұшақ, 330 жүзу құралы және 1,3 мың мотопом­па дайын. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде 3 мың адамға арналған шатырлы лагерьлер дайындалды, Қаз­авиақұтқару әуе кемелері тұрақты дайындықта тұр.

Су тасқынының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсеткен А.Мамин бір ай ішінде гид­ротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімдерін және суқоймаларын тол­ты­рудың қауіпсіз көлемін анықтауды тапсырды. Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар жә­не Солтүстік Қазақстан облыстарының әкім­діктеріне заңнамаға сәйкес қарау­сыз жатқан гидротехникалық құры­лыстар бойынша меншік құқығын беру мәселесін аяқтауды міндеттеді. Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне автомобиль жолдарында су басуға жол бермеу, көпірлер мен су өткізу құрылыстарын уақтылы дайындау тапсырылды. «Өңірлердің әкімдері қар шығару, арықтарды, нөсер кәріздерін тазарту, уақытша жер үйінділері мен бөгеттерді тұрғызу жұмыстарының, оның ішінде ауылдық елді мекендер мен тұрғын үй алаптарында уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет», деді А.Мамин.

Төтенше жағдайлар министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, тиісті жедел штабтар құру, алдағы су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдардың дайын болуын және су тасқыны қаупі болуы мүмкін кезде халықты уақтылы ха­бар­дар ету тапсырылды. Үкімет бас­шысы су басу қаупі мен туындауы кезін­дегі іс-қимыл ережелеріне сәйкес халықты ақпа­раттандыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.