• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Театр 24 Ақпан, 2021

Елең еткізген «Екеуміз»

1136 рет
көрсетілді

Жақында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрында бірден төрт жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Көрерменге күн сайын жаңа премьера ұсыну дәстүрі әкемтеатрдың өзі түгіл, қазақ театр әлемінде бұрын-соңды болмаған жаңалық. Театрдың Үлкен және Кіші залында қойылған спектакльдер тақырыбы, көтерген мәселелері, жанрлық ерекшеліктері жағынан әртүрлі болды. Сол тамашалаған төрт қойылымның ішінен белгілі мәскеулік драматург Олжас Жанайдаровтың «Екеуміз» пьесасын бөле-жара қарастырып, сыншылар көзқарасымен арнайы сөз етуді жөн көрдік.

Оның түрлі себебі бар. Бірін­шіден, Олжас – талғамы биік өнер ортасында жарқ етіп көзге ерте түскен, дәстүр мен жаңашылдық тайталасы қыз-қыз қай­нап жататын Мәскеудің өзінде жаңа көзқарасты кәсіби түрде орнық­тыруға күш салып жүрген, есімімен ел санаса бастаған жас драматург. Екіншіден, әр жазғаны дүмпу туғызып, Ресей әдебиеті мен драматургиясын «дүрілдетіп» жүрген «бүлікшіл» автор – қазақ баласы. Ең бастысы, оның туындысы туған жер топырағында алғаш рет таныстырылып отыр.

Жастар арасындағы желік сезімді, тұрақ­сыздықты, қызға­нышты, жалпы, бүгінгі күннің сипатын беруге тырысқан пьеса жазылуы­мен де, қойылуымен де өзіне дейінгі спектакльдер­ді қайтала­майтынын алғашқы минуттарда-ақ аңғартты. Сахнада сұрқай өмірдің көрінісін­дей бір тегіс сұр киім киген жас әртістер сөзден гөрі өз әлемінің үнсіздігіне бағынған. Күңгірт түс және көңілсіз өмір. Пластика және диалог. Үйреншік­ті композиция, фабула, оқиға өрістеуі, құнар­лы тіл дегеннің бірі жоқ, мейлінше минимализм­ді үлгі тұтқан сахна мағынасыздыққа толып кеткендей, көрерменнің өзі жанұшырып бір сәуле іздей бастағанын сезеді. Сол сәуле шындық болып әр тұстан бір жылт етіп көрінген сайын демін ішіне тарта түседі. Сірә, «Екеумізді» қойған Неміс театрының бас режиссері Наталья Дубстің мақсаты сол – көрерменнің ойы мен сезімін тығырыққа дейін апарып тірегісі келген болса керек, сахнадағы әртістерге күрделі трюктер жасатып, драматизмді қоюланды­ра түседі. Спектакль аяқталған соң бас «басқа жаққа» қарап қалғандай, санадағы стеоротип соққы алғандай, не болғанын ұғынуға дәрмен­сіз күй кеше тұрып, соны пішіндегі «нью» жанр ұсыну арқылы Әуезов театры өз сахнасына ғана емес, жалпы ұлттық театр әлеміне батыл өзге­ріс жасауға ниетті екенін аңғартты. Алыс Еуропа елдеріндегі театрлардың бірі сахналап жатса, тап осы еркіндік жарасып тұрар ма еді, ал қараңғы жерде, қалың орындық­ты қаптата тізіп тастап, арасында «оқиға өрбі­тіп» жатқан кейіпкерлердің өмірде қалай қара­дүр­сін, қарапайым сөйлесе, дәл сондай үлгідегі үзік-үзік диалогтарын «көргені классика» қазақ көрер­мені қалай қабылдайды? Бірақ «қабылдамай­ды» деп жаңалық атаулының кеудесінен ите­ріп, қарсыласа беретін болса, деңгейдің өсуін, сахна реформасын қазақ көрермені әлі қанша жыл күтуі мүмкін? «Көрерменнің тал­ғамы төмен, деңгейі өспейді» деген кінәнің тағылғанына ­қай заман, алғашқы қарлығашындай болып ­жеткен «Екеуміз» талғам тәрбиелеуге түрткі бола ­ала ма?

Амангелді МҰҚАН,

өнертану кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлі­мінің меңгерушісі:

– 2009 жылы «Премьера.txt» дра­ма­тур­гиялық жүлдесінің Лонг-лист тізіміне еніп, «Ер­кін тақырыпқа жа­зылған пьеса» номинациясының же­ңім­­­­­пазы атанған бұл туынды – Олжас Жа­­най­даровты драма­тург ретінде орыс тілді қа­лың көпшілікке танытқан ал­­ғашқы туындыларының бірі. Алғаш жа­зылып, жүлде ал­ған туындылардың сах­на­ға жолы болмай шаң басқан қал­пы сөреде жатып қалатыны қан­шама. Ав­тордың мойында­уынша, ұмытылып бара жат­қан алғашқы драмалық төл туындысының қазақ кө­рер­­меніне жол тартуы жа­ғым­ды жаңалық болған. Ав­тор пьесада қоғамдық ортада, бүгінгі адамдар арасында жиі кездесетін қарапайым жан­дардың өзін және өзгелерді танып-білуі, жаныңа жақын адамдармен шұрқыраса түсі­ні­суі мен көрместей болып ажы­расуға бастайтын жолды, бірі екіншісін сүйе тұрып бақытты болуға ұмтылған әре­кеттерінің жартасқа соғылуы секілді жастар ара­сындағы түсініспестіктің тамырын кө­рер­меннің алдына тартады. Бірін-бірі түсіне алмай, өз се­зімдеріне иелік етуге ұмтыл­ған­дардың махаббат үшін кү­ресі немесе алғашқы сезім ба­сылып, прозаға айналған кез­­дегі сүйіктісінің махаббатты, ішкі үйлесімділікті түсіну жол­­дары сөз болады. Әркім өз жолын таңдауға еркі бар және бұл пьеса кейіпкерлерінің бірі құлай сүйіп, қанша жалбарынып «қоштасқым келмейді...» дегенімен, екінші тарап өз­дері қалаған «дұрыс» жолды таң­даудағы еркін және таңдауын көрсетеді.

Спектакльді театрдың үлкен сахнасына қойған Алматыдағы неміс теат­рының бас режиссе­рі Наталья Дубс пьеса мәтінін өзінше оқып, спектакль жасауда өзіндік көзқараспен келген. Оның режиссерлік қолтаңбасы батыстық зама­науи театр эстетикасымен суарылып, неміс режиссерлік мектебінің ізін байқауға болады.

Қойылымға театрдың жас буын актерлер құрамы тар­тыл­ған. Барлық кейіпкерлер мен оқиға өтетін орны шартты түрде алынған. Режиссер спектакль кілтін табуда плас­ти­калық шешімге баса мән бер­гендіктен, актерлердің сах­налық әрекетіндегі музыкалық не­месе құрғақ есеппен жасалатын ырғақ­ты қимыл, ан­самбльдік біркелкі іс-қимыл­дар­мен көрінеді. Әрбір қыз кейіп­керлерді екі актрисадан, жігіт кейіп­керлерді үш актер орындайды. Катя­ның рөлін – Ажарлым Бақытжанова мен Мадина Келгенбай, Азаматтың рөлінде – Қуаныш Бейсеғалиев, Әділет Базарбай және Нұрғиса Қуанышбайұлы, Лена – Әсел Сайлауова мен Захира Ра­қым­жан, Саша – Ғалымбек Ос­панов, Азат Тұрарбеков, Ришат Жұрынбай. Пьесаның өзге ке­йіпкерлері: Іскер еркек, блондинка, қайыршы бала, дая­шылар, жас қыздар, кафеге келушілер мүлдем қысқарып, негізгі қыз бен жігіт бейнесінің жиынтық келбетін жасайды. Олардың аты да шартты түрде, сен, мен, ол, олар болып арамызда жүргендер. Сахнадан солардың өмірі көрсетіліп, көрермен залындағы соларға қарата ойдың екінші ұшын тастайды. Кім не түйді? Қандай сұрақ туындады? Қандай жауап алды? Мұның бәрі көрерменге қойылатын сұрақтар.

 

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

театр сыншысы:

– Кеңес өкіметі тұсында театр­ға идео­логия құралы ре­тін­де қарайтын. Ал нарық­тық эко­­номика, нарықтық қа­рым-қатынас театр тек идеология құра­лы ғана емес, сонымен қа­тар өнді­ріс екенін көрсетіп отыр. Әлемдік театр­лық үде­ріс­­те орын алған осы үрдіс­тен қазақ өнер ұжымдары шет қал­ған жоқ. Театр заман талабымен бірге аяқ алып жүруі тиіс. Сондықтан М.Әуезов атындағы ұлттық драма театры ұсынған «Екеуміз» қойылымы әлемдік сахна өнері тенденцияларына жауап берген туынды. Өнерде­гі пост­модернистік құбылыс­тар театрларда осы тақылеттес қойылымдардан анық байқа­лып отыр. Театрлық дискурс көрер­менді философиялық те­рең ойлар­дың тұңғиығына ба­тырмай-ақ, жас­тардың бү­гін­гі тыныс-тіршілігін шы­на­йы­лықпен жеткізеді. Қазіргі театр бейвербалды әрекеттер (дене тілі), хорео­графиялық би элементтерін кеңінен пайдалану арқылы оқиғаның мәнін ашуға бағытталған ғой. Соны режиссер Н.Дубс пен қатысушы актерлер мықтап ұққан. Жас драматург Олжас Жанайдаровтың «Кафедегі екеу» пьесасын не­гізге ала отырып, олар өзіндік ізденісі арқылы сол дра­маның бір интерпретациясын ғана жасап отыр. Енді спектакльде жас­тар тақырыбын көтеру арқылы оларды толғандырып жүрген отбасы, махаббат, перзент сүю мәселелерін бірінші планға шығарған. Спектакльдың идеясы – қазіргі отбасылық құн­­дылықтардың құлдырап, адам­дардың бір-бірін түсінуі, ұғынуы ұшығып кеткенін көр­сету деп таныдық. Өмірді әлеу­меттік желідегі қысқа хабар сын­ды қабылдайтын жастар­дың өзіндік «мені» жоғалып, рухани құндылықтардың өл­­ше­мі өзгергенін театр ті­лін­де жеткізуді көздеген. Шын мә­нінде, бұл мәселе күл­лі әлемді тол­ғандырып отыр­ға­ны рас. Сон­дықтан режиссер мен шы­ғар­машылық топ осы мақсаттың үдесінен шық­қан деп сеніммен айтамыз. Спек­такльден әр кө­рермен өзіне керегін алып шық­қаны сөзсіз.

 

АЛМАТЫ