Қостанай облысының медицина қызметкерлеріне Сovid-19 вирусына қарсы екінші рет вакцина егу басталды. Бұған дейін өңірдегі емдеу мекемелерінің, жедел медициналық көмек қызметкерлері мен жансақтау, қарқынды терапия бөлімшелерінің, сондай-ақ санэпидқызмет мамандары вакцина қабылдаған болатын.
– Індетке қарсы вакцина екі мәрте салынуы тиіс. Ақпан айының басында облыстың 1 200 медицина қызметкері бірінші вакцинаны алды. Енді олар араға 21 күн салып, екінші рет екпе қабылдап жатыр, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Өңірде Covid-19-ға қарсы екпе жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Медицина қызметкерлерінен кейін кезек вирус жұқтыру қаупі жоғары санатқа жататын мұғалімдерге келеді. Одан кейін жаппай тегін екпе басталады. Бұл кезеңде екпені әркім өз қалауы бойынша қабылдай алады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, алдағы аптада Қостанайға 4 500 вакцина құтысы келеді. Оны басқарманың жауапты бөлімі қабылдап алып, арнайы тоңазытқыштарға салып облыс емханаларына жөнелтеді.
Коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі штабтың мәліметінше, 20 ақпанда өңірде COVID-19-дың 69 жағдайы тіркелген. Індет жұқтырғандардың көбі – облыс орталығының тұрғындары. Одан кейінгі орында Рудный, Жітіқара, Лисаков қалалары тұр. Алтынсарин, Денисов аудандарында да індет жұқтырған бірлі-екілі науқас тіркелген. Жалпы, аймақта былтырғы 3 сәуірден бері 11 851 адам індет жұқтырып, 10 325 науқас емделіп шыққан.
Қостанай облысы