• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 24 Ақпан, 2021

Індеттің таралуын тосқауыл тізгіндейді

343 рет
көрсетілді

Жұқпалы індеттің жаппай таралуы бәсеңдегенмен, босаңсуға әлі ерте. Өйткені қауіпті вирустан зардап шеккен науқастардың жағдайы өңірлердегі алдын алу мен сақтық шарасына немқұрайлы қарауға болмайтынын көрсеткендей.

Мәселен, Алматы облысында коронавирус індетіне шалдыққандардың жалпы саны 9 781 адамға жетті. Оның ішінде 3 976 науқастың қауіпті вирус­ты тасымалдаушы екені анықталды. Қуаныштысы, дер кезінде жасалған шаралар індеттің жаппай таралуына тосқауыл болып, науқастардың сауығып шығуына жәрдемін тигізді. Осы жерде жетісулық дәрігерлер мен санитарлық қада­ғалау қызметі мамандарының ең­бе­­­гіне ерекше ризашылық білдірген орынды.

Қазір өңірдегі эпидемиялық жағдай тұрақты. Облыс «жасыл аймақта». Соңғы екі апта аралығындағы індет­тің анықталу деңгейі 0,8 пайыздан тө­мен­деп, 0,6 пайызды құрады. Жағ­дай­дың тұрақтануы шектеу шараларын жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.

– Мешіттердің 30 пайызға дейін жамағат жинауына рұқсат етілді. Яғни құлшылық орындарында 100 адамнан аспайтын топпен намаз оқуға болады. Оның ішінде ауылдық жерлерде жұма намазы оқылады, бірақ адам саны 150 келушіден аспауы тиіс деген талап бар. Ал карантин талаптарына сәйкес орын саны 50-ден аспайтын қоғамдық тамақтану нысандары жұ­мыс істеп жатыр. Сонымен қатар аял­дамалар мен қоғамдық көліктерде азаматтардың жаппай жиналуын болдырмау мақсатында адам саны 250 жұмысшыдан асатын жұмыс орындарына қызметкерлерді тасымалдау үшін мекеменің қызметтік көлігін пайдалану ұсынылады. Штат кестесінде 30-дан асатын қызметкер болса, олардың 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Біз осындай шара арқылы індеттің таралуын тоқтата аламыз, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Шарапиев.

Коронавируспен күреске жаппай жұмылған облыс дәрігерлері туралы айт­қанда ауылдағы ақ желеңді абзал жандардың еңбегіне ерекше тоқталуы­мыз керек сияқты. Өйткені пандемия кезінде шалғайдағы емханалардың мүм­кіндігі мен мамандардың біліктілігі бірінші сынға түскені белгілі. Бұл емха­на­лардағы жағдай орталықтағыдай жо­ға­ры деңгейде болмаса да, науқасқа кө­мек беру тұрғысынан алғанда ерлікке бергісіз еңбек жасалғаны анық. Сондай ұжымның бірі – Талғар ауданы Панфилов ауылындағы аурухананың дәрі­герлері. Індеттің бірінші толқы­нын­да провизорлық орталық қызметін атқарған медицналық мекеме қазір инфекциялық бөлімше ретінде жұмысын жалғастыруда. Мұнда 60 төсектік орын бар. Осы сәтте коронавирус індетіне шалдыққан 49 науқас ем қабылдап жатыр.

– Біздің аурухана бір жыл бұрын коронавирус індетімен күресу мақсатында қайта жасақталып, жедел қызмет көр­се­туге кірісті. Демек, ауылдағы ауруха­на ретінде тоқтаусыз жұмыс істеп, жылға жуық уақыт бойы қауіпті вируспен кү­ре­сіп келеміз. Былтыр наурыз айынан бастап қыркүйектің ортасына дейін провизорлық бөлімше болдық. Одан бері инфекциялық бөлімше ретінде нау­қас­тарды емдеудеміз. Бүгінде бө­лім­ше­де­гі 49 науқасқа вирусты өкпе қабыну деген диагноз қойылып, ем-шара жасалуда. Олардың арасында 7 науқастың ПТР талдауының қорытындысы оң нәти­же көрсетті, олар оқшауланған. Ал жағдайы ауыр 5 науқасты аудандық ауру­­хананың жансақтау бөліміне жө­нелт­тік, – дейді Панфилов ауылдық ауру­ха­насы бас дәрігерінің орынбасары Зухра Тілепбергенова.

Бұл бөлімшеде алғашқы көмек көр­сетуге қажетті медициналық құрал-жаб­­дық­тың барлығы бар. Мұнда өк­пені жасанды желдететін 3 аппарат пен 8 оттегі конденсаты іске қосылған. Дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Бө­лімшедегі 8 білікті дәрігер мен 12 мейірбике адам жанына араша түсуге әр­қашан дайын. Жалпы, осы шағын бөлімшеде өткен мерзімде 619 науқас емделіп, індеттен құлан таза айығып шыққан екен.

 

Алматы облысы